Анимация – суреттерге жан бітіретін өнер түрі. Бұл өнер соңғы жылдары кенжелеп қалды. Көрермен тек шетелдік мультфильмдердің аудармасын ғана тамашалап отыр. Ал отандық өнім ара-тұра қылаң бергені болмаса, көптеп түсіріліп жатқаны байқалмайды.
Ахуалың қандай, анимация?
1,601
оқылды

Анимация ауылында жүргендер де бірен-саран ғана. Бұл жанкешті жандардың еңбегі неге көп көрінбейді? «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» мультфильмі сияқты көрермен көзайымына айналар дүние бар ма? Бұған мамандардың көзқарасы қандай?

Әбдіқадыр САБЫР,

продюсер, сценарист, режиссер, мультипликатор:

– Қазір статистиканың заманы, яғни сандарға қарап сөй­леу бағаланады. Шынайы өмірде ол мүлдем басқаша. Бір анимация өзін қаржылай ақтаған емес. Өйткені бұл ба­ғытта мемлекеттік менеджмент жоқ, салық мәселесі де бар. Былайша айтқанда, қаржының жартысына жуығы сон­дай қосымша салықтарға кетуі мүмкін. Қазақ анимациясында ер­кіндік бар, тек белгілі бір тақырыпқа ғана. Бізде ұрпақты пат­риотизмге тәрбиелеу керек деген ұстаным бар. Анимация тек балаларға ар­налған деген қатып қалған түсініктен арылмаған. Сананы сандалтатын ере­сек­тердің өзара әзілдесетін арзан әзілсымақтарын анимацияға тығып, ұрпақтың өресін тө­мендетудің қажеті шамалы. 

Ділшат РАХМАТУЛЛИН,

режиссер-мультипликатор:

– Қазір қазақ анимациясының даму деңгейі жақсы. Оның дәлелі қазақ мультфильмдердің барлығы дерлік ба­лалардың назарында жүрген Balapan арнасында көрсетіліп жүр. Менің ойымша, қазақ тілінде сөйлейтін балалар қа­зақ анимацияларын үзбей қарайды. Сондықтан еліміздің отан­дық мультфильмдері шетелдікінен кем түспейді деп ай­­та аламын. Қазақ анимациясы бөлек ұйым болуы керек. Бұл қазір «Қазақ фильммен» де, «Ұлттық кино қолдау мемлекеттік ор­талығымен» де бірге жұмыс істейді. Егер қазақ анимациясы бөлек ұйым ретінде құры­латын болса, дамудың жоғары деңгейіне жетеді деп сенемін. 

Жәнібек НҰРБЕК,

суретші, анимациялық кинорежиссер:

– Экраннан бөлек әлеуметтік желілерде қазақ мульт­фильм­дері миллионнан аса қаралым жинайды. Бұл бала­лар­дың отандық қазақ тіліндегі анимацияларға шөлдеп отыр­ғанын білдіреді, яғни сұранысқа ие деп айтсақ бола­ды. Тағы бір дәлел ретінде мынаны айтайын: 2019 жылы «Қазақконцертте» балалар назарына ұсынылған «Мұзбалақ» пен «Күлтегінді» көруге 10 мыңнан аса бала келген еді. Бұл көр­­­­сеткіш қазір әлдеқайда өскен. Ата-аналар мен балалар тарапынан сұраныстың көп­тігі рас, бірақ жаңа анимациялық фильмдерді жарыққа шығарып үлгермей жатыр­мыз. Қазақстанда 40-тан астам анимациялық киностудиялар бар. Барлығын «Қа­зақ анимация» шығармашылық бірлес­тігі қаржыландырып отыр. Аталған бір­лестік өткен жылы 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлген. Бұл қаржыға 20 ани­ма­циялық студия 20 қысқаметражды анимациялық фильм түсірді. Одан бөлек, бөлін­ген қаржы ішіне қызметкерлерге төленетін жалақы да кіреді. Биыл қазақ ани­мациясы үшін 500 миллион теңге қаржы бөлінді. Өкінішті – әрине. 

30 жыл бұрын анимация саласынан қол үзіп қалған білікті мамандар қазір қайта сту­дияларға оралып жатыр. Жас мамандар Франция, Испания, Түркия, Польша қала­ларында тәжірбе алмасып, отандық анимацияларда түрлі тәсілдерді қолданып жүр. Егер мемлекет тарапынан жыл арасына арагідік салмай, жүйелі түрде үздіксіз 5-10 жылдай қаржылай қолдау көрсетілсе, қазақ анимациясы өзін-өзі толық ақтай­тын дәрежеге жетеді.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