Белгілі жазушы Ақан Нұрманов­тың туғанына биыл 90 жыл толып отыр. Осыған орай Ұлттық ака­демия­лық кітапханада «Алыс та жақын Ақан Нұрманов» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Осы жұрт Нұрмановты біле ме екен?
936
оқылды

Жиынға зиялы қауым өкілдері, жазушының көзін көрген қалам­герлер, мемлекет және қоғам қай­раткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын «Ақан да аққан жұлдыз Арқа­дағы» атты Ақан Нұрмановтың өмірі мен шы­ғармашылығына арналған видео­ролик­пен ашылды. 

Қарымды қаламгер туралы жылы есте­ліктер легін Халық жазушысы, ҚР Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік бастады.

– Әдетте оқырман жазушыны шығар­масы арқылы таниды. Адамның жеке басының өзі бір шығарма ғой. Адамның мінез-құлқы, өмірдегі жүріс-тұрысы, қо­ғамдағы орны туралы оны көзі көргендер айтады. Ақан Нұрмановпен заманымыз бір болды, ол менен сегіз жас үлкен. Біз университет бітірген кезде Ақан жас жігіт еді, ол кезде екі прозалық жинағы жарық көрген, бірақ өзі өте тұйық кісі болатын. Көп сөйлемейтін. Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази секілді достары жарқын сөйлеп, күліп жүргенде Ақан төмен қарап отыратын еді. Содан кейін Ақанның тағы бір жинағы шықты, ол повесте әлеуметтік мәселелер баса айтылып, адамның жан дүниесі ашылмай қалған секілді көрінді. Сөздің шыны керек, менің Ақанға деген үлкен ықы­ласым болмады. Жақын араласпадық. 1968 жылы Ақан қайтыс болды, 35 жас­тағы жап-жас жігіт еді. Үйіне көңіл айтып бардық, жазушылар болды. Арасында Әбу Сәрсенбаев, Мұқағали Мақатаев бар еді. Сонда есімде, Мұқағали булығып отырып: «Ақан өмірде түк көрген жоқ, көзі тірісінде  қаламдастарынан да жақсы сөз естімеді» деп біраз сөйлеген. Содан «Құланның ажалы» жарыққа шыққаннан кейін біз Ақанды қайта танығандай бол­дық. Ол кезде ой-өрісі әбден орныққан, өз биігіне жеткен үлкен жазушылардай  жазған еді. Шығарма қандай шынайы! Оқиғасы қандай тартымды. Алғашқы бетінен бастап оқырманды жетелей жөнеледі. Осыдан кейін Ақанды басқа қырынан көрдік. Сөйтіп, Ақанның екінші рухани өмірі басталды. Бір нәрсені ашып айтуымыз керек, тәуелсіздік алғаннан кейін Кейкі батыр туралы  көп дүние айтылып та, жазылып та жатыр. Бірақ Ақан туралы айтқан бір адамды естігенім жоқ. Кейкіні тірілткен Ақан болатын. Сонау 60-жылдардың өзінде советтік идеологияның күйіп тұрған кезі еді. Кейкінің атын айта алмайтынбыз, сол кезде үндемей жүріп, осындай ғажап шығарманы жазу – үлкен ерлік. Шығар­маның екі-үш тарауы орысша жазылып, аяқталмай қалды. Оны досы Қалихан Ысқақ қазақшаға аударып, соңғы нүкте­сін қойды. Ақан өмірден ештеңе көрмей кетті дейміз, бірақ оның қандай жазушы екенін жұрт біледі. Алайда ол кісіге деген құрмет әлі де жетіңкіремей жатқан секіл­ді. Ақанды кеңінен дәріптеу, оның қазақ әдебиетіндегі орнын анықтау – болашақ­тың ісі, – деп ойын түйіндеді.

Әрі қарай  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік  Тұрғынбекұлы жалғап кетті. 

– Ақанның шаңырағы өте қонақжай еді, жас күнімде осы кісінің үйінде тұр­дым. Рамазан Тоқтаров, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков Ақанның үйінен шықпайтын. Олар Ақанның жазғандарын жоғары бағалаған. Өзі үндемейтін кісі еді, көп сыр аша қоймаған. Мектепте жүр­генде-ақ аудандық кітапхананың кітап­тарын оқып бітірген. Оқымаған кітабы жоқ. Мұқағали Ақанды жақсы көретін. «Светіңе, радиоңа, бәріне арнап өлең шығарамын» десе, оған Ақан мәз болатын еді, – деді ол.

Сауытбек Әбдірахманов қаламгердің шеберлігінен сыр шертті. «Жаңа алдында қаламгер туралы бейнебаянда «Есен­бер­линнің ерлігін қайталаған» деген өлең жол­дары болды. Есенберлиннің «Қаһа­ры» 1969 жылы шықса, Ақанның «Құлан­ның ажалы» романы 1968 жылы жарыққа шықты. Сонда ол қалай Есенберлиннің ерлігін қайталайды? 1968 жылы Тахауи Ахтановтың «Боран» романы мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының бірінші кітабы шықты. Әрі Ақанның «Құланның ажалы» рома­нын жазуы  қазақ әдебиетіндегі проза үшін резонанс болды. Бұл – өз кезеңіндегі батылдығы, стильдік ерекшелігі, жаңа­шыл­дығы бөлек шығарма. Егер Ақан 60-қа жетіп, «Құланның ажалы» сияқты үш роман бергенде, қазақ әдебиеті ға­жа­йып олжаға кенелер еді. Қазір қаламгердің осы туындысына жаңаша қарай­тын кез келді. Осы шығарманы Қалихан ағамыз аяқтағанымен, соңғы тарауы сол күйінде қалғанда әлдеқайда жұмбақ болар еді деп ойлаймын. Бастысы, Ақан Нұрмановтың осы романынан үйренетін өнегенің бірі – білім мен мәдениет», – дейді публицист.

Драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова да Ақан ағаның шығармашылығы туралы пайымды пікір білдірді.

– Сайын, Әкім ағалар әңгімесінде екі адам туралы айтатын. Олар – Ақан Нұр­манов пен Тельман Жанұзақов. Екеуі де өмірден ерте кетті. Әкім ағаның күнде­лігінде «Бір кезде Ақан қайтыс болғанда біз достан айырылдық деп күйіндік, енді қарасам, ол тек дос қана емес, бүкіл қазақ үлкен талантынан айырылған екен, үл­кен бір үмітінен айырылған екен» деп жазыпты. Ол кісі «Аққу шоғыры» повесін классика деп бағалады. Повесте қандай қоңыр мұң жатыр, осындай мұңмен қалай өмір сүреді екен?! Соған қызығып, кеше бұл туындыны қайта оқып шықтым. Шығармада бір ауылдың әлеуметтік жағ­дайы ғана сөз болмайды. Болат есімді кейіп­кердің әкесі қайтыс болған. Анасы аудан орталығына кеткен. Өзі жапан далада мал бағып жүр. Үйде әкесінің мәйіті жатыр, жерлейтін ешкім жоқ. Осыдан-ақ сол уақыттарда қоғамдағы адам­ның құны  мен қадірін білеміз. Ақан ағамыздың шеберлігі сондай, кез келген шығармасының сюжеті фильмге бергісіз. Өйткені шығармасынан дайын кадр­ларды көріп отырасың, – деді.

Сондай-ақ конференция барысында Қостанай облысы Амангелді ауданы Ақан Нұрманов атындағы мектептің ди­ректоры Қуандық Шоңғалов «Ақан Нұр­манов шығармаларының оқушыларға бер­етін тәрбиелік маңызы» атты баян­дама оқыды. Жиын соңында жазушының туысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айтжан Нұрманова мен Жомарт Нұрма­нов сөз сөйлеп, іс-шара өткізушілерге алғысын білдірді. Сонымен қатар жылы естелігімен бөліскендерге Ақан Нұрма­новтың бейнесі басылған төсбелгіні тарту етті.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