Биыл Жамбыл облысында азық-түлік бағасының инфляциясы 4,7 пайызға жеткен. Әсіресе, бидай өні­мінен жасалатын тауарлардың құ­ны қараша айы келе құбылып, бұлқына түсті.
Қымбатшылыққа қалай құрық саламыз?
1,265
оқылды

Күнделікті тұтынатын нан баға­сының 100 теңгеден 120 теңгеге өс­кені өңір жұртшылығының жа­най­қайын туғызғаны да жасырын емес. Осы орайда қандай кө­көніс құны көкке ұшты? Бағаны тұрақ­тандыру бағытында қандай жұ­­мыс­тар жаса­лып жатыр? Осы мәселеге майшам салып, тарап­тарды тыңдап көрдік. 

Ең әуелі бұқара бір айда азық-тү­лікке қанша қаржы жұмсайтынын біл­мек мақ­сатта тұрғындарды тілге тарт­тық. Дені­нің жауабы санаға салмақ са­лып, ойды сан саққа жүгіртті. 

 – Бір отбасына айына шамамен 100 мың теңгедей кетеді. Оның өзі тауар­ды үнемдеп тұтынып, кейбір түр­лерін мүлде сатып алып алмаған жағ­дай­да. Әйтпесе, орташа бір жанұяны асы­рау үшін 200-300 мың теңгеге дейін азық-түлік алуға жұмса­лып кететіні жа­сырын емес. Алайда ондай қаржы бә­рінде бірдей бола бермейді. Сон­дық­тан балаларымыздың аузын тәтті­ден тыйып, күнделікті тұрмысқа қа­жет­ті тауар­ларды ғана алып күнел­туде­міз. Бірақ со­ның өзінде жетпей жа­та­тын жағдайлар көп болады, – дейді Та­раз қаласының тұрғыны Гүлнұр Рият­қызы.

Меруерт Сашева да бұл ойға қосы­лады. Ол тіпті жолдасы екеуі екі жақ­тап жұмыс іс­тесе де, жыртығын жамай ал­май жүргенін жасырмауда. 

– Жолдасым екеуміз төрт бала тәр­биелеп отырмыз. Алайда екі жақтап жұмыс істесек те, жоғымызды түгендеу қиынға соғып жатыр. Олай дейтініміз – күнделікті азық-түліктен бөлек, балалардың киімі, сатып алатын қажетті дүниелері бар. Оған енді апта сайын баратын той-томалақты қосыңыз. Нәтижесінде, 200-250 мың айлық тапсақ та, қиналып қалатын сәтіміз көп. Сондықтан тұрмысқа ең қажетті азық-түлік бағасы тұрақты болса екен деймін, – дейді Меруерт.

Жалпы, халықтың қай деңгейде тұр­мыс кешіп жатқанымен тілдеспесек те, бір айлық азық-түлікке кемі 100 мың теңге кететінін айтады. Ал елімізде орташа ай­лық жалақы 85 мың теңге ретінде ресми көрсетілсе, сонда бір жанұяны асырау үшін айлықтың өзі жетпейтіні анық болып тұр. Мұндайда қайтпек керек?

Жамбыл облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту бас­қармасының бас маманы Ельяр Құрман­бектің айтуынша, билік өкілдері тарапына азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағы­тында кешенді шаралар қолға алыныпты. 

– Тараз қаласында 1-сұрыпты бидай өнімінен жасалатын нан бағасы­ның 100 теңгеден 120 теңгеге бірден қым­баттауы бұқараның шағымын туғызғаны рас. Қазір біз осы бағытта ауқымды жұмыстар жүр­гізіп жатыр­мыз. Бұйыртса, қабылданған шаралар­дың арқасында нан бағасы қайта 100 теңгеге тұрақтайды деген жоспар бар. 

Бұдан бөлек, өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы 7 500 тонна тауарға фор­вард­тық келісімшарт жасалды. Ол келісімге картоп, пияз, қырыққабат, сәбіз сияқты әлеуметтік маңызы бар көкөніс өнімдері кіреді, – дейді басқарманың бас маманы. 

Қараша айы келе жұмыртқаның да бағасы құбылып тұр. Сауда орын­дарында кіші жұмыртқаның бір данасы 54 теңгеден сатылып жатса, үлкен­дерінің құны 60 теңгеге жеткен. Яғни, қорапқа салынған 10 жұмыртқаны алу үшін 600 теңге шы­ғындайсыз. Облыстық Кәсіпкерлік және индус­триал­ды-инновациялық дамыту бас­қар­масының мамандары бұл бағытты да назардан тыс қалдырмағанын айтады. Олардың жоспары бойынша алдағы уа­қытта жүргізілген келісім­шарттар негізінде жұмыртқаның бір данасы 49 теңгеге түседі деп отыр. 

Жамбылда күріш бағасы да байлауға көнбей тұр. Дүкендерде 1 келі күріш 850 теңгеден саудалануда. Ал көтерме сауда орындарында 700 теңге болса, 5 келі қаптағы күріш 3 500 теңгеден өтеді. Халық қаптап алып ұтуға тырысқанымен де, оған да аз ақша кетпейді.

Тараз қаласы әкімдігінің кәсіп­керлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі берген ақ­паратқа сүйенсек, жыл басын­дағы ба­ғалармен салыстырғанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан 4 позициясы (күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті) бойынша 14-31 пайызға қым­баттау тіркеліпті. Ал шағын дүкендердегі тауарлардың 9 позициясының бағасы (күріш, сәбіз, қырыққабат, сиыр еті, майлылығы 2,5% айран, майлылығы 72,5% кем емес сары май, І санаттағы жұмыртқа, тұз, сүзбе) 3-52 пайызға шарықтап кеткен. Осы сандардың өзі ойландыр­май қой­майды. 

Қазір облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы әлеуметтік маңызы бар 9 тауар бойынша 16 053 форвардтық келісімшарт жасаған. Билік өкілдерінің артып отырған сенімі де осы. Алайда аталған келісім­шарттан қандай нәтиже шығатынын уақыт көрсете жатар. Бі­рақ 9 тауарға ғана фор­вардтық келісім­шарт жасап, азық-түлік бағасын то­лық­тай тұрақтандыра алмай­тынымыз айдан анық. Оған қоса, соңғы уақытта азық-түлік бағасын негізсіз өсір­ген 62 бизнес өкіліне хаттама толтырылған. Осыған қарап-ақ сауда орындары мәмілені ұстанып, бағаны тұрақты ұстайды деп айту қиын. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы