Алаяқтар да көш бастағысы келеді
Алаяқтар да көш бастағысы келеді
307
оқылды
Соңғы кезде Қазақстан қоғамында түрлі мәселелерді көтеріп, бұқараның мұңын  мұңдап,  жоғын жоқтап жүретін белсенділер қатары көбейіп келеді. Олар әлеуметтік желілерде де, оффлайнда да әрекет етіп жүр. Дегенмен қоғамдық пікірдің көшбасшысы болуға тырысатындардың да көлеңкелі тұстарын біреу білсе, екіншісі бейхабар. Тіпті, баз біреулерінің қылмысқа қатысы болғаны анықталып жатыр. Жалпы демократиялық құндылықтарды насихаттау, сөз бостандығын, пікір алуандығын сақтау қалыпты дүние. Қанша адам болса, сонша пікір. Плюрализм. Бүгінгі күннің талабы. Халықтың тілегін билікке жеткізуді мұрат тұтып, сол бағытта белсеніп шығу да жатырқайтын іс емес. Бірақ салмақты, салиқалы ой айтып,  қойған талаптарыңа өзіңнің сай келуің де міндет. Өкініштісі - саяси талаптарды жеке басының мүддесімен мидай араластырып, елді дүрліктіруге ұмтылатындардың бар екені жасырын емес. Қазір  қоғамда түрлі бағытта протесттік идеяның көшбасшысы болуға ұмтылып жүргендер баршылық. Олардың бірқатары бұрыннан саясатқа араласып, оппозициялық ұстанымда жүрсе, басқалары соңғы екі жылда сахнаға шықты. Мәселен, Жанболат Мамайды жұрт біледі. Ол бұрыннан билікке оппозициялық көзқараста жүрген азамат. Ара-тұра тергеу изоляторына түсіп тұратыны бар. Ал Тоғжан Қожалиева, Әсем Жәпишева, Әлнұр Ильяшев, Санавар Закирова, Марат Тұрымбетов тәрізді азаматтар соңғы жылдардың «өнімі». Айталық Т.Қожалиева 2010 жылдан бері «КазахИнстрах» компаниясы басқарама төрағасының кеңесшісі, «Медикер» ЖШС бас директорының  орынбасары қызметтерін атқарып келеді. Елдегі ең ірі «KazEnergy» қауымдастығының   атқарушы  директоры  қызметін де атқарған. Жақында ғана «ХАҚ» қоғамдық қозғалысын құру бастамасын көтерді. Әлеуметтік желілерде белсеніп,  қайраткер болып көрінгісі келіп отырған жайы бар. Рас, оған саясатпен айналысуға ешкім шектеу қоя алмайды. Бұл оның құқығы. Тек сырт көзге жылдар бойы энергетика саласында істеген «жоба-қайраткерге» бас-көз болып, ақыл-кеңес беретін «иелері» тұрғандай көрінетіні жасырын емес. Ал Ә.Жәпишева жас та болса, өз ойын айтып жүр. Бірқатар жобаларда  қызмет атқарған, YouTube-та жариялау мақсатында  суицид туралы деректі фильм әзірлеуге уәде бергенімен, оны аяқтаған жоқ. «Оян, Қазақстан» қозғалысының белді мүшелерінің бірі. Ол да әлеуметтік желіде белсенді. Әрине, елімізде кез келген азаматтың өз ойын айтуға,  саяси көзқарасын білдіруге құқы бар. Билікпен келіспеуге де болады. Бірақ бұл қозғалыс былтырдан бері үкіметтің ісіне балама бағдарлама, стратегиядан жасаудан көрі бір реттік акциялар өткізумен шектеледі. Яғни, жүйелі жұмыс емес, уақытша әрекетпен ерекшеленді. Онда қозғалыстың мақсаты не? Жұрттың назарын өзіне аудару ғана ма, әлде кешенді саяси жұмыс па? Әзірге жауап жоқ. Ал Әлнұр Ильяшевке келсек, оның да жүріп өткен жолы « соншалық түзу емес». Ол өзінің бірқатар серіктерімен бірге Алматы қаласы әкімдігімен, мәслихатымен, өзге де бірқатар мемлекеттік органдармен, ипотекалық компаниямен  соттасқаны бар. Нәтижелері әр түрлі. «S-ArmanTradeSystem» ЖШС директорының  орынбасары  қызметін атқарған. «Шымкент Мұнай өнімдері» АҚ Директорлар кеңесінде тәуелсіз директор болып жүр. Сонымен қатар осынау «саясаткердің» аты «Эврика Олеум» ЖШС жарғысында да аталған. Бұл компаниялар әзербайжандық инвесторларды алдап, 1 миллиард теңге шығын келтіргені былтыр анықталды. Іс әлі қаралып жатыр. Одан бөлек Әлнұр Ильяшевтың аты  2017 жылы  жалған кәсіпорындар арқылы 77 млрд теңгені жоқ қылған Әмірхан Аманбаевтың ісінде аталды. Сол кезде Ә.