Алданған тұрғындар әлеуметтік желідегі жарнамаға сенген.
Instagram-дағы жарнамаға сенген 296 адам үйсіз далада қалды
2,134
оқылды

Қазіргі уақытта алаяқтық жолмен біраз адамның қалтасын қаққан қаржы пирамидасының бірі – QazHome тұтынушылар кооперативінің үстінен қылмыстық іс қозғалып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, тергеу барысында кооператив қызметіне 296 салымшы тартылғаны анықталған. Алайда, оның ішінде тек 35 адам ғана полицияға шағым жазған. Тергеу барысында тек 35 адамнан аталмыш кооперативтің 49 миллион теңгеден асатын ақшаны иемденгені анықталды.

«Бұл кооператив туралы Instagram-дағы жарнамадан оқып, таныстым. 

«Пайызсыз үй, тіпті, көлік алуға болады» деген жарнаманың сенімді шыққаны сонша, көп ойланып жатпай, осы кооператив арқылы екі бөлмелі пәтер алмақ болдым. Сөйтіп, үш жыл бойына жинап жүрген ақшамды банктегі депозитімнен ақша алып, осы кооперативке шот ашып, салдым. Аяғында не үй, не ақша жоқ. Қазір «времянка» жалдап тұрып жатқан жайым бар», – дейді зардап шегуші.

Тергеу жүріп жатқандықтан, есімін ашып сұхбат бере алмай отырған зардап шегушінің айтуынша, араларында кооперативтің үйіп-төккен уәдесіне сеніп, бар жиғанын салғандар көп. 

«Көпшілігіміз күнкөріс қамымен ауылдан қалаға келгенбіз. Арамызда пәтер жалдап тұратындар көп. Екі-үш жерде жұмыс істеп, балаларымыздың аузынан жырып жинаған ақшамызды қайтарып ала алатынымызға да сене алмай отырмыз», – дейді ол.

Атырау облысы экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері Атырауда 300-ге жуық адам қаржы пирамидаларынан зардап шеккен. 

Күні бүгінге дейін қаржы пирамидаларына қатысты 2 қылмыстық іс қозғалып, 4 адам тергеуге алынған.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Фото: zakon.kz