58 жастағы тұрғын теміржолда қой баққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысында жүк пойызы 16 қойды басып кетті
641
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысы Белоградовка-Жаңаесіл өткелінде жүк пойызы 16 қойды басып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, Белоградовка-Жаңаесіл өткелінде жүк пойызының машинисі жедел тоқтау үшін тежегішті басқан. Алайда теміржол үстінде жайылып жүрген қойлармен соқтығыспау мүмкін болмады. Салдарынан 16 қой сол жерде өлді. Ал пойызды 10 минут жолдан қалдыруға тура келді.

Тексеріс барысында түліктің иесі анықталды. СҚО-ның 58 жастағы тұрғыны теміржолда қой баққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінде пойыздардың шұғыл тоқтауының 1624 фактісі тіркелді, оның 1077 жағдайында теміржол үстінде үй жануарлары жүрген.