Ол алаяқтық топ ұйымдастырушыларының бірі болған.
Халықаралық іздеуде жүрген маңғыстаулық азамат Түркияда ұсталды
2,523
оқылды

Маңғыстау облысының Полиция департаменті тұтқындау және экстрадициялау мақсатында халықаралық іздеу жарияланған 32 жастағы жігіт Түркия Республикасының аумағында ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол "Oceans Enterprise” компаниясының атынан әрекет ететін алаяқтық топ ұйымдастырушыларының бірі болған.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде Smart Trade Сoin деп аталатын криптовалютаны сатып алу арқылы жылдам ақша табу мүмкіндігі туралы ақпарат таратумен айналысқан.

– Сотқа дейінгі тергеу барысында 60-тан астам жәбірленушіден өтініш түскен. Алданған азаматтарға келтірілген шығын көлемі – 212 млн теңге. Қазақстанның Түркиядағы елшілігімен тығыз қарым-қатынас жасай отырып, ол Астана қаласына жеткізіліп, қамауға алынды, – деді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.