Сұхбат кезінде тараптар өзара серіктестікті одан әрі нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Сенат Төрағасы Өмір сүру министрімен кездесті
1,039
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған сапары барысында осы елдің Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі шейх Нахаян бен Мубарак Әл-Нахаянмен кездесті ,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

Сұхбат кезінде тараптар өзара серіктестікті одан әрі нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің стратегиялық ұстанымдары бір-біріне өте жақын екені атап өтілді. Нақты айтқанда, бейбіт қатар өмір сүруге ұмтылу және толеранттылық идеяларын дәріптеу, бүгінгі сын-қатерлер мен жаһандық проблемаларға қарсы тұру жолында күш жұмылдыру бағытындағы ортақ көзқарастар сөз болды. Абу-Дабиде өткен халықаралық конференцияда дін көшбасшыларының экологиялық мәселелерді шешуге қатысу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Мәулен Әшімбаев климаттың өзгеруі жаһандық деңгейде, оның ішінде Қазақстан үшін де ең өзекті проблемалардың бірі екенін тілге тиек етті. Осыған байланысты ол Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің тұжырымдамасын іске асыру аясында аталған мәселелерді шешуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.

«Климаттың жаһандық өзгеруі біздің өңірде су тапшылығына және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуда түрлі проблемаларға алып келеді. Бұл мәселе бүкіл әлемге де қауіп төндіретіні анық. Сондықтан осы бағыттағы барлық сындарлы күштің бірлесіп әрекет етуі маңызды. Осындай күрделі кезеңде өзара түсіністік пен сыйластықты дамыту ерекше мәнге ие. Жаһандық проблемаларды, оның ішінде экологиялық мәселелерді шешуде дін қайраткерлерінің де әлеуетін тиімді пайдалану керек деп есептейміз», – деген Сенат Спикері алдағы СОР28 Климат конференциясының сәтті өтуіне тілектестік білдірді.

Осы күні Мәулен Әшімбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бин Заид Әл-Нахаянмен кездесті. Кездесуде дін лидерлерінің жоғары рөлі сөз болды. Сондай-ақ рухани дипломатияның жаһандық мәселелерді және өзекті проблемаларды бейбіт жолмен шешуге ықпал етуі маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев «Авраам отбасының үйі» кешеніне барды. Кешен құрамында үш авраамдық дін – ислам, христиан және иудаизмнің діни ғибадатханалары бар. Сапар кезінде қазақстандық делегация мүшелері Abu Dhabi Global Market халықаралық қаржы орталығының қызметімен танысты.

Айта кетейік, жаһандық қаржы орталықтарының рейтингінде 32-орында тұрған бұл ұйым Астана халықаралық қаржы орталығымен де белсенді ынтымақтастық орнатып отыр. Аталған екі ұйым арасында 3 тиісті меморандумға қол қойылған.

Қазақстан сенаторлары «Hub71» технологиялық экожүйе орталығында БАӘ-ның стартаптарды қолдау жұмысымен танысты. Оның негізгі міндеті – ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласындағы стартаптар мен компанияларды қолдау және ынталандыру. Орталық стартаптарды капиталмен, сарапшыларды қолжетімділікпен қамтамасыз ете отырып, оларға жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, қаржылық технологиялар және денсаулық сақтау салаларында қолдау көрсетеді.

 

Фото авторы: Н.Байбулин