Батыс Қазақстан облыстық Дене шынықтыру және спорт бас­қар­ма­сы­на жақында жаңа басшы тағайындал­ды. Бұл орынға облыс әкімінің өкімі­мен Нығметуллин Жеңіс Махам­бетұлы отырды.
Олимпиадалық спорт түрін дамытуға басымдық беремін – Жеңіс Нығметуллин
1,966
оқылды

Жаңа басшының алға қойған жоспарлары қандай? Өңірде спорт саласында кемшіліктер бар ма? Ол олқы­лық­тарды қалай түзейміз?  Осы орайда біз басқарма басшысына бірнеше сауал қойған едік. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қытайда өткен XIX жазғы Азия ойын­дарының жүлдегерлерін қабылдауы кезінде қазір спортқа мықты реформа керектігін атап өткен болатын. «Ашығын айтуымыз керек, нәтижеміз мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиім­ді жұмсалмайтынын көрсетеді. Мұн­дай жағ­дайға жол беруге болмайды. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни ре­форма қажет. Тиісті министрлік осы мәсе­лені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жол­дарын ұсынуы керек», – деген еді. Сіз осы салаға келген жас бас­шысыз. Алға қандай мақсат қойып отыр­сыз? 

– Бірінші кезекте олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға күш саламын. Сонымен қатар біздің өңірге тән, біздің жақтың спорт­шыларының табиғатына келетін спорт түрлері бар. Атап айтсақ, байдарка және каноэ есу, дзюдо, әйелдер күресі, біздің шорт-трекшілер және соңғы жылдары өте жақсы көрсеткіш көрсетіп жүрген садақ атушыларды атап өтер  едім.  Біздің байдарка және каноэ есушілеріміз  соңғы жылдары өте үлкен жетістікке жетіп жүр.  Бұлардың бәрі – олимпиадалық спорт түрлері. Бұлар біздің өңірде өте жақсы дамыған.

– Сөздің басын өңірдегі спорттық кешендерге қарай бұрсақ. БҚО-ғы спорт­тық нысандардың жай-күйі қалай?

– Жалпы облыста Спорт басқармасына бағынысты 27 мекеме бар. Олардың бәрі спорт саласына үлес қосып жүрген мекеме­лер. Оның ішінде 22 балалар және жас­өспірімдер спорт мектебі бар. Олардың 13-і аудандық, ауылдық жерде қалғаны осы Орал қаласында орналасқан. Олар – әртүрлі деңгейдегі балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі. Бұл мектептер спортшыны дайындайтын алғашқы баспал­дақ. Облыста олимпиада резервін дайындау орталығы, жоғары жетістіктер спорт мек­тебі және облыстық мамандандырылған олимпиада резервінің мектеп-интернат колледжі бар. Екі спорт клубы бар. Осы ұйым­дар өңірден талай мықты майталман спортшыларды шығарып келеді. Әрине, бұлардың қатарында күрделі жөндеуді қажет ететін спорт нысандары да бар. Кейбірінің материалдық-техникалық базасы әбден тозған. Біз ол жұмыстарды біртіндеп атқаратын боламыз. 

– БҚО-да спорттың қандай түрін дамы­туға күш салу керек деп есептейсіз?

– Біздің облыста спорттың 85 түрі бойынша жұмыс жүреді. Оның ішінде, кемшін тұстары әдетте бар. Біздің өңірде кенже қалып отырған спорт түрі – жеңіл атлетика. Жеңіл атлетика былай қарасаң, өте оңай спорт түрі секілді. Секіресің, жүгіресің түк қиындығы жоқтай. Бірақ бұл спорт түрі сырт көзге ғана солай оңай көрінеді. Біз қазір осы спорт түрін дамыта алмай отырмыз. Оған себеп инфрақұры­лымы­­ның жоқтығы, материалдық-техника­лық базаның тозығы жеткені. Одан бөлек, біздің өңірде жеңіл атлетиканы үйрететін, дайындайтын білікті маманның жоқтығы. Қазір біздің жеңіл атлетикаға қызығатындар жаздың күні П.Атоян  атындағы стадионда жаттығады. Бірақ ол жердің де жүгіру жо­лағы әбден тозған. Ал қысқы күндері жеңіл атлетикамен айна­лысатын жабық орын жоқ. Біз қазір бір жеке кәсіпкерден жалға алып отырмыз. Ол жер бірақ өте кішкентай, тар. 

Қандай спорттың болсын дамуына тек мемлекеттік құрылым ғана жауап бермейді. Сонымен қатар сол спорт түрін дамыту мақсатында құрылған, қолдау көрсететін федерациялардың қолдауымен жүзеге аса­ды. Біздер де өз кезегінде жеңіл атле­тика рес­публикалық федерациясына жылда сұраныс жібереміз. Бізге мамандар жібе­ріңіз, қолдау көрсетіңіз деген бағытта. Өкі­нішке қарай, біз әзірге оң жауап ала алмай келеміз. 

– Жалпы, өңірдің спорттағы жетістігі қалай?

– Бізде ең көп жетістік әкелетін бұл – олимпиадалық спорт түрлері. 2020–2021 жылдары   жазғы және қысқы олимпиада ойындары өтті. Спорттағы нәтиже, ең сыналатын жері бұл олимпиада. Сол жазғы және қысқы олимпиада кезінде Қазақстан құрамасы сапында біздің өңірден спорт­шылар өнер көрсетті. Олимпиада ойын­дарында су добынан  Қазақстан құрамасы сапында қақпашы  Павел Лепилин және қорғаушы болып  Данил Артюх , спорттық жүрістен Георгий Шейко құрама команда да бақ сынады.  Өкінішке қарай, бұл азаматтар Токио олипиадасында жеңіс тұғырынан көрінген жоқ. Одан кейін Бейжінде өткен қысқы олимпиада кезінде облыстан барған шорт - трекші Әділ Галияхметов жекелей сында финалға дейін жетіп, 8-ші орынға тоқтады. Ал команда­лық сында 5-ші орынға табан тіреді. Мұның өзі жақсы нәтиже. Себебі олим­пиада ойындарына сайдың тасындай ірік­телген ең мықты спортшылар қатысады. 

Бұлардан бөлек, паралимпиада, сурдо­олимпиада бар. 2022 жылы Бразилияда өткен есту қабілеті төмен спортшылардың арасында сурдоолипиадалық ойындар өтті. Сол ойындарда біздің  Дина Ержанова 3-ші орынға ие болып, қола медаль алды. Бұл да аймақ үшін үлкен жетістік. Халық­аралық олимпиадалардан бөлек ел чем­пионаттары да өтеді. Ол чемпионаттарда да біздің спортшылар жоғары спорттық шеберлік көрсетіп жүр. Тіпті, ел тәуелсіздік алғалы облыс тарихында болмаған жетістіктерді әкелген чемпиондар бар. Атап айтсам, ашық суда жүзуден  Данил Жандосов, ауыр атлетикадан  Өтепберген Алиев, Дзюдодан Көлбай Темірлан, Гаухар Ермағанбетова, еркін күрестен Нұржан Исағалиев, үстел теннисінен ағайынды Кенжеғұлов Дастан мен Айдос, Санжар Жұбанов секілді спорт­шылар Қазақстан чемпиондары атанды. Елімізге белгілі алда 2024 жылы Кореяда өтетін жасөспірімдер арасында олимпиада бар. Және 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада бар.  Осы ірі екі олим­пиадаға біздің өңірден қа­­ты­сады деп үкілеп отырған спорт­шы­ларымыз бар. Олардың қатарында бай­дарка және каноэ есуші Мария Бровкова да бар.   Себебі ол әлі жас, бар болғаны –18 жаста. Алда ол қатысатын талай олимпиада бар. Сол себептен жүлделі орын алады деп күтіп отырмыз. Қазір Марияға барлық қол­дау жасалып жатыр. Дзюдодан жасөспірім­дер арасында өткен  олимпиада жеңімпазы Нұрлан Исатаев деген баламыз әлем чемпионы атанды. Қазір біздің сол баламыз мамандандырылған меткеп-интернат колледжінде  білім алып жатыр. Қазір федерацияның қолдауымен алдағы уақытта Жапонияның Токио қала­сына оқу-жаттығу жиынына жүргелі отыр. Біз қазір осындай жастарымыздан алдағы уақытта үлкен үміт күтеміз. 

– Жалпы, БҚО-да спорттың дамуына жағдай толық жасалған ба?  

– Инфрақұрылым мәселесі өте өзекті. Бір ғана мәселені айтайын. Біздің Орал қаласында Халықаралық дәрежедегі чем­пионат, тіпті Қазақстан чемпионаттарын өткізуге арналған үлкен кешен жоқ. Қазір бізде ең үлкені Әйтиев атындағы спорт залы және мұз спорт сарайы, тенис залы ғана бар. Бірақ олардың өзі стандарттарға сәйкес келмейді. Біз ол спорт кешендерінде халықаралық чемпионатты айтпағанда, Қазақстан чемпионаттарын да өткізе алмаймыз. 

Осы олқылықты жою үшін  Президент Қасым -Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, облыс басшылығының қолдауы­мен биыл Орал қаласында үлкен көп функ­­ционалды спорт кешенінің құрылы­сын бастадық. Бұл спорт кешені барлық стан­дартқа сай салынатын болады. Ол жерде бір­неше спорт түрін дамытуға жағдай жасалады. Оның ішінде бассейін, садақ ату залы, үстел теннисі, батуттық гимнастика,  жеңіл атлетикалық манеж, ойын залы, футзал, волейбол, баскетбол залдары болады. Ең бастысы 1 200 көрерменге ар­нал­ған үлкен залы болады. Қазір құрылысы жүріп жатыр. Бұйырса 2024 жылдың аяғында іске қосуды жос­парлап отырмыз. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені салынатын болады. Сонда алдағы жылы осы екі спорт нысаны қолданысқа беріледі деген жоспарымыз бар. Бұлар спорттың дамуына, бұқаралық спорттың дамуына жаңаша серпін береді деп ойлаймын. 

– Балалар мен жасөспірімдер спорты жиі сынға ұшырайды. Балалардың спортпен шұғылдануына толық жағдай жасалмаған деген сын көп айтылып жүр. 

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында балалар спор­тын дамытуды, бұқаралық спортты дамы­ту­ды спорттағы басым бағыттар болу керек деп тапсырма берген болатын. Енді осы орай­да біздің облыстағы 27 спорт ұйымын­да облыс бойынша 15 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатқанын атап өткім келеді. Олар ол жерде спортпен кәсіби түрде айналысады, үлкен мектептен өтеді. Қазір спортқа бөлінетін қаражат көлемі үлкен. Бұрын-соңды спорт­қа дәл қазіргідей көңіл бөлінген емес. Мен өзім 2017 жылдан бері спорт саласында қыз­мет атқарған адам  ре­тінде мұны айта  аламын. Қазір біздің басқарманың бюджеті 11 млртан асады. Облыста жеке спорт сек­цияларымен 12 мыңнан астам бала қам­тылды. Балалар спорты дегенде қалалық жерде  спортпен айналысуға жағдай барын ескеруіміз керек. Бізде аздап ауылдарда қиындық бар. Себебі сол баяғы инфра­құрылымға келіп тіреледі. Ауыл балалары спортқа барғысы келеді, сұраныс өте жо­ғары. Сондықтан біз қазір ауылдағы ескі ғимараттарды, пайда­сыз тұрған кафе, мей­рам­ханаларды спорт кешендеріне айнал­дырып жатыр­мыз. Оны ауылдағы кәсіпкер­лердің қол­дауы­мен атқарып отырмыз. Сол ауылда жүріп спорттың алғашқы қадамын жасаған балалар кейін біздің қаладағы спорт интер­наттарына келеді, тәлім алады. 

– Жеңіс Махамбетұлы алдағы жоспар­ларыңыз қандай? 

– Қазір Дене шынықтыру және спорт туралы заңына өзгеріс енгізу жоспарланып жатыр. Бұрын жалпылама жазылған ұғым­дар нақтыланып, толықтырылуда. Мен өзім олипиадалық спорт түрін дамытуға күш салатын боламын. Себебі кез келген спорттың биік шыңы, олимпі – олимпиада. Негізі жұмысымда әділ әрі ашық болғым келеді. Біздің облыста спорт саласына халықтың сыни пікірі өте көп, сұрақтары да көп. Әсіресе, ақша қайда кетіп жатыр деген сұрақты көп қояды. Балалар спортына бөлінген қаржы сол баланың игілігіне жұмсалып жатыр ма деген сұрақты біздің тұрғындар ашық қойып жүр. Сондықтан да халықтың көкейінде сұрақ қалмайтындай ашық жұмыс істегім келеді. Мен ешқандай сыннан, ашық пікірден қорықпаймын, қашпаймын да. Әлеуметтік желі арқылы, басқармаға келіп те өз ойла­рын айтатын әр азаматқа ашық екенімді жеткізгім келеді. Халықтан түсетін ұсыныс­тарды қолдауға дайынмын. Өңірде бұқара­лық спортты дамытуға күш салғым келеді. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы