50 жастағы ер адам кішкентай қызды үйіне алдап кіргізіп алған.
Алматы облысында көршісі зорламақ болған 7 жасар қызды құрбысы құтқарып қалған
1,420
оқылды

Алматы облысы Ақсеңгір ауылында жеті жасар қызды зорламақ болған күдіктіге қатысты жаңа мәліметтер шығып жатыр. Зәбір көре жаздаған жеткіншектің ата-анасының айтуынша, 49 жастағы көршісі ойнап жүрген қызды алдап шақырып, үйінде бейәдеп қылықтар жасаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

 

Ал ауыл тұрғындары жасы елуге таяп қалған көршінің былтыр да үш қызды үйіне апарып зорламақ болғанын айтады.

Жұрттың айтуынша, ауыл балалары жиі жиналып асыр салып ойнайтын жеріне келіп, сырттай бақылап тұрған Кәрімхан есімді тұрғын жеті жасар жеткіншекке «тәтті беремін» деп алдап, өз үйіне кіргізіп алады. Сөйтіп сонда білгенін істепті. Баласының болашағына балта шаппайын деп, қыздың әке-шешесі жүзін көрсетуден бас тартты. Бірақ желіде желдей есіп жүрген «зорлады» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Көршінің қызына «далада тұра тұр» деген. Содан менің қызымды үйге кіргізген. Кіргеннен кейін қолынан жетектеп жатын бөлмеге апарған. Өзі төсекке отырып, қызымды алдына алып, денесін сипалап ұстаған. Қызымның айтуынша, біраз уақыт ұстап отырған да, жанына түсіріп қойып, өзінің шалбарын тізесіне дейін түсірген. Түсіріп, «менікін көресің бе?» деген. Абырой болғанда, сол сәтте сыртта күтіп тұрған өзге қыз қақпадан кіріп қалған. Сөйтіп көршісі сасқанынан қыздың қолына екі алманы ұстатып, үйден шығарып жіберген», – дейді кішкентай қыздың анасы.

Ерсі қылық танытып жүрген азамат алыстағы адам емес. Екі үйдің арасы небәрі бір-екі ақ түтін. Қыздың шешесі онымен 12 жыл араласқанын, әрі талай мәрте дастархандас болағанын айтып отыр. Әйелі мен екі баласы бар екен. Өзі мал саудасымен айналысады.

Көршінің қатаң жазаға тартылып, көшіріп жіберуін қыздың ата-анасы ғана емес, ақсеңгірліктер де талап етіп отыр. Өйткені 50-ге таяп қалған көршісінің ауылдағы қыздарға анайы қылық танытып жүргені алғаш рет емес дейді. 

Өткен аптада болған оқиғаға қатысты полицейлер тергеу жүріп жатқанын жеткізді. Қозғалған бапқа сәйкес, күдікті 20 жыл немесе өмір бойы темір торға қамалуы мүмкін.

«ҚР ҚК 121-бабының 4-бөлігі бойынша аудандық полицияда дереу тіркелді. Жедел іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1974 жылғы К. есімді күдікті азаматты ұстады. Сот санкциясымен ұсталған адам сотқа дейінгі тергеу жүргізу кезінде екі ай мерзімге қамауға алынды», – деді Жамбыл ауданы ПБ бастығының орынбасары Ғалым Нариманұлы.

Фото: Polisia.kz