Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймұрзаевтың айтуынша, алдағы қысқа 24,6 млн тонна пішен, 1,4 млн тонна пішендеме, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 4,5 млн тонна құрамажем дайындалған.
Төрт облыста құнарлы азық дайындау қарқыны төмендеп кетті
1,429
оқылды

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды, - деп жазады Aikyn.kz.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин төрағалық еткен жедел штаб отырысында малдың қыстық азығын дайындау мәселесі талқыланған. Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы Бағлан Аймұрзаевтың айтуынша, алдағы қысқа 24,6 млн тонна пішен, 1,4 млн тонна пішендеме, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 4,5 млн тонна құрамажем дайындалған. Былтыр жиналған қорды қоса есептегенде жемшөптің барлық түрі бойынша дайындалған мал азығының жалпы көлемі - 39,9 млн тонна.

Павлодар облысындағы климаттық жағдайға байланысты қуаңшылықтың салдарынан шаруалар шабындыққа дер кезінде шыға алмаған. Сондықтан фермерлерге орманды алқаптағы және басқа да қорлардан шабындық жер беріліп, қосымша дизель отынын бөлу арқылы қолдау көрсетілген. Осының нәтижесінде облыста 1,5 млн тонна шөп дайындалды.

Ал Батыс Қазақстан облысында шөп дайындау қарқыны республикалық деңгейден төмен. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында құнарланған азық дайындаудың қарқыны төмен екені байқалады. Аманғали Бердалин 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы Маңғыстау облысының фермерлеріне жемшөп тасымалдау тарифтерінің деңгейін 80%-ға төмендеткенін атап өтті. Бірақ мал азығын дайындау қарқыны әзірге қажетті деңгейге жеткен жоқ.

Отырыста айтылған мәселелерді ескере отырып, вице-министр Маңғыстау облысының әкімдігіне «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы ұсынып отырған жеңілдетілген тарифтерді барынша қолдануды, жоспарланған мал азығын жеткізуді тапсырып отыр. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарының әкімдіктеріне жемшөп дайындау барысын қатаң бақылауға алуды міндеттеді. Бұдан бөлек, вице-министр барлық облыс әкімдіктеріне дайындалған жемшөпті мал қыстайтын орындарға және мал ұстап отырған ауыл тұрғындарына уақытылы жеткізу үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.