Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева ұлы Әли Оқапов «Құрмет» орденін қайтарып берем дегенде қандай күйде болғанын айтты.
«Түні бойы көз ілмедім»: Роза Рымбаева баласы Әлиге жасалған қысым жайлы айтты
10,085
оқылды

Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева ұлы Әли Оқапов «Құрмет» орденін қайтарып берем дегенде қандай күйде болғанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.

«Елдің шулап жатқанын тек үшінші күні ғана білдім. Алдында балама орден бергенін естіп едім. Осы хейттен кейін сол күйі сахнаға ән шырқауға шықтым. Өзім, мейлінше, жағымсыз нәрселер айтылатын бағдарламаларды ешқашан қарамаймын. Ұлдарым мені бәрінен қорғап жүрді. Әли марапаттарынан бас тартамын деп видео түсіргенде жұмыс істеп отырғанмын. Мәди де қатты уайымдады. Осыдан кейін түні бойы көз ілмей шықтым. Не жыларымды, не шыдарымды білмедім. Жұрттың жазғанын оқымағаным қандай жақсы болған?!» – дейді Роза Рымбаева журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ешқандай марапат, орден өмірді жақсартпайды. Әншінің ұстанымын да, кәсібилігін де өзгертпейді.

«Ән әлемінде жүргеніме 50 жылға жуықтады. Музыкалық мектептегі алғашқы сыныбынан-ақ ұлдарымда кәсіби білім бар. Бұған уайымым жоқ. Олар педагог болып сабақ бере алады. Басқару ісіне де шамалары жетеді. Оркестрде пианино тартып, музыка өңдеуге де қауқарлы. Бұл марапаттың, құрметті атақтың бәрі өмірімізге өзгеріс әкеле алмайды. Музыкада жүріп, байып кетпедік. Тіпті, таңнан кешке дейін тойдан шықпайтын сұранысқа да ие болмадық. Өз жұмысымызбен айналысып жүрміз, сол күйі жалғастыра береміз», – дейді атақты әнші.

Ал Әли Оқапов өзі министрлік жарты жыл бұрын құжаттарын сұратқанын, бірақ ол кезде «Құрмет» орденін алатынын білмегенін айтты.

Бүгін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әли Оқаповқа берілген «Құрмет» ордені өзінде қалатынын айтты.

«Әли Оқапов әлеуметтік желідегі хейттен кейін мемлекеттік награданы қайтарып беремін деп эмоцияға берілді. Шығармашылық адамы болғаннан кейін жағдайды эмоционалды тұрғыда қабылдаған. Өзі айтты: «Аида Ғалымқызы, шынымен де бәрі жан-жақтан талаған кезде, менің еңбегім емес деп, анаммен салыстырып жатқаннан кейін шыдамадым», – деді. Қазір еш мәселе жоқ, бәрі дұрыс. Берілген орден өзінде қалады», – деді министр.

Фото: instagram.com/aliokapov