Іргетасы 1868 жылы қаланған Түркістан облыстық клиникалық ауруханасы жыл сайын 34 мыңдай пациентті стационарда емдесе, оның ішінде 17 мыңдай науқасқа ота жасалады.
Облыстық аурухананың 155 жылдығы тойланды
685
оқылды

Бұл туралы аурухананың 155 жылдық мерейтойына арналып, Түркістан қаласында өткен «Ғасыр­лық дәстүрлер мен жаңа техно­логия­лар – пациенттердің денсау­лығы мен сеніміне апаратын жол» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конферен­циясы барысында белгілі болды. 

Түркістан төріндегі конференцияның өткізілу мақсаты – мамандар арасында тәжірибе алмасу, халықтың денсаулығын сақтауға ықпал ететін жаңа медициналық білім мен технологияларды әзірлеу және нақты клиникалық практикаға енгізу бойынша өз жетістіктерінің нәтижелерін ұсыну, одан әрі дамудың маңызды жол­дарын белгілеу.  

Алыс-жақын елдерден келген меди­цина саласы майталмандарының қаты­суы­мен өткен конференцияның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімі­нің орынбасары Бейсен Тәжібаев көп­шілікті құттықтады. Бейсен Дәулетұлы облыстық клиникалық ауруханасының тарихы тереңнен бастау алатынын және өңірдегі медицина саласының бүгінгі жағдайы туралы айтып берді.

– Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының 155 жылдық мерекесіне арналған халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференцияға қош келдіңіз­дер! Бұл аурухананың тарихы тереңде. 1868 жылы Шымкент қаласында әскери бөлім жанындағы шағын емхана ашы­лып, 1947 жылы облыстық ауруханаға айналды. Қазір 800 төсек-орындық ауруханада 1 700-ден астам қызметкер бар. Олар Түркістан облысының тұрғын­дарына амбулаториялық және стацио­нарлық медициналық көмек көрсетуде. Мұнда білікті дәрігерлеріміз жыл сайын 34 мыңдай пациентті стационарлық емдесе, оның ішінде 17 мыңдай науқасқа ота жасалады. Облыс әкімі Дархан Аман­гелдіұлының тапсырмасымен меди­цина саласына тұрақты қолдау көрсетілуде. Облыс бойынша 25 мың дәрігер және осы сала өкілі ел денсау­лығын түзеу жолында еңбектенуде. Соңғы жылдары облысымызда түрлі аурудан болатын өлім-жітім және ауру­шаңдық төмендеді. Үш жылда облыста ана өлімі 70 пайызға, нәресте өлімі 11 пайызға төмендеді. Ана мен бала аурушаңдығын төмендету мақсатында медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуеті, жарақтандыру деңгейі көтерілді. Жалпы, медициналық мекемелерге за­ман­ауи құрылғылар алынуда. Түркістан облысы бойынша, жалпы құны 184,6 млрд теңге құрайтын 6 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда. Биыл «Ауылда денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясын­да Сарыағаш және Жетісай аудандық ауруханаларын күрделі жөндеуден өткі­зуге қаржы бөлінді. Өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында бой көтереді. Біз медицина саласына қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Ұлт саулығы жолында аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағын­дыра беріңіздер, – деді Бейсен Тәжібаев.

Маңызды жиында білікті дәрігерлер, профессорлар медицинаның түрлі сала­сы бойынша мазмұнды баяндама жасап, мәселелерді талқылады. Емдеу саласын­дағы тың жаңалықтарды жариялады. Сонымен бірге үздік медицина қызмет­керлеріне түрлі марапат тапсырылып, құрмет көрсетілді.

Конференцияның екінші күні ше­тел­дік медицина орталықтары өкіл­дері­нің қатысуымен Облыстық клиникалық ауруханасы мен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ғимараттарында хирургиялық және терапиялық бағыттар бойынша мастер-класстар өткізілді.

Түркістан өңірінде дәрігерлер тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен 2023 жылы 60 грант бөлінді және алдағы үш жылда рези­дентураға бөлінетін грант санын 70 пайызға арттыру жоспарлануда. Ауылда жұмысқа орналасқан медицина қызмет­керлерін қолдау мақсатында 21 жас маманға 1,5 миллион теңге көлеміндегі әлеуметтік қолдау көрсетілді.

Келесі жылға ауылдық жерлерде жіберілген жас мамандарға қолдау қаржысы ұлғаяды деп жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар мен Денсаулық сақтау министірлігі бірлесе жұмыс атқарады. Келер жылға білім гранттары жүйеленеді. Әрбір жоғарғы оқу орындарының студенттерімен келісім жасалып, оларды нақты белгілі бір өңірдің қажеттілігіне қарай оқыту жоспарлануда.

Елімізде пандемия кезеңінде облы­сы­мыздағы медициналық қызметкер­лердің шет елдерде білім жетілдіру мәселесі тұралап қалды. Осы мақсатта биыл 200 млн теңге көлемінде қаражат қаралды. Осы арқылы медициналық қыз­меткерлер шет елдерде, атап айтқан­да Швейцария, Германия, Франция, Турция, Ресей елдерінде білім жетіл­діре­ді. Аталмыш бастама алдағы жылдары жүйелі түрде ұйымдастырылып, қаржы­ландыру көлемі артады деп күтіліп отыр.

Тельман БЕЙСЕН,

Түркістан облысы