ЕҰУ мен AлЭС бірлескен жобасы «жасыл» сутегін өнеркәсіптік деңгейде өндіру және оны табиғи газбен оңтайлы араластыру мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған.
ЖЭО отынына арналған жаңа технологияны ЕҰУ және АлЭС әзірлеуде
990
оқылды

«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ  және «Алматы электр станциялары» АҚ қоршаған ортаны қорғау және газ-сутегі отынының қоспасын пайдалану бағытында  ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды. Тараптар атмосфераға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайту үшін отынның жаңа түрін өндіру технологиясын әзірлеуге ниетті.

ЕҰУ мен AлЭС бірлескен жобасы «жасыл» сутегін өнеркәсіптік деңгейде өндіру және оны табиғи газбен оңтайлы араластыру мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған. Жаңа технология атмосфераға көмірқышқыл диоксиді қалдықтарын азайтуға, табиғи газдың жағылу тиімділігін арттыруға және оның шығындарын төмендетуге қажет.

ЕҰУ ғалымдары сутегі энергетикасы саласында 15 жылдан астам уақыттан бері ғылыми қызметпен айналысып келеді. Университет профессоры Қайрат Кутербеков өнеркәсіптік кәсіпорындардың ауаны ластау деңгейін төмендету үшін экологиялық таза және жаңа ғылымды қажетсінетін технологияларды әзірлеу бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Ғалым сутегі энергетикасы атмосфераға зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік беретін негізгі бағыттардың бірі екендігін алға тартады.

«Университетіміз ғалымдардың ғылыми ізденістерін қолдап, қажетті жағдай жасап отыр. Біз Қазақстанда бірінші рет сутегі энергетикасы технологияларын дамыту, сутегін өндіру және сақтау бойынша жобаларға бастамашылдық таныттық және оларды орындадық. Енді AлЭС-пен бірлескен жоба аясында қазіргі озық және тексерілген технологияларды, бақылау-өлшеу жабдықтарын зерттеуді және қолдануды жоспарлап отырмыз. Газ-сутегі отынын араластыру процесі әр кезеңнің нәтижелерін ескере отырып, біртіндеп және дәйекті түрде жүзеге асырылады. АлЭС-тің тәжірибелік-өнеркәсіптік учаскесінде алынған нәтижелер бойынша процестің барлығын жылу электр стансасяна енгізу үшін ұсынылады. Эксперименттік және практикалық тұрғыда аралас «газ-сутегі» отыны белгілі бір арақатынаста газ желілеріне және тек энергетикалық газ турбиналық станциялар үшін ғана емес, сонымен қатар үйлерді жылыту кезінде де, қарапайым газ плиталарының оттықтарында да оңтайлы екендігі анықталды. Отынның бұл түрі жоғары жылу өткізгіштікке ие және оның тағы бір маңызды артықшылығы қоршаған ортадағы «көміртегі ізі» айтарлықтай төмендейді, өйткені сутегі жану кезінде көміртегі түзбейді», – деп түсіндірді ЕҰУ жанындағы «Еуразиялық физика-энергетикалық зерттеулер және ғылымды қажет ететін технологиялар институты» ҒЗИ директоры, профессор Қайрат Кутербеков.

«Алматы электр станциялары» АҚ еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Расул Оңалбаев Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарымен екі-үш жылдық бірлескен жұмыс жоспарланып отырғанын атап өтті. 

«Біз осы бағытта жемісті жұмыс істейміз деген ойдамын. Жақын арада Алматының экологиясын жақсартатын жаңа технологияларды енгізіп, қоршаған ортаны қорғау саласына өз үлесімізді қосатынымызға сенімдімін», – деді Расул Оңалбаев.

ЕҰУ бұл салада жоғары деңгейдегі ғылыми-технологиялық негіз қалыптасқан және бірегей арнайы құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап университет ғалымдары Сутегі энергетикасы бойынша құзыреттілік орталығын құруға, Қазақстандағы сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасы мен стратегиясын талқылауға белсенді қатысуда.