Абайтану ғылымының не­­­­гізін қалаған ұлы жа­зушы Мұхтар Әуезов болса, оны әрі қарай жалғас­ты­рып, бо­лашақ ұрпақтардың ру­хани қазы­насына айналдырып, ұлылар ту­ған жерге алғаш­қы­лардың бірі болып, іргетасын қа­­­лаған «Абай­тану», «Мұхтартану» ілімдерін болашақ ұрпақ бойына сіңіріп, са­насына жеткізе білген Кәмен Оразалиннің еңбегі ерекше.
Дана Мұхтардың дара шәкірті
2,176
оқылды

Мәдениет министрлігінің бұйры­ғы­мен 2022 жылы М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына орай К.Оразалиннің музей-үйі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әде­би-мемориалдық музей-қорығының бір бөлімі болып ашылды. К.Оразалиннің ар­тында қалған мұраларын, өміріне қа­тысты құнды дүниелерін ұрпағы Елдар Кәменұлы арқылы есепке алып, зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында әке­сінің кеңесімен 1950 жылы салған үйіне қайта жөндеу және экспозициялық жұмыстар жүргізіліп, Кәмен Ораза­линнің музей-үйі болып 2022 жылы қа­ра­шаның 11-де ашылған болатын.

Кәмен Оразалин 1920 жылы маусым айының 16 жұлдызында Абай ауданы Құн­дызды ауылының Қылышбек жай­лауында дүниеге келген. 1929 жылы осы ауылдағы «Ақтас» бастауыш мектебін бі­тіргеннен кейін Қарауыл ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 4-ші сы­ныбын, одан кейін 5-6-шы сыныпты Ая­­­­гөз ауданы Сергиополь қаласындағы Сабыржан Ғаббасов атындағы мекте­бін бітіреді. Әрі қарай Кәмен Ораза­лин орысша үйрену үшін Семей қала­сына ауысып, 1936 жылы Жаңа Се­мей­­ден 7 жылдық мектепті аяқтап, 1939 жылы Семей қаласындағы №11-ші мек­тептен 10 жылдықты тәмәмдап, орта білім алып шығады.

Кәмен мектепте оқып жүргенде-ақ, баспа беттерінде өлеңдері шыға бастай­ды. Семей облыстық «Екпінді» газетінде 1938 жылы «Күзетте» деген алғашқы өлеңі, 1939 жылы Абайдың дүниеден өт­ке­­­­ніне 35 жыл толуына орай ұлы ақын­ға арнаған «Данышпан ақын» атты өлеңі басылады. Сондай-ақ, «Ленинге», «Көк­тем», «Жамбыл атаға», «Тойға шашу», т.б. өлеңдерімен «Жастардың сыры» әң­гіме­лері баспа беттерінде жарық көрді.

1939 жылы К.Оразалин әскер қата­рына шақырылып, Краснояр қаласын­дағы №365-ші атқыштар полкінін жа­уын­гері қатарына алынады. Сол ке­­­­­зең­де­гі әскери тәртіп бойынша, әскер қатарына алынған жауынгерлерге ұрыс болған жерді көрсету арқылы өз Отан­дарын қорғауға деген патриоттық се­зім­­де­­рін оятқан. 

1940 жылы Омбы облысының Ишим қа­ласындағы полковой школды бітірген сон, Кәмен сержант атағын алып шы­ғады. Сол жылы Финляндия мен Кеңес Одағының арасында соғыс басталған-ды. Осы соғысқа үлкен дайындықтан өткен, бойшаң және шаңғы тебуді жақ­сы біле­­тін, суыққа төзімді Сібір әскерле­­рінен жа­сақталған №365-ші полк қата­рында К.Оразалин де фин соғысына ат­­­танады. Кәмен өзінің полкімен қыр­ғын соғыс бол­ған «Линя Маннергей­ма» бекінісінде болады. Бірақ Финляндия­мен соғыс ұзақ­қа созылмай аяқталады.

1941 жылы наурыз айында К.Ора­залин Новосібір қаласында бөлімше ко­ман­­дирі бола жүріп, Сібірдің әскери округінің отандық тексеруіне ілінеді. Сі­­­­­­­бір­дің жаяу әскерлерімен оның бөлім­шесі ғана бүкіл тексеруге түседі. Ұлы Отан соғысы алдындағы бұл тексеруде бөлімше командирі сержант К.Оразалин Қызыл Армияның отандық тексе­­ру­лерінің тарихында сирек кездесетін көр­сеткішке жетеді.