Ильяшев ақша жымқыру ісінде делдалдың рөлін атқарғаны белгілі болған еді. Бірақ қазір «қоғам белсендісі», елдің «дұрыс даму» бағыты жайлы пікірімен бөлісіп, митингтерге шығып тұрады. «Тың белсендінің» бірі -  Санавар Закирова. «Наше право» партиясын құрмаққа талпынғандар қатарында. Тәп-тәуір кәсібі бар. Туристік фирма,  үйлерге қоңырау орнататын компанияның иесі. Салықтан жалтарған, қоғамдық тыныштықты бұзған кездері болған. Сол үшін де соттасқан. Алайда кәсіпкерлігіне қарамай, мешіттерді жағалап,  сотқа берілген арыздардың шағын шығынын өтеу  үшін қайыр да сұрады. Ол саясатқа азаматтық некедегі күйеуі тұтқындалған соң келді. Ал күйеуі есірткі сатқаны үшін істі болған. С.Закированың белсеніп шыға келуіне  азаматтық некедегі күйеуі ұсталған кезде жеке көлігінің тәркіленуі себеп болғанға ұқсайды. Күйеуі әлгі көлікпен есірткі тасымалдағандықтан, құқық қорғаушылар оны тәркілеген  болатын. Адам саяси көзқарасы бойынша қанша либерал, демократ болса да, оның жақын адамының есірткі тасуын түсіну де, ақтау да мүмкін емес. Бәлкім С.Закирова ескірткі тасымалы жайлы деректерді білген болуы да мүмкін. Бәлкім өзіне тықыр таянғанын сезгендіктен, партия құрмаққа бекініп, айқай-шу бастап кеткен болар. Тағы бір белсенді Марат Тұрымбетов та «Наше право» партиясын құрмаққа  ұмтылған. Сөйтіп, қалың бұқараны соңынан ертпекке ниеттенді. Nur Otan партиясы өздері құрмақ болған саяси ұйымға кедергі келтіргені жайлы мәлімдеп,  соттасты. Бірақ сотта таққан айыбына ешбір дәлел келтіре алмай, жеңілді. Алайда  бұл қайраткердің де жүрген жолы «тап-таза» емес.  Айталық, кезінде оның алаяқтықпен айналысқан кездері де болған екен. 2017 жылы алаяқтықпен айналысқаны үшін сот оны 2,6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған. Шамасы аляқтығы үшін үкіметті айыпты деп ойласа керек, саясатпен айналыспақ ниет танытып жүр. М.Тұрымбетов  «саясаткер» боларынан бұрын, нақтырақ айтсақ 2016 жылы  бірнеше азаматты алдап кеткен. Атап айтқанда Н.Елеуов деген азаматқа  жалған құжат арқылы «Мерседес» көлігін сатқан. Іс жүзінде әлгі алған азамат сұраған техниканың М.Тұрымбетов  берген көліктен маркасы басқаша болып шыққан. Одан кейін тағы бірнеше қылмыстық іске қатысы болған. Қарасақ, заңға қайшы әрекеті аз емес. Тек бұған дейін М.Тұрымбетовтың  бірінші топтағы мүгедек болуы ғана оны тар қапастан құтқарған тәрізді. Әйтеуір түрмеге тоғытылған жоқ. Одан бөлек осынау «қайраткердің» Алматыдағы №4 қалалық ауруханада медбикелер мен дәрігерлерге соқтыққаны бар. Рас, алдымен мекеменің күзетшілері маған тиісті деп шу шығарды. Кейін дәрігерлер  М.Тұрымбетовтың гемодиализ жасатуға келген сәтінде бірнеше рет медбикелерге қатысты арсыздыққа бармақ болғанын айтты. Әрі видеосы жарияланды. Онда М.Тұрымбетовтың  медицина қызметкерлерінің түрлі дене  мүшелерін ұстамақ болғаны, түрпектегені анық көрініп тұр. Бүгінгі танымал термин харасменттің көкесін көрсеткен. Міне, дәл осындай «қайраткер» қазір елдің алдына шығып, көш бастамақ ниетте. Жалпы  саясатта түрлі тұлғалардың жүргені анық. Дегенмен бұқараның алдына шығу үшін азамат арының таза болуы да шарт. Аталған «қайраткерлердің» бірқатары биліке қарсы шығу арқылы өздерінің заңсыз әрекеттерін жасыруды көздейтін тәрізді. Алайда көпшілігінің күмәнді биографиясына қарамай елді «демократиялық бастамаларға» жетелеуге ұмтылуы жұртты таңқалдыратын рас. 2008 жылы Нью-Йорк штатының губернаторы Элиот Спитцер жеңіл жүрісті қыздарға барғаны үшін қызметінен кетті. Араға бес жыл салып, ол Нью-Йорк қаласының қазынашысы болуға кандидат ретінде тіркеліп, сайлауға түседі. Алайда беделіне дақ түскен экс-губернатор саяси сайыста жеңілді. Электорат оның 5 жыл бұрынғы шалт кеткен қадамын кешіре алмады. Батыс елдерінде адамның атақ-абыройы, беделі, арының тазалығы оның саяси карьерасында шешуші рөл атқарады. Алайда бұл қағида біздің елде кей кездері орындала бермейтін секілді. Әйтпесе, ғұмырында көлеңкелі тұстары кем емес кісілердің, белсенділердің аяқасты көш бастап, елді көгерте қояды дегенге кім сенсін?

Ардақ СҰЛТАН