Елордада келесі жылы ай­мағымызда теңдесі жоқ біре­гей Ұлттық он­кологиялық орта­лық ашы­латын болады. Біре­гейлігі сол, онда Орталық Азия­­да алғаш рет «протонды терапия» ен­гізіледі.
Протон терапиясы – қатерлі ісік зауалына дауа
742
оқылды

Маман­дардың түсін­діруінше, про­тонды терапия орталық жүйке жүйесінің, көз­дің онкологиялық аурулары кезінде негізінен балаларды ем­деу үшін аса қажет. Бұл рет­те Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі оны енгізу біраз жыл­ға ұзап кетуі мүмкін екенін ес­кертеді. Қандай қиындықтар туын­дауда?

Пәле ауру белең алды

Атын естісе, адам жаны түршігетін аурулар бар. Қазақстанда бұл – қатерлі ісік аурулары. Республикада онколо­гия­дан болатын өлім көш бастап тұр. Жыл сайын онкологиялық ауруларға шалдыққан 37 мыңнан астам жаңа адам тіркеледі, оның басым бөлігі ауруы асқынып кеткенде, кеш анықта­лады. Тағы 13 мыңнан астам адам жыл сайын қайтыс болады. Елде 205 мың­нан астам қазақстандық онкологиялық дерттерге душар болып, есепте тұр. 20 мил­лионға да жетпейтін халқы бар мемлекет үшін бұл – жан шошырлық жайт.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, онкологиялық аурулар соңғы 20 жылда 25%-ға өсті, қатерлі ісіктен қайтыс болғандар саны 33%-ға төмендеді. Қатерлі аурудың ең көп кез­десетін түрлері бойынша бірінші орында – сүт безі обыры тұр: барлық тіркелген жағдайдың 13,2%-ы. Екінші орында – өкпе обыры (10%). Үштікті колоректальды обыр (9,3%) тұйық­тайды. Содан соң – асқазан обыры (7,4%).

Өлім көрсеткіші бойынша бірінші орында өкпе обыры (16,3%), екінші орында – асқазан обыры (12%), үшін­ші орында – тоқ ішек (колоректальды) обыры (10,6%), төртінші орында – сүт безі обыры (8,1%). 

2022 жыл қорытындысында, үрейлі сырқат ең көп таралған өңірлерге Қос­танай, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау об­лыс­тары жатқызылды. Қостанай облысында өлім көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 есе жо­ғары, ерте диагностика жасау 5%-ға төмен. Ақмола облысында өлім-жітім көрсеткіші орташа республикалық көр­­сет­кіштен 1,5 есе көп, ерте диаг­­н­ос­тика 6%-ға төмен.

Еліміздегі онкологиялық сырқат­танушылық деңгейі орташа деңгейден едәуір жоғары өңірлерге – Шығыс Қазақстан облысы (әрбір 100 мың тұр­ғынның ішінде 306,2 адам онколо­гия­лық кеселдермен ауырады); Солтүстік Қазақстан облысы (293,4); Павлодар облысы (288,7); Қостанай облысы (285,4); Қарағанды облысы (270,1); Ақмола облысы (227,7); Абай облысы (221,8); БҚО (203,9 адам) жатады. Қатерлі ісікпен сырқаттанушылық рес­публиканың 14 өңірінде өсті. Не­бары бес өңірде ғана көрсеткіш салыс­тырмалы түрде төмен деңгейде болған.

Қатерлі ісік тепсе, темір үзетін жас­тағы азаматтарды жалмайды: науқас­тардың жас құрылымының 55,8%-ын ең­бекке қабілетті жастағы, яғни 18-64  жас аралығындағы адамдар құрайды.

Сондықтан ең құрығанда, ел орталығында және ең болмаса бір ірі орталық болуы тиіс. Астанада Ұлттық ғылыми онкология және трансплан­тология орталығы бар, бірақ оның ғи­ма­раттары да, құрал-жабдықтары да ес­кірген. Оның орнына жаңа орталық ашылатын болады. Жаңа корпусы са­лынып жатыр. 

Орталық құрылысы – Үкімет бақылауында

Жаңа онкологиялық орталықтың ашылуы – стратегиялық маңызды жә­не әлеуметтік маңызы бар жоба деп та­­нылды. Оның құрылысы 2021 жыл­дың басында аяқталады деп жоспар­лан­ған еді. Тым ұзап кетті. 

Сондықтан Қаржы министрлігі Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық (ҰҒОО) жоба­сына биылғы жыл соңына дейін Ұлт­тық қордан 9 миллиард 756,6 млн теңге бө­луді ұсынды. Соның ішінде 9 млрд 401,4 млн теңге – ҰҒОО-ны салуға, құрылыс-монтаждау жұмыстарына, қал­ған 355,1 миллион теңгеден аста­мы – орталық құрылысының инжи­нирингтік қызметтеріне, техникалық жә­не авторлық қадағалауға, жобаны басқаруға бағытталмақ. Үкімет бүгінде жыл қорытындысында игерілмей қала­тын бюджет қаражаттарын қайта бөліске салуда.

Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығының дере­гінше, жаңа ҰҒОО ғылыми-зерт­теу зертханалардан, оқу және клиникалық базалардан тұратын өз саласындағы же­текші халықаралық орталыққа ай­налады деп күтілуде. 

«Онда ең озық технологиялар, ра­диа­циялық, лазерлік, протондық және ядролық медицина бөлімдері құрылуы тиіс. Пациенттер көпсалалы тәсілге сүйене отырып, ерте диагностикадан бастап, жоғары технологиялық емдеуге және оңалтуға дейінгі медициналық көмектің барлық спектрін шетелге шық­пай, Қазақстанда ала алады. Жаңа орталықтың құрамында 210 орынға тәуліктік стационар (оның 70-і – онко­гематологияға арналады), 150 орын­дық күндіз ем алатын ам­булатор­лық терапия орталығы, ауы­сымына 500 келушіні қабылдайтын ем­хана болады», – деп мәлім етті қол­даныстағы орталық. 

Оның құрылыс барысын Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз наза­рында ұстап отыр. Үкіметтің хабар­лауынша, Астанадағы заманауи, жо­­ғары технологиялық құрыл­ғылар­мен жабдықталған жаңа Ұлттық ғы­лыми онкологиялық орталық (ҰҒОО) келесі 2024 жылдың екінші жарты­сында ашылады. 

Жаңа орталық – бюджеттік инвес­тициялық жоба, оны жүзеге асыру үшін Швейцарияның және АҚШ-тың халықаралық жетекші компаниялары тартылды. ҰҒОО күрделі нысан бол­ған­дықтан, ол халықаралық стандарт­тарға сай болуы үшін құрылысқа тиісті тәжірибесі бар халықаралық компания шақырылыпты.

Бүгінде құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Атап айтқанда, сәулелік және ядролық медицина орталықтары, протондық терапия орталығы, әкім­шілік және техникалық блоктары бар 210 төсек-орындық емдеу-диагнос­тикалық корпус салынды. 

Сонымен қатар су, жылу және электр­мен қамту үшін орталық қала­лық инженерлік желілерге қосылды. Кабинеттер мен палаталарды әрлеу жұмыстары аяқталды. Қазір медици­налық жабдықтарды жеткізу, іске қосу-жөндеу, сынақтан өткізу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр.

ҰҒОО басшысы, онколог Санжар Шалекеновтің айтуынша, жылына 6 мың науқасқа қызмет көрсететін жаңа емдеу мекемесінде радионуклидті диаг­ностика, радиофармацевтикалық препараттар шығару және радио­нуклидтік терапия жүргізу жоспар­ланған.

– Бізде радиосәулелік емдеу қарас­тырылған. Ол бірнеше аппарат көме­гімен жүзеге асырылады: біреуі кон­тактілі сәулелік терапияға, екіншісі кон­тактісіз емдеуге арналған. Бұл – Edge, Turbine және Ethos сияқты құ­рылғылар. Олардың кейбірі Қазақ­станда алғаш рет қолданылғалы тұр, – деді ол.

Орталықта бүкіл Орталық Азияда­ғы алғашқы протонды терапия орта­лығы жұмыс істей бастайды. Онда жылына 800-1 000 науқас ем алады деп жоспарланған.

– Бізде онкогематология орталығы да қарастырылған. Мұнда сүйек кемі­гін трансплантациялауға арналған 15 тө­сек-орын бар. Бұл – барынша сте­рилді, таза бөлмелер, онда жылына 180-ден 200-ге дейін трансплантация жасау жоспарланған. Бұл республика бойынша мұқтаж науқастардың үштен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік береді, – деді Санжар Шалекенов.

