Оқырман назарына тараздық ақын, білікті педагог Гүлбану Жұмақадырованың өлеңдерін ұсынамыз.
Тіл – еркіндік, тіл – тәуелсіз, тіл – азат
547
оқылды

Сен  Ұлысың

 

Мен – қазақпын, сен – қазақтың тілісің,

Әлемдегі Ұлы тілдің бірісің.

Тамырымды қанша қиды, дегенмен

Мен тірімін, өйткені сен тірісің.

 

Мен – қазақпын, сен – қазақтың тілісің,

Сенсіз менің бітеледі тынысым.

Сенің Ұлы құдіретің соншалық – 

Қаһарлансаң мұздай суық, ал жұбатсаң жылысың.

 

Мынау менің, мынау сенің – тұғырың ,

Елестеткен арудың қос бұрымын.

Дана тілім, мына сенің арқаңда

Жер бетінде ұзақ менің ғұмырым.

 

Асау тайдай бұла тілім,

Ешкімнің де шалдырмаған құрығын.

Қазақ атты халық барда

Сенімдімін

Ұзақ сенің ғұмырың.

 

Ардан қымбат қазынасы халықтың,

Сен арқылы тарихыма қанықпын.

Ақ жүзіңді шала қалса көлеңке

Мен қайғыдан қан жыладым, қамықтым.

 

Мен – қазақпын, сен – қазақтың тілісің,

Әлемдегі  Ғажап  тілдің бірісің.

Сенің көркем бедеріңе бас игем,

Сен мен үшін Құдіретсің, Ұлысың.

 

Мен – Ұлымын, өйткені сен  - Ұлысың!

Сенің арқаң, оңға басып тұр ісім.

Өзің мені қолдамасаң, уа, Тілім!

Менің осы ұлылығым құрысын.

 

Мен – қазақпын, сен – қазақтың тілісің,

Сенсің менің бақ-берекем, ырысым.

Сенсің менің мөлдір бұлақ, саф ауам,

Сенсіз менің тарылады тынысым.

 

Тіл-құдірет, тіл –ғажап

 

Ұлт бар жерде тіл болуы – заңдылық,

Тілді ұлтқа берген құдай Жан қылып.

Тіл болмаса, ұлт емессің, мәңгүртсің,

Тілің барда сен Ұлысың мәңгілік.

 

Тіл – құдірет, тіл –ғаламат, тіл – ғажап,

Тіл – еркіндік, тіл – тәуелсіз, тіл – азат.

Тілің барда сен ұлысың мәңгілік,

Тіліңменен тәуелсізсің біл, Қазақ!

 

Тіл – данышпан, тіл – ақылшы, тіл – абыз,

Тіл – өткенің, тіл – тарихың тірі аңыз.

Болашағың, ұлттығыңның тұғыры,

Тіл – тамырың, тіл – жүрегің, ғұмырың.

 

Гүлбану ЖҰМАҚАДЫРОВА,

Тараз қаласы №46 орта мектебінің 

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі