Бүгін аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтіп жатыр. 17 облыста сайлау учаскелері ашылды. Үш қала мен 42 ауданның басшысы сайланады.
Сайлау елді мекендердегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге септігін тигізеді – Еркебұлан Аманғосов
1,138
оқылды

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау кампаниясы кезінде барлығы 249 кандидат ұсынылған, оның 164-і тіркелді: 69-ын саяси партиялар, 95-і өзін-өзі ұсынған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Саяси реформаның ең басты жаңалығы жайында Мемлекеттік тарих институтының ғылыми-ақпараттық бөлімінің жетекшісі Еркебұлан Аманғосов пікірін айтты. 

– Аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлаудың алғаш рет болуы – жергілікті басқару ландшафты мен қазақстандықтардың жаңа саяси мәдениетінің қалыптасуының қатар жүруінің, сондай-ақ демократиялық эволюция үдерісінің көрінісі. Бұған дейін ауыл және ауылдық округ деңгейінде апробацияланып, онда ауыл әкімдерінің жаңа корпусының қалыптасқанына куә болдық (сайланған ауыл әкімдерінің жартысынан көбі бұрын бұл қызметте болған емес).

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып отырған саяси реформалардың сайлаудағы бірізділігі мен сабақтастығы осы елді мекендердегі халықтың мұң-мұқтажын шешуге, мүдделерін ескеруге септігін тигізеді. Бұл тұтастай алғанда, мемлекет басқару жүйесінің жұмыс істеуінің жаңа ұзақ мерзімді қағидаттарын қалыптастырады.

Бүгінгі сайлауға қатысатын үміткерлердің үштен екісі өзін-өзі ұсыну құқығын пайдаланып, тіркелгені азаматтық қоғамның белсенділігі мен алуан түрлі идеялар мен көзқарастардың кеңінен талқылауға ықпал етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда  алғаш рет аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау өтіп жатқанын хабарлаған болатынбыз.