Махамбет ауданында «ДаМу» логопедиялық орталығы ашылды.
Атырауда Махамбет ауданында ерекше балаларға арналған логопедиялық орталық ашылды
1,041
оқылды

Махамбет ауданында «ДаМу» логопедиялық орталығы ашылды.

Орталық психо-сөйлеу дамуының кідіруі (ЗПР), сөйлеудің жалпы дамымауы (ОНР), аутизм спектрінің бұзылуы, зейін тапшылығы мен гиперактивтілігінің бұзылуы (СДВГ), алалия, дизартрия және дислалиясы бар балаларды қабылдайды.

Орталықтың ерекшелігі – дидактикалық принциптер негізінде сөйлеу бұзылыстарын кешенді дамыту, түзету және ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқыту. Орталық 2 жастан 15 жасқа дейінгі 100 балаға арналған және мұнда логопедтер, АВА терапевттер, АФК нұсқаушылары, білікті мұғалімдер жұмыс істейді. Сондай-ақ, өзге қалалардан келген тәжірибелі әріптестер онлайн және офлайн форматта мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру үшін үнемі шеберлік сыныптарын ұйымдастырады.

– Қазіргі уақытта Махамбет ауданында тек мемлекеттік психологиялық-педагогикалық көмек көрсету кабинеті жұмыс істейді және бір мектепте логопед-дефектолог бар. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың көп болуына байланысты кезектер пайда болады. Осы себепті көптеген отбасылар балаларды қаладағы орталықтарға апаруға мәжбүр. Мұны кез келген отбасының жағдайы көтере бермейді. Сондықтан, өткен жылы мен логопед ретінде өз кабинетімді ашуды шештім. Маған осындай диагноз қойылған 2 жасар қызыммен көбірек уақыт өткізіп, айналыса алатыным мен үшін қосымша мотивация болды, – деді «ДаМу» орталығының жетекшісі Назерке Самешова.

Айта кетейік, Н.Самешова «Жарқыра» бағдарламасының әлеуметтік кәсіпкерлеріне арналған байқаудағы жеңісінің арқасында өз орталығын кеңейтіп отыр.

Баян Жанұзақова