Жамбыл облысында спорт мектебінің қызметкерлері 16 миллион теңге жымқырған

Шенеуніктер бюджет қаржысын жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін аудару арқылы жымқырған.

Меркі ауданы прокуратурасы Меркі ауданы №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің лауазымды адамдары қызметтік жағдайын пайдаланып, басқа да тұлғалардың көмектесуімен аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқыру фактісін анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мемлекеттік қызметшілердің қылмыстық әрекеттері жастар арасында спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатын жұмсау заңдылығын тексеру нәтижесінде әшкереленді, – деп хабарлайды Kazinform Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шенеуніктер бюджет қаржысын жеткізілмеген тауарлар мен көрсетілмеген қызметтер үшін аудару арқылы жымқырғаны анықталды.

Яғни, 2020 жылдың 29 ақпанында №16 Спорт мектебі макеттер жасау және металл құрылғыларын дайындау үшін жалпы құны 2 млн теңгеден асатын соманы жеткізушіге төлеген, алайда соңғы аталған жұмыстарды мүлдем орындамай, бюджет қаражатын №16 Спорт мектебінің лауазымды тұлғаларының өтініштері бойынша қолма-қол ақшаға айналдырған және өзінің қызметі үшін жалпы сомадан 10% алып отырған.

Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал 16 млн теңгеден астам соманы құрады.

2022 жылғы 10 қазан күні бұл фактіні Меркі ауданы прокуратурасы ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімін тіркеп, облыс прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу басқармасы тергеді.

Тергеп-тексеру нәтижесінде 7 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа мәні бойынша қарау үшін жіберілді.

2023 жылғы 3 қараша күні Меркі аудандық сотының үкімімен №16 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры мен бұрынғы директоры бас есепші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және 4 көмектесуші мемлекеттік қызмет атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға сотталды.

Қылмыстық іс бойынша 6,7 млн теңге келтірілген шығын өтелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.