Атылған киіктердің еті сатылымға шықты.
1600 теңге: Қазақстанда киік еті ашық сатыла бастады
4,028
оқылды

Қазір Қазақстан бойынша 7 комбинат ақбөкен етін сатумен айналысуда. Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етін тек ел аумағында сатуға рұқсат деп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz  КТК арнасына сілтеме жасап.

Ал мүйізі мен тұяғын үкімет ешкімге бермейді.

Жергілікті халық тарапынан келісі 1600 теңгеге бағаланған киелі жануардың етіне сұраныс та жоғары екен. Бұған киік етінің төрт түліктен арзан болуы себеп. 

Көпті алаңдатқан киік ату науқаны 1 желтоқсанда ресми тоқтатылады. Одан кейін ақбөкендерге мылтық көздегендер заң жүзінде жазаланады. Әзірге ауланған киік еті 7 ет комбинатына жөнелтіліп жатыр. Терісі сыпырылып, комбинат жанындағы дүкендерде бір келісі 1600 теңгеден сатылып жатыр.

Жергілікті халықтың бұл етке сұранысы жоғары, тіптен шұжық пен паштетке артық ет қалмай жатыр екен.

"Біз 7 ет комбинатын айқындадық. Комбинат жанындағы дүкендерде жергілікті халыққа сатылуда. Экспортқа ет шығарылмайды. Кәсіпорындармен келісімшартттар жасалған. Батыс Қазақстанда төртеу, Қостанайда екеу, Ақмола мен Қарағандыда орналасқан комбинаттар”, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрі егінін киік таптаған шаруалардың шығынын мемлекет өтемейтінін қадап айтты. Биылғы есеп бойынша ақбөкендер 1 млн гектар егін алқабын зақымдаған. Жергілікті әкімдіктер мен жауапты сала ведомствосы жыл соңында қанша бас киіктің ауланғаны жөнінде ақпар бермек. Әзірге киік популяциясын реттеу бойынша 8 мыңға жуық ақбөкен ауланған.