Ғалым жаңа қызметке тағайындалды.
TÜRKSОY: Бас хатшының кеңесшісі тағайындалды
2,202
оқылды

Түркі мәдениетін және өнерін дамыту  ұйымының (TÜRKSОY – ред.) Бас хатшысы Сұлтан Раевтың Қазақстан бойынша кеңесшісі болып Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Академик бұл қызметті қоғамдық негізде атқарады. 

TÜRKSОY халықаралық ұйымының басты мақсаты – түркі тілінде сөйлейтін елдердің арасында достық қарым-қатынас құру. Ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-дәстүрлерін зерттеп, жалпыға жария ету, дамыту, сақтау, болашақ ұрпақтарға мұра ету, баянды қылу мен Түркі дүниесінде ортақ бір тіл мен әліпби қолданылуы үшін тиісті орта және жағдай қалыптастыру қарастырылған. Сондай-ақ, Түркі халықтарының ортақ  тарихы, тілі мен әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің біртұтас күйінде ғылыми-зерттеу мақсаты көзделген.

 

Осынау мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін TÜRKSОY-ға мүше әрбір елден Бас хатшының кеңесшілерін тағайындауға шешім қабылданғаны белгілі болды.

TÜRKSОY халықаралық ұйымының Бас хатшысы Астанада ұйымдастырылған іс-шарада Кәрімбек Арыстанбекұлын қабылдады. Оған ғылыми жұртшылықты халықаралық ұйым жұмысына жұмылдырып, түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды зерттеу ісін үйлестіру, ортақ әліпби қолдану туралы тілші-ғалымдармен бірлесіп ұсыныс енгізу,  ұлттық мәдени мұралар арқылы Түркі дүниесін интеграциялау бойынша ғылыми конференция өткізуге атсалысу, сондай-ақ халықаралық ұйым өткізетін іс-шараларға белсенді қатысу міндетін жүктеді.

Көрнекті ғалымның жаңа қызметі де табысты боларына сенім мол.

Фото: super.kg