Депутаттың айтуынша, "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарының көпшілігі өз міндеттерін орындамайды, тіпті, Қазақстанға қайтып оралмайды.
"Ұрлық фактісі бар": Депутат халықаралық бағдарламаны сынға алды
801
оқылды

Сенат депутаты Андрей Лукин халықаралық бағдарламалар орталығын “Болашақ” бағдарламасына бөлінген қаржыны ұтымды пайдаланбағаны үшін сынға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша 15 мыңнан астам стипендиат шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, 12 мыңнан астам маман даярланды. 12 жыл ішінде бұған 200 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

"Орталықтың жұмысын дұрыс ұйымдастырмау және Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан тиісті үйлестіру шараларының болмауы салдарынан шетелде кадрларды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға бөлінген қаражат ұтымсыз игерілуде, ұрлық фактілері болуда”, – деді депутат Лукин депутаттық сауалында.

Сондай-ақ ол стипендиаттардың еңбек қызметін бақылаудың және оларды оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын өтеудің тиімді тетігі жоқ екенін айтты. Кейбір стипендиаттар Қазақстан Республикасына қайту талабын бұзып, елде мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Сенатор мұндай мыңдаған фактілердің белгілі екенін атап өтті.

Шәкіртақыдан айырылған 340-тан астам адамның және бас тартқан 60-тан астам адамның қарызы 6,5 миллиард теңгеден астам қаржыны құраған.

"Алынған білім пайдаланылмайды, жоба кей жағдайда эмиграция құралына айналды, 270 түлек шетелде қалып, жоба білім беру туризміне айналды. Негізі орталық "Еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне сәйкес шетелде мамандарды даярлаудың нашар ұйымдастырылғанын көрсетеді. Мұндай жағдайға стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың жоқтығы, тиісті министрлік тарапынан тиісті үйлестірудің болмауы себеп", – деді Лукин.