Ол ҰҒОО-ның екінші блогы ғылыми-білім беру орталығы бола­тынын жеткізді. Сонымен қатар мұнда 140 төсек-орындық аурухана, үш опе­рациялық бөлме және үлкен диагнос­тикалық емхана орналасады.

Орталық ашылуға дайын ба?

Тиісті қаржы бөлінсе, кез келген ны­санды салып шығуға болатыны сөзсіз. Шетелдік компания оның кор­пус­тарын тұрғызып, ішін заманауи жаб­дықтармен лық толтыра, жасақтап шығады. Үкіметке тапсырады, тіпті биік лауазымды адамдар қызыл лента­сын қиюы мүмкін. Ары қарай не болады? 

Білікті кадрлармен қамтамасыз етілмесе, ғимараты қаңырап, қондыр­ғылары қаңтарылып тұрып қалуы мүм­кін. Елімізде бос тұрған медици­на­лық нысандар жетерлік. Қаншама зама­науи, аса қымбат медициналық жаб­дық­тардың шаң басып, босқа жат­қа­нын құзырлы органдар бұған дейін анықтаған. 

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Денсаулық сақтау министрлігіне бас мердігермен бірлесіп, 2024 жылдың 1 тамызына дейін протонды терапия орталығын іске қосуды, нысанды пайда­лануға беруді тапсырды.

Денсаулық сақтау министрлігі шетел­­ден білікті мамандарды ша­қыруға тура келетінін ескертті. Тіпті, протонды терапия енгізу мерзімі созы­лып кетуі мүмкін: өзге елдер бұл іске 5-10 жыл жұмсапты. 

«Қатерлі ісікті жоғары тиімділікпен ерте анықтау және емдеу – тек озық халықаралық тәжірибені енгізе алсақ қана мүмкін болады. Қазақстанда және бүкіл Орталық Азияда алғаш рет ҰҒОО базасында ядролық медици­на­ның инновациялық, жоғары тиімділік­ті әдісін ендіру жоспарланды. Әңгіме болып отырған протонды терапия – радиотерапияның бір түрі. Онда ісікке әсер ету арнайы үдеткіште үдетілген протон бөлшектері (разогнанные в ус­корителе частицы) сәулеленген аймақ­қа жеткізіледі. Әдіс тек ісікті ғана ны­са­налы түрде зақымдауға мүмкіндік бе­ре­ді. Нәтижесінде, оның айнала­сын­дағы сау тіндерге зиянды әсер азая­ды, жанама әсерлер кемиді, ісіктің қайта­­лану, рецидив қаупі төмендейді. Па­циенттердің өмір сүру деңгейі жоға­рылайды. Сау тіндерге сәулелік жүк­­те­­­­ме азаяды. Әлемде балалардағы ісік­тер­дің 100% жағдайында протон тера­пиясымен емдеу ұсынылады», – деді Денсауминінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау ко­митеті.

Комитеттің түсіндіруінше, әлемдік тә­жірибеде протонды терапияны енгі­зуге 5-тен 10 жылға дейін уақыт кетеді. Мысалы, Ресей Димитровград қала­сын­­­дағы Протон орталығын іске қосу­­ға он жыл шығындады. Даниядағы орта­лықты ашу – 7 жылды, Коян қала­сындағы Корей онкологиялық орта­лы­­ғында – 5 жыл, Санкт-Петербордағы Онкологиялық клиниканың Протон­ды терапия орталығын құру – 5 жылды алыпты. Қазақстанда бұл салада білікті маман тапшы.

«Кадр жетіспеушілігі мәселесін ше­шу, озық технологияларды дамыту үшін халықаралық ғылыми тәжірибеде Тәлімгерлік-менторлық институты қолданылады. Оған сәйкес, отандық немесе шетелден арнайы алғызылған тәжірибелі маман жергілікті персо­налды оқытып, үйретеді. Ментор шә­кірт­терімен, яғни тек жастармен ғана емес, тәжірибесі аз дәрігерлермен білімін бөліседі, үлгі-өнеге, жөн-жо­сығын көрсетеді, белгілі бір уақыт бойы жеке бақылауымен машықтан­­дырады. Қазақстан үшін бұл техноло­гиялардың таңсық, жаңа екенін еске­ріп, шетелдегі жетекші онколо­гиялық орталықтардан және протонды тера­пия орталықтарынан білікті ментор-тәлімгерлерді тарту қажет», – деген ұстанымда Денсаулық сақтау ми­нистрлігі.

Бұл үшін оларға әлемдік деңгейдегі жоғары жалақы төленіп, жұмыс іс­теуіне барлық жағдай жасау керек. Тәлімгерден ұлағат алатын отандық дәрігерлер іріктелуі қажет. Олардың барынша жас болғаны (егде жас­тағылары зейнеткерлікке шығып кетеді), ағылшын тілін білгені жөн. Мұның бәрі тыңғылықты жұмысты және қомақты сома бөлуді қажет етеді. Ендеше Үкіметке тағы Ұлттық қорға жүгінуне тура келуі мүмкін. 

Бұл орталықтың жай ғана ашылуын емес, сондай-ақ іске қосылуын және онда білікті дәрігерлердің жұмыс істеуін жүздеген мың онкологиялық сырқат зарыға күтіп отыр. 

«Мемлекет басшысының тапсыр­масымен, биылғы қазан айында Онко­логиялық ауруларға қарсы күрес жө­ніндегі 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Осыған орай, онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту басталды. Биылдан бастап ісікке қарсы сатып алынатын жаңа дәрілік заттардың желісі кеңей­тілді. Онкологиялық қызметтің ғылымы мен кадрлық әлеуетін дамыту шара­лары қабылданады. Диагностикалық және емдеу жабдықтарын жаңғыртып, 16 желілік үдеткішті сатып аламыз. Бұдан бөлек, онкологиялық орталық­тарды қайта құруды және салуды жос­парлап отырмыз», – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Ауруларды ерте анықтау кезінде амбулаториялық-емханалық ұйымдар қызметі сапалы және нәтижелі болуы үшін мамандар жалақысына қосымша ақы төлеуді қарастыратын пилоттық жоба басталды. Мысалы, учаскелік дәрігер науқас бойындағы онкология­лық ауруды ерте анықтаса, әрбір жағ­дай үшін 5 айлық есептік көрсеткіш немесе биыл 17 250 теңге мөлшерінде қосымша бонус ала алады.

Онкологиялық ауруы бар деген кү­дік туса, ондай сырқаттарға «жасыл дәліз» ашылады: министрдің ай­туын­ша, ол адам емханаларда «Жасыл жол» бағыты бойынша жеделдетілген тәр­тіп­пен, 18 күннің ішінде барлық тексе­рулерден өте алуы тиіс. 2023 жылдың 6 айында қатерлі ісіктердің ерте диаг­ностикасы 5,6%-ға ұлғайды.

ҰҒОО басшысының емдеу ісі жө­ніндегі орынбасары, хирург-он­колог Әділбек Мұқажановтың айтуынша, Астанадағы арнайы аппарат –цикло­трон­мен жабдықталған протон­ды тера­­пия орталығы Қазақстан мен Ор­талық Азиядағы протон терапиясы жүр­гізілетін жалғыз орталық болады. Әлемде мұндай орталықтардың саны 100-ден аспайды екен, олардың бірі бізде болады. 

«Циклотрон протон сәулелерін шы­ғарып, емдік екі толқынды жет­кізеді. Соның арқасында екі науқасты бір уақытта сәулемен емдеуге болады. Бұл протонды терапияның ерекшелігі, фотонды сызықтық үдеткіштерден айырмашылығы сол, мұнда сәулелену не­­ғұрлым нысаналы және жұмсақ бо­лады. Айналасын көп жараламай, ісікке дөп тиеді. Бұл балалар, әлсіреген науқастар үшін өте маңызды. Яғни, мұнда сәуленің мейлінше аз әсері, қор­шаған тіндердің барынша аз за­қым­дануы қарастырылған. Қайталама сәулелік ісіктердің даму ықтималдығы барынша азаяды», — деді Әділбек Мұқажанов.

Жыл сайын өршіп бара жатқан пәле ауруына тосқауыл қоя алса, оған шалдыққан науқастарды лайықты ем-доммен қамтамасыз етсе, бұл – «Әді­летті Қазақстанның» ірі де ізгілікті жетістігі болар еді.

Айхан ШӘРІП