Тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді.
Спортшы қыздың өлімі: Ақтауда екі полицей қызметінен босатылды
953
оқылды

Ақтауда Өзіндік қауіпсіздік департаменті екі полицейдің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісін тексергеннен кейін тәртіптік комиссияның шешімімен олар қызметінен босатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

 

Lada.kz жазуынша, қазір Валерия Шалнованы өлтіру және зорлау ісі бойынша полицияға қарсы тергеу жалғасуда. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді (ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы).

Тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз ету мақсатында тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелді.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексерумен бір мезгілде қызметтік тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесінде Маңғыстау облыстық  Полиция департаментінің тәртіптік комиссиясының шешімімен екі полиция қызметкері қызметінен босатылды»,  деп хабарлады Маңғыстау облыстық прокуратурасы.

Құзырлы орган өкілдері қызметкерлерді қызметінен босату оларды жұмыстан шығаруды білдірмейтінін атап өтті. Соңғы шешім Антикор толық тексеру жүргізгеннен кейін қабылданады.

Еске салайық, Ақтауда танымал спортшы, бірнеше жыл бойы қоян-қолтық ұрыспен кәсіби түрде айналысып, көптеген марапатқа ие   Валерия Шалнова із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Бір күннен кейін, яғни  2 шілдеде оның мәйіті канал маңынан табылды. Полицейлер қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге итермелеу») бойынша қозғалып жатқанын хабарлады. Кейінірек бұл істі «қауіпті жағдайда қалдыру» санатына ауыстырды. Ал содан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша тергеу басталды.

Марқұмның әпкесі Каролина Шалнова туыстарына қорытынды берілмегенін, сол себепті тәуелсіз сарапшыларды шақырып, 21 жастағы Валерияның өлімінің нақты себебін анықтай алмағанын айтқан бейнеүндеу жариялады.

30 қазанда тәртіп сақшылары мәлімдеме жасап, әріптестерінің кінәсіздігін алға тартты. Алайда жәбірленушілер жағы мұнымен келіспейді. Марқұмның әпкесі спортшының өлтірілгенін полиция прокуратураның араласуынан және қоғам наразылығынан кейін ғана мойындағанын мәлімдеді.

Фото: lada.kz