Әнші Мейрамбек Беспаев жаңа радио ашқанын сүйіншіледі.
Мейрамбек Беспаев туған күнінде жаңа радио ашып, тұсаукесер тойын өткізді
2,035
оқылды

Әнші Мейрамбек Беспаев жаңа радио ашқанын сүйіншіледі. Ол әріптестерінің басын қосып, думандатып, тұсаукесер тойын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Бір ай бұрын әнші қазақ және орыс тілінде еркін сөйлейтін қыз-жігіттерді кастингке шақырып, радиожүргізушісі болғысы келетін талантты жастардың жолын ашамын деп уәде берген болатын.

“Кастингке 400-ге жуық қыз бен жігіт жиналды. Кіл жүйріктен 18 адамды іріктеп алдық. Олардың арасынан да ең мықтыларын таңдадық”, – дейді әнші. 

Ойға алған жобасы сәтті шығып, Алматының қақ ортасындағы мейрамханада радионың тұсауын кесті. Әншінің командасын құттықтап келген өнер жұлдыздары әннен шашу шашты. Радионың атын қою белгілі ақын Қалқаман Сариннің еншісіне бұйырыпты. 

Ес біліп, етек жиғалы мені арман атты ұлы күш алға жетеледі. Бала кезімізде бәріміз арманшыл болдық. Неге екенін білмеймін, аспанға қарап көп армандайтынбыз. Таусылмас тамырлы аңсарларымның бірі  өз радиомды ашу болатын. Бірақ  адам баласы армандауда жалғыз болғанымен, сол мақсат-мұратқа жету жолында жалғыз болмайды екен. Осы орайда балауса-балғын арманымды әр тараптан қолдап, демеп, жанымнан табылған жақсы жандарға рақмет айтамын.

“Кешелі бері естіп, көріп отырғандарыңыздай бүгін @aspanfm радиосы әуе толқынында өз жұмысын бастады. Шіркін-ай, адамда арман деген таусылмайды екен ғой… Бір қызығы, көкейде тағы бір арман бүр жарды. Бұл арман, “Aspan FM” радиосы – сағынысқан достардың, алып ұшқан жастардың, аға буынның жасөркенмен жүздесіп, ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп, басқосатын ордаға айналса деймін”, – дейді Мейрамбектің өзі. 

“Мейрамбектің бастамасының болашағы жарқын болсын! "Жас келсе – іске" деген сөзді дәлелдеген жігіт. Біз де қартайып тұрған жоқпыз. Қыздай болып сахнада әлі жүрміз, жүре де береміз. Түрімізге сенбеңдер, көңіл жас. Радиоңда ән салып жүре берейік”, – деп құттықтады Мақпал Жүнісова.

Әншінің тілегінен кейін жанды дауыста Роза Рымбаева екеуі “Арыстың жағасында” әнін айтып берді. 

Тұсаукесер тойы Мейрамбек Беспаевтың 47 жасқа толған туған күн кешіне жалғасты.