Алаяқ алдын ала төлемді онлайн аударыммен алып отырған.
Жоқ пәтерді жалға берген алаяқ ұсталды
1,032
оқылды

Астанада жоқ пәтерді жалға берген алаяқ ұсталды,  деп хабарлайды Aikyn.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елордада пәтер жалдап, брондауға тапсырыс берген екі азамат полицияға хабарласып, белгісіз әйелге әрқайсысы 12 мың теңгеден беріп, алданып қалғандарын айтып, арызданған.

Алматы аудандық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру  шаралары барысында жылжымайтын мүлік бойынша алаяқтықпен айналысты деген күдікпен 35 жастағы әйелді анықтады. Қазір оның екі алаяқтыққа қатысы бар екені белгілі болды.

Бірақ алданғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін деген болжам бар. Анықталғандай аталған күдікті Астанадағы танымал жылжымайтын мүлік сайтында жалға берілетін баспана туралы жалған хабарландырулар жариялаған. Онда жалдау бағасын төмендетіп көрсетіп, интерьердің түрлі-түсті фотосуреттерін қойып, адамдарды қызықтырған. Сөйлесу барысында әлеуетті жалға алушылармен үзіліссіз телефон арқылы хабарласып, барынша әртүрлі әдіспен ақшаларын жымқырудың жолын іздеген. Сөйтіп, алдын ала жасалған төлемдерді Kaspi bank қосымшасы арқылы онлайн аударыммен алып отырған.

Аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір қалған зардап шеккендердің кім екені анықталуда.