Адамдарды тәрбиелеудегі К.Ораза­линнің іс-тәжірибесі Сібірдің округтік «Красноармейская звезда» газетінде жа­рияланады да, осыған орай 1941 жылы 18 сәуірде генерал-майор П.Глинскийдің «Огневую подготовку – на уровень тре­бований народного комиссара обороны» атты мақаласы жарияланады. Онда сая­си және ұрыс дайындығының үздігі кіші командир К.Оразалиннің Қызыл Армия жа­уынгерлерін тәрбиелеуге қосқан үле­сіне ерекше баға беріледі. Сондай-ақ К.Ора­залин Сібірдің көптеген қала­сын­дағы горнизондарда сөз сөйлейді. Бар­­­­лығы «Отклики на сержанта това­рища Оразалина» деген атпен күнделікті жа­рия­­­­ланып тұрады. 

 1941 жылы аға сержант атағына ие бол­ған К.Оразалинді әскери басшылық өз полкінен ауыстырып, Новосібір қала­сындағы №418-ші атқыштар полкінің взвод командирі етіп тағайындайды жә­не сол жерден тура ұрыс майданына ат­танады.

 Алғашқы күннен бастап, Кәмен Сі­бір әскерлерінің құрамында взвод ко­мандирінің орынбасары болып, Днепр жағасындағы фашист әскерлерінің жан­түршігерлік шабуылдарына қаты­сып, қарсы тойтарысқа ат салысады. Кескі­лескен ұрысқа кірер алдында «Бір де бір адым шегінбеуге» ант бере отырып, 1941 жылдың 10 тамызында ВКП(б) Орталық Комитетінің шақыруына орай К.Оразалин партия қатарына өтеді. Соғыста сержант, аға сержант, старшина, взвод командирі шеніне дейін көтеріледі. 

 1941 жылдың 21 қазанында жаумен бетпе-бет келген ұрыста жанқиярлық ер­лік көрсетеді. 23 қазан күні «Правда» газетінің № 251 санында «За нашу по­беду!» деген атпен комсомолдар мен жас­тарға арнаған отанды неміс бас­қын­шыларынан қорғауға және қарсы тұ­руға шақырған үндеу хаты жария­ла­нады. Сол жолы жаумен кескілескен ұрыс­та Кали­нин қаласының маңындағы Кисилев де­­рев­нясында басынан қатты ауыр жара­­­ланып, №3852-ші эвакуо-гос­пита­ліне түседі. Одан 1941 жылғы қараша айының 13-інен желтоқсан айы­ның 9-на дейін емделіп, жазылып шығады.

1942 жылдың қаңтарында К.Ора­­залин қатарға қайта қосылып, №930-шы атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қай­та кіріседі. Сол жылдары Калинин об­лысының Западный Двина қалашы­­ғының маңындағы Сычевка елдімекенін азат етуде К.Оразалин ерекше көзге түседі. 

1942 жылы 29 маусымда Уфа қала­сындағы №289-шы әскери госпитальдің комиссиясы К.Оразалинді екі аяғынан ауыр жараланғандықтан соғысқа жа­­рамсыз деп тауып, әскерден бір жолата қайтарады.

Осы ұрыстар кезеңдегі ерлігі еске­рі­ліп, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен наг­радталады, 1941–1945 жж. «Ұлы Отан со­ғысындағы ерен еңбегі үшін» медалі беріледі. Туған жеріне аман-есен оралған Кәмен әдебиет әлеміне толықтай бет бұрады. 

Соғыстың ауыр уақытына орай ха­лық­тың жарым көңілін жігерлендіре оты­рып, патриоттық рухта «Қазақ офи­цері», «Ракета», «Тылдың жауынгерлері» т.б. әңгімелерін баспа беттерінде жа­риялап тұрады.

Сондай-ақ елдегі тыл еңбекшілеріне насихат жұмыстарын жүргізіп, халық ақындары болып К.Оразалин мен Ш. Әбе­нов жер-жерлерде ақындар ай­тысын ұйымдастырады. Ақындар айты­сы жергілікті баспа беттерінде басылады.

1943 жылы Мұхтар Әуезов туған елі Абай ауданына келгенде Кәмен ұлы адам­­ды тұңғыш көріп, тілдеседі. Мұ­­қаң­ның сол жолғы елде болған сапарын­да қасында бірге жүріп, елді бірге ара­лай­ды. Алматыға оралғаннан кейін М.Әуе­зов «Социалистік Қазақстан» газеті ар­қы­­лы «Ақын ауылында» атты очеркін жа­­­­риялайды. Онда: «...Абай үлгісін өсиет етіп, айтып отыратын ірі әңгі­мешілер бар. Олардың бірі – Жүрека­­­дыр­дағы қарт колхозшы Оразалы одан көп тарихи оқиғаларды естіп, көп тоқы­ған. Кәмен де оқыған, өзі жазушы, Ұлы Отан соғысынан жаралы боп қайтқан жас жігіт әкесі білген әңгіменің көбін зор ынтамен айтады» деп берген бағасы Кәменнің болашақ шығармашылық жолына даңғыл жол салады. 

Балдаққа сүйене жүріп, Семей қала­сындағы мұғалімдер институтының Қа­зақ тілі мен әдебиет факультетіне 1944 жылы түседі.

1945 жылы 9 мамырда Ұлы Жеңістің құрметіне К.Оразалиннің «Майға сә­лем» атты өлеңі баспа бетінде жарық көреді.

Кәмен 1947 жылы бітіріп, жоғары бі­­лім алып шығып, 1948 жылы Қа­рауыл­дағы Абай атындағы орта мектепте мұға­лім болған. 1948 жылдан бастап Кә­мен ұстаздық еңбек атқара жүріп және сол мектепте 1939 жылдан бастап шығып тұр­ған «Абай ұрпақтары» қолжазба жур­налға қырық жыл редактор болған екен. Осы журналдың тарихын тарқатып ай­та­тын болсақ, кезінде М.Әуезовтің 1939 жы­лы елге келген сапарында Қара­уыл орта мектебінің оқушыларымен кез­­­­дес­кен екен. Сол кезде М.Әуезов: «Сендер Абай ұрпақтарысыңдар. Ақын ата­­ла­рыңның ұлылығын болашақ ұр­пақ­­­­пен ұштастыратын да сен­дерсіңдер, олай болса, мектеп жасынан әдебиет үйірмесін ашып, «Абай ұрпақтары» атты әде­би қолжазба журналын шығарып тұрыңдар!» деп жиналған қауымға үлкен ой тастаса керек. Сөйтіп, 1939 жылдың желтоқсан айында «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының тұңғыш саны жарық көрген. «Абай ұрпақтары» жур­налы бастан аяқ қолмен жазылып, бірақ дана болып шыққандықтан, кейбір сан­дары сақталмай қолды болып кеткен. Кей­бір саны мектепке келген қонақтарға сый ретінде тарту етіліп кеткен көрінеді. Сол себепті журналдың латын альфа­­­ви­тімен жазылған алғашқы сандары сақ­талмаған. Қазір 1940 жылы латын әріпі­мен жазылған бір-ақ саны сақтаулы кө­рі­неді. «Абай ұрпақтары» қолжазба журналының сол кезде болған алғашқы редакторлары Талғат Әбенов (1941), Тұрсынхан Абдрахманова (1942), Сер­ғазы Қалиевтен (1945), кейін 1947 – 1974 жыл­дары Кәмен Оразалин болған екен. Қолжазба журналдың сол кездегі сан­­­дары К.Оразалин музей-үйінің зал­да­­­­рында бар. Қазір «Абай ұрпақтары» қолжазба журналды Қарауылдағы мек­теп ұстаздары жалғастырып отыр. 

Ұстаздық ете жүріп, 1949 жы­­лы респубикалық «Леніншіл жас» газе­тінде Отан соғысы тақырыбына ар­нап жазылып жатқан «Қасиет» («Жек­сен») атты тырнақалды еңбегінен үзінді бері­леді. Онда соғыстың ең ауыр жыл­да­ры 1941-1942 жылдардағы Сталинград үшін күрескен совет жауынгерлерінің ер­­лік істері, қазақ жігіті Жексен мен орыс қызы Еленаның арасындағы дос­тық, ізгілік, махаббат, ұлттар достастығы, соғыс кезіндегі өмір шындығы сурет­теледі. Новиков, Хасанов, Гургенадзе тә­різді жауынгерлердің ерлік істері баян­далады.

1950 жылы Ұлы Отан соғысының ше­­­­жіресінен сыр шертетін тұңғыш шы­ғармасы «Жексен» («Қасиет») повесі жа­­­­­рыққа шығады. Кезінде Мұхтар Әуе­зов­тен өз бағасын алып, бұл повесть шындығымен ерекшеленді. 

1958 жылдан бастап Қазақстан Жа­­­зушылар Одағының мүшесі. 1959 жылы тың игеру эпопеясына арнаған екінші күрделі еңбегі – «Ақ жазық» романы дү­ниеге келді. 1960 жылы «Қазақ ССР ха­лық ағарту ісінің озық қызметкері» атан­ды. 1961 жылы үшінші күрделі шы­­­ғар­­­ма­сы – коллективтендіру кезеңін жыр ете­тін «Көктем салқыны» романы жарық көрді.

Кәмен Оразалин ұстаздық жолда жүріп оқушыларды тәрбиелеуде, шы­ғар­­машылықты қалыптастыруда, шәкірт­терінің бойындағы бұлақтың кө­зін ашу­ға күш салған. Соның нәти­жесінде, жеті адам Қазақстан Жазушы­лар Одағының мүшелігіне өткен. К. Ора­­­залин ұлылары­мызды жас шә­кірттеріне танытып, са­насына сіңіруге баға жетпес еңбегімен бірге оларға деген шексіз адал, шәкірттік махаб­батын білдірді. Ол кісінің ұстаздық ұстанымы өзі оқытқан бала атаулыға Абай өлеңдерін зердесіне құйып, жат­тап өсіруді дағдыға айналдырған. Қарауыл мектебінен түлеп ұшқан қан­шама шәкірттері ұстазы Кәмен ағаның тәрбиесімен мамандықтарын әр са­ладан таңдасада әдебиетке деген құш­тарлық­тарын көкейлерінен өшір­ген емес. 1965 жы­лы К.Оразалиннің ұзақ жылдар­дағы педагогикалық еңбектері ескеріліп, «Қазақстан мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ берілген.

К.Оразалиннің негізгі басты еңбегі – заманымыздың заңғар жазушысы Мұх­тар Әуезовтің ғұмырнамасына, жазушы­лық жолына арнаған эпикалық шы­­­­­­ғармасы – «Абайдан соң» атты ІV том­­дық романдар (1972, 1987, 1989, 1995ж.) тетрологиясы. Жазушының «Абай­­дан соң» еңбегі – ең кесек, ең негізгі туын­ды­сы. Романда жас Мұхтардың өсу, толысу жылдары, ғұламаның жүріп өт­кен асулары, халқына қылған қызметі, тау­қыметі, бақ-белесі эпикалық толғау­мен суреттеледі. Кәмен ағамыз Абай өлең­дерін және «Абай жолы» эпопеясын жатқа білген.

К.Оразалиннің әр шығармасы хал­қы­мыздың тарихындағы елеулі кезең­дер­ді суреттеуге арналған. Ел ішінде оты­рып, жазушы өмірде болып жатқан ірі өзгеріс­терді назарынан тыс қалдыр­маған.

1976 жылы қалың оқырман жұрт­шы­лықтың зор құрметіне бөленген, Абай ауылының өткені мен бүгінгісі жайында және Абай, Шәкәрім, Мұхтар есіміне байланысты тарихи орындар жөнінде әңгімеленетін тарихи дерекнама шығар­масы – «Абай ауылына саяхат» атты кі­табы шықты.

К.Оразалин оқытушылық, шығар­машылық қызметпен бірге ауданның сая­си және мәдени өміріне де белсене қатысқан.

1950 жылдан аудандық партия коми­тетінің пленум мүшесі болып, үздіксіз сай­ланып келген. Аудандық Кеңестің депутаттығына да бірнеше рет сайлан­ған. К.Оразалиннің еңбектері жоғары бағаланып отырған. Ол «Қазан төң­­керісі», І дәрежелі «Отан соғысы» орден­дерін иеленген. «2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылына» орай Кәмен Оразалин «Парасат» орденімен марапатталды.

К.Оразалиннің тағы бір күрделі ең­бегі – «Абайдан соңғы арыстар» атты ро­ман­дар трилогиясы. Халқымыздың тәуел­сіз­дігі үшін күрескен Алаш арыс­тары ту­­­­ралы жазылған бұл шығарма 2002 – 2005 жылдары аралығында жарық көрді. 

2008 жылы дүниеден озса да, табан аудармастан елде отырып, қазақтың ру­­ханият әлеміне үлкен повестер мен эпи­калық романдар көшін жеткізген Кәмен Оразалин – халық жазушысы.

Сондықтан да барлық өмірін елінің жан-жақты өсіп-өркендеуіне арнаған, кім қозғаса да қозғалмай, тұғырынан таймай халқымен бірге жасаған Кәмен Оразалин Абай ауданының тарихында өшпес із қалдырып, ұмытылмас ірі тұлға болып қала бермек.

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік 

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

 музей-қорығының экспозиция және көрме

ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі