Бойжеткеннің ата-анасы өз бетінше екі күн бойы іздеген, алайда еш нәтиже шықпаған.
Түркістан облысында жоғалып кеткен қыздың не істеп жүргені мәлім болды
18,037
оқылды

Түркістан облысында жоғалып кеткен жасөспірім даяшы болып жүрген жерінен табылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Созақ аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түсті. Ол қызының сағат 13:00 шамасында үйінен шығып, хабарсыз кеткенін айтады.

"Бойжеткеннің ата-анасы өз бетінше екі күн бойы іздеген, алайда еш нәтиже шықпаған. Содан соң полиция қызметкерлеріне арызданып, көмек сұраған. Полиция қызметкерлері бірден бойжеткен қызды іздеуге бағытталған шаралардың барлығын атқарды. Таныстарының, туыстарының үйлерін жіті бақылап, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 1 тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, 400 км қашықтықта орналасқан Жетісай қаласында даяшы болып жұмыс істеп жүрген жерінен табылды", – делінген полиция хабарламасында.

Өз кезегінде қызының дін аман табылғанына қуанған әкесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.