«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғаса бермек.
Сайлауалды бағдарламаның орындалуы – партияның қатаң бақылауында
1,040
оқылды

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы әрбір тұрғынның әл-ауқатын арттыруға арналған. Бағдарламалар аясындағы уәделер орындалғанда инженерлік-коммуникациялық, тұрғын үй және жол инфрақұрылымдарының өзекті мәселелері, сонымен бірге медициналық қызмет көрсету, білім беру және басқа да салалардың сапасы жақсармақ. Бүгінде сайлауалды бағдарламаның орындалуы  партияның қатаң бақылауында.  

Бағдарламаның «Сапалы білім беру үшін жағдай жасау» бөлімінде Түркістан облысындағы 983 мектептің 24-і үш ауысымды, 8-і апаттық жағдайда екені айтылған.  Партия алдағы 5 жыл ішінде білім беру сапасын арттыруға және білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмыс істейді. Нәтижесінде, өңірдегі 2027 жылға қарай үш ауысымды және апатты мектептер саны азаяды.

Үш ауысымды және апаттық мектептердің мәселесін шешу барысында биыл 33 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Арыс қаласында, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас аудандарында 1,5 мың оқушыға арналған 5 мектеп, 1,3 мың адамға арналған 2 спорт кешені, оның ішінде Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» пайдалануға берілді.

Соның бірі – Сарыағаш ауданы Ақжар ауылдық округі, Бағыс елді мекеніндегі №23 Ғ.Мұратбаев атындағы білім ұясының құрылысы. 300 оқушыға арналған жалпы орта мектебінің құрылысы 2022 жылы басталған. Жаңа оқу жылының басында заманауи үлгіде  пайдалануға берілген  мектепте балалардың сапалы білім алуы үшін қолайлы жағдайдың барлығы бар. Химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи  құралдармен  және интерактивті тақтамен жабдықталған. Тігін үйірмесіне толықтай жабдықталған бөлме, кең спортзалы, асхана мен медициналық кабинеттер бар. Әрбір бөлме арнайы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен қамтылған. Өртке қарсы дабыл қаққыш, сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары, жеделсаты да орнатылған. Құрылысына 1 285 000 000 теңге бөлінген мектеп құрылысын «Строй –Проект инвентаризация» ЖШС  жүргізді. 

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жұмыстары  одан ары қарай жалғаса бермек. 

 

Назгүл НАЗАРБЕК

Түркістан облысы