Сыр өңірінде «Жедел әрекет ету орта­лығы» коммуналдық мекемесі жұмыс істей­ді. Оған тұрғындар жылу мен жарыққа және өзге де оқыс оқиғаларға байланысты көмек сұрап, хабарласа алады. Бірақ тиісті орта­лықтан шұғыл көмек ала алмай, шырылдап жүрген халықтың қарасы қалың.
Жедел желі жүйкені жұқартты
608
оқылды

Негізінен, бұл орталықтың жұмысы 2019 жылы ұйымдастырылған болатын. Сол кездегі облыс басшысының бастамасымен аталмыш жоба аясында 101, 102, 103 жедел желілері бір жүйемен 112 байла­ны­сына біріктірілген. Сондай-ақ сол жылы мемле­кеттік органдардың халықпен тиімді байланыс механизмдерін орнату бағытында 109 бірыңғай байланыс орталығын құру бастамасы қолға алынған еді. Осы жүйе арқылы қаланың инфрақұрылымына тиімді қызмет көрсету көзделіп, оған жылу, жарық, сумен жабдықтау, жол шұңқырлары, қоқыс, қоғам­дық көлік мәселелері секілді бірқатар қызметтер біріктірілген.

Алайда тұрғылықты халық әлі күнге дейін бұл орталықтың шарапатын сезінбей отырғанына наразы. Ешқашан «Жедел әрекет ету орталығы» шұғыл көмек көрсетпейтінін алға тартады. Халықтың арыз-шағымын қабылдағанымен, бірде-бір маман төбе көрсетіп келмейтініне ашынады. Жедел көмек көрсете алмайтын мұндай орталықтың жұмысын тоқтату керек деп есептейді.

Жалпы, Сырдария өзенін жағалай қоныстанған Сыр халқы жарық пен жылудан талай жылдан бері зардап шегіп келеді. Өңірде электр желілерінің тозығы жетіп тұр. Жаңбыр мен қар суынан, желдің әсерінен жарықтың жиі өшуі облыс халқы үшін үйреншікті жағдайға айналып отыр. Қайта жаңғырту жұмыстарын қажет ететін электр желілерінің мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешімін тапқан емес. Ал жылуға қатысты түйткіл өз алдына бір төбе. Облыстағы ЖЭО-ның тозығы жетіп тұрғаны әмбеге аян. Биыл ғана жаңа орталықтың іргесі қаланып, жылу қазандықтары жаңартылатыны жайында жа­ғым­ды жаңалық көпшілікті қуантты. Бірақ мұнымен күрмеулі мәселенің түбегейлі шешімін табатынына көпшілік күмәнмен қарайды. 

Жылу мәселесіне келер болсақ, биыл құзырлы орын тарапынан Қызылорда қаласына жылу 13 қазаннан бастап берілсе, облысқа қарасты аудандарда 13-16 қазан аралығында іске қосылатыны хабар­ланды. Соның нәтижесінде, облыс орталығындағы 700 көпқабатты тұрғын үй мен 757 нысан жылуға қосылатыны айтылды. Ал қалған ғимараттарға жо­ғарыда белгіленген мерзім ішінде жылу беру жоспарланып отырғаны мәлім болды. 

«Негізінен, облыс бойынша 1 064 әлеуметтік нысан және 845 орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған барлық көпқабатты тұрғын үйлер толығы­мен жылумен қамтамасыз етіледі. Жылу беру маусы­мына 237,7 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде тұрғындарға 205 мың тонна, әлеуметтік нысандар үшін 33 мың тонна қатты отын керек. Осыған дейін облысқа 100 мың тонна көмір жеткізілді», – деп мә­лім­деді ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық бас­қармасының басшысы Болатбек Ысмағұлов.

Алайда Қызылорда халқы әлі күнге дейін осынау жүйесіздікке қапаланып, дабыл қағуда. Әсіресе, ақпарат алаңында мамандар тарапынан жылумен қамту жұмысында мәселе жоқ деген уәж айтылғаны­мен, әлеуметтік желі арқылы халық қала аумағының өзінде жылудың ала-құла беріліп отырғанын айтып ашынады. Соның қатарында қаланың сол жағалау тұрғындары жылудың тауқыметін тартып отырғаны айтады.

«Сол жағалаудағы жаңа тұрғын үйлердің жағдайы мәз емес. Жылу ала-құла беріледі. Бір бөлмеге жылу кел­се, екінші бөлменің батареясы мұздай күйде тұр. Бұл – жылдағы құбылыс. Оның үстіне, өшіреміздегі кәріз құбырынан су кетіп, қиын жағдайға қалдық. Бұл да «жығылғанға жұдырық» болды. Осы жайында ЖКХ-ға хабарлассақ, пик жауапты екенін мә­лім­дейді. Кімге айтарымызды білмей, шарада басымыз шақшадай болып отыр», – дейді сол жағалаудағы 65 үй тұрғыны Сапар Ерімбетов. 

Қалай дегенде де құзырлы орын тарапынан жылу маусымында мәселе жоқ екенін мәлімдеп отыр. Қаланы жылумен қамтамасыз етуде негізгі қондыр­ғылар штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын алға тартады. Бірақ әлі күнге дейін жылуға жарымай отырған бұқараның сенімінен гөрі күдігі басым болып тұр. Соған орай жергілікті әкімдік жылда жылу маусымында туындайтын келеңсіздікті қалпына келтіріп, «Жедел әрекет ету орталығына» қатысты жүйесіздікті жойса деген талаптарын жеткізіп отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы