Мемлекет басшысы «Әді­лет­ті Қаза­­қ­­станның экономикалық бағдары» атты Қазақ­­стан халқына Жолдауында: «Бә­ріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ре­сурс­тары тегін әрі қолже­­тімді болуы шарт» деп тапсырған.
Интернеті бар жұрттар игілігін игерген
1,581
оқылды

Осы мақ­сатта Үкімет «Қолжетімді интернет» жобасын бекітті. 3 мыңнан аса ауыл­­­­да тиісті байланыс желі­­лерін орнату жоспарланған ұлттық жобаның жүзеге асырылуы үшін 1,5 трлн теңге қа­­­ражат жұмсалмақ. Басты нәтиже – халықты жылдамды­­­­ғы кемінде 100 Мбит/с кең жо­­лақты интернетпен қамту.

Қала мен ауыл тұрғындары арасын­дағы «цифрлық алшақтықты» азайту – кез кел­­ген мемлекет үшін маңызды мін­дет. Дамы­­ған елдерде ғана емес дамушы ел­дер де ауыл­­­дық аймақтарында интернет же­­ліле­­­рін енгізуге күш салуда. International Communication Union қауымдас­тығының де­рек­­теріне сай, 2022 жылдың соңында дү­ние­жүзі бойынша қала тұр­­ғын­дарының 82 пайызы интернетке қол жеткізген. Ал ауылдық жерде бұл көрсет­кіш 46 пайызбен шектеледі. «Цифр­лық ал­шақтық» – 36 па­йыз. Аз көрсеткіш емес әри­не, дегенмен соңғы үш жылда едуір тө­мен­дегенін аң­ғартады.

Әрине, экономикасы жағынан қай ел­ден болсын алда келе жатқан Еуропа бұл салада да дамушы елдерді артта қалдырған. Қазір мұнда қала мен ауыл арасындағы ал­­шақ­тық іс жүзінде жойылды. Қалған ай­мақтарда жағдай жақсара түскенімен, на­шар. Мысалы, Африкада 2022 жылы қа­ла тұрғындарының 64 пайызы, ауыл тұр­­ғындарының 23 пайызы интернетті пайда­ланды. ЭЫДҰ елдері арасында Ко­рея, Люксембург, Дания, Испания, Бель­гия және Польшада «цифрлық тең­дік» орнаған әрі интернет қолжетімді деп айту­ға толық негіз бар. 

Осы параметрлер бойынша Қазақ­­­станды дамыған елдермен салыстырсақ та қисынды. Өйткені біріншіден, үздіктер­мен тең болуға ұмтылудың әбестігі жоқ, екін­шіден, еліміздің жоғары көрсет­кіш­тері олармен бәсекелесуге мүмкіндік бе­ре­ді. Мәселен, Ranking сараптама орта­лы­ғының мәліметтеріне сүйенсек, рес­­­­­­­­­пуб­ликаның қалалық жерлерінде ин­тер­нетке қол­же­­­тімділік – 94,7 пайыз, ауыл­дық жерлері­нде – 94 пайыз. Сондай-ақ ауыл мен қала көр­­сеткіштерінің ара­сында алшақтық жоқ.

Жалпы, ауылдардағы интернеттің қол­жетімділігі бойынша Қазақстан, ОА және ЕАЭО елдерін айтпағанда, көптеген дамыған елдердің өзін басып озады. Олардың арасында Бельгия, Польша, Германия, Жапония, Венгрия, Франция және басқалары бар.

Маңызды бір мәселе, рейтингте бізден жоғары тұрған елдердің территориясы Қа­зақстан аумағынан бірнеше есе аз. Са­рап­шылардың пікірінше, бұл интер­­­нет­пен қамтамасыз етуді қиындатады. Әсіре­се, ел неғұрлым үлкен болса, оны қамту үшін со­ғұрлым көп ресурс қажет. Мә­се­лен, Қазақ­­­стан аумағы Кореядан 27 есе, Люксембургтен – 1 053, Даниядан – 63, Ис­паниядан – 5, Швейцариядан 66 есе асып түседі. Осындай елеулі айырмашы­­­лыққа және аймақтың ландшафттың алуан түрлілігіне қарамастан, еліміз бұл елдерден кем түспейді.

Сонымен қатар Қазақстанда халық­тың 42 пайыздан астамы ауылдық жерде тұра­ды, ол да өз кезегінде «цифрлық тең­сіздік­ке» әкеп соқтыратын негізгі фактор. Са­­лыс­­­­тырар болсақ, Кореяда ел аза­­­­­­­мат­­­­­­та­рының тек 18,6 пайызы, Люк­­­сем­­бург­те – 8,6 пайызы, Данияда – 11,9 па­­йызы, Ис­па­нияда – 19,2 пайызы, Швей­царияда 26,1 пайызы ғана ауылдарда тұрады.

Түсінгеніміздей, барлық жерде тал­шық­ты-оптикалық байланыс желі­лерін (ТОБЖ) орнату өте қымбатқа түседі, сон­­дықтан радиорелейлі желілер (RRL) жиі пайдаланылады. Бірақ мамандардың ай­туынша, байланыс мұнаралары бір-бірі­нен тікелей көрінетін жерде орналасуы тиіс. Қайта қабылдау бекеттерін орната­тын кейбір аудандарда жол және электр қуаты секілді инфрақұрылым да жоқ. Сон­­дықтан мұндай елді мекендерде ин­тер­­нетке қол жеткізудің жалғыз амалы – жер серігі арқылы интернет тарату. Оның мүмкіндігі шектеулі. Соған қарамастан, оңтайлы техникалық шешімдердің арқа­сында қазақстандықтар интернетті қала­ларда да, ауылдарда да қолдануда. 

Digital Brighe 2023 форумында Қа­зақ­стан Республикасының Цифрлық даму, ин­новациялар және аэроғарыш өнер­кә­сібі министрі Бағдат Мусин ешқашан ин­тер­нет болмаған 10 мектеп SpaceX ком­пания­сының Starlink технологиясы ар­қы­лы жылдамдығы 100 Мбит/с болатын ға­лам­­торға қосылғанын айтқан. Президент жарты жыл ішінде Starlink технологиясы арқылы 2 000 мектепті интернетке қосуға рұқсат берді. Министр: «Бұл білім берудегі цифрлық трансформацияға негіз береді. Өйткені интернетке қосылмаған мектеп­­тер­де оқыту процесіне иннова­циялық тех­нологияларды енгізу қиын» деген бо­ла­тын. Шара аясында Мемлекет бас­шы­­сы Қасым-Жомарт Тоқаев SpaceX ком­­па­­ниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Драйермен кез­дескен еді. Жүздесуде StarLink қыз­­метін Қа­зақстандағы, оның ішінде елі­­міздің шал­ғай ауылдарын спутниктік ин­тернет­пен қамтамасыз ету жобасы ая­сында кеңей­ту жоспарлары талқыға түскен.

Ішкі нарық операторлары да мобильді не­месе желілік тіркелген интернеттің қол­жетімділігін арттыру жолында ауқым­­ды бастамаларды жүзеге асырып та келеді. Мысалы, GSMA халықаралық ұйымы: «Мұндай жоғары көрсеткіш – ұялы бай­ланыс операторлары мен үкіметтің нә­ти­желі жұмысының жемісі. Қазақстан Рес­пуб­ликасында кең тараған ең тиімді жо­ба – «250+». Ол – цифрлық теңсіздікті жою бойынша мемлекет пен оператор­­лар­дың тиімді жұмысының тамаша үлгісі» еке­нін атап өтті. 

Айтса айтқандай-ақ, себебі аталмыш бағдарламаның арқасында Қазақстанның ең шалғай аумағында орналасқан 1,5 мың­­нан астам елді мекен интернетке қол жет­кізді. Олардың 900-інде бұрын мүлдем бай­­ланыс болмаған. Ал 2023 жылдың соңына дейін бағдарлама аясында 200-ден астам ауылдық елді мекендерге «кең жолақты мобильді қолжетімділікті» қосу жоспарланып отыр.

Британдық Cable агенттігінің зерт­­теу­лерінде интернет бағасы тұрғысынан Қа­зақстан 219 ел арасында екінші орынға ие болғаны көрсетілген. Баяндама түсін­дір­месінде арзан баға интернет сапасына ті­ке­лей әсер етуі мүмкін деп жазылға­ны­мен, еліміздегі ғаламтор сапасы көпте­ген дамушы мемлекеттермен салыстыр­­ған­да едәуір жоғары екендігі айтылады. Ел тұр­ғын­дары бұл жаңалықтың шындыққа жа­наспайтынын жар салған болатын. Де­генмен халықаралық аренадағы факті­лерді ешкім де жоққа шығара алмайды. Мұндай мәмілелер объективті емес, эмо­ционалдық реакция.

Сондықтан нарықтың барлық қатысу­шылары қызығушылық танытатын сала­ны одан әрі дамыту Үкімет, интернет-про­­вайдерлер мен қоғам арасындағы тең­­­­­­­­ге­­­­рімді тәсіл мен өзара іс-қимылды та­­лап етеді. Әлбетте, елде бір жағынан са­ланы дамытуға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және инновацияларды ынта­ландыруға ықпал ететін, ал екінші жа­ғы­нан, халықтың кең ауқымы үшін ин­тер­неттің қолжетімділігін сақтайтын сая­­­­­­сат­ты жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Интер­нет­тің көптеген азаматтар үшін қолже­тім­ділігі және тарифтердің шектелген өсуі со­нымен қатар іргелес на­рықтарды – банк­тік қызметтерді, сауда­дағы онлайн қыз­меттерді және элект­рон­дық мемле­кет­тік қызметтерді дамытудың шарты.

Мобильді интернет жылдам дамуда

GSMA Intelligence мәліметтері бо­йын­ша, 2022 жылдың соңында абоненттің мобильді трафикті тұтынуы дүниежүзі бойынша орташа есеппен 12 ГБ құрайды. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 17,2 ГБ. Қазақстандықтар Сингапур, Түркия, Италия және көптеген басқа елдердің тұрғындарына қарағанда трафикті көп жұмсайды. Тіпті, 5G енгізуді есепке алма­ған күнде елдегі мобильді трафик 2019 жылдан бері 60 пайызға өсіп, бұл үр­діс әлі де жалғасып келеді. 2022 жылы ұялы бай­ла­ныс операторының абоненттері 4 398 петабайт ұялы деректерді тұтынған. Ал 2023 жылдың 6 айында – 2 513 петабайт.

Байланыс операторлары Интернетті пай­даланудың мұндай жоғары деңгейі және трафиктің тұрақты өсу динамикасы ел мен қоғам үшін оң прогрестің тенден­циясын көрсетеді деген пікірде. Қызмет­тердің қолжетімділігі және жұмыс істеу, оқу және онлайн байланыс орнату мүм­кін­­дігі – елдің даму процестерінің көрі­нісі. Мұны халықты жұмыспен қамту құ­рылымының статистикасы да растайды. «Қазақ­станның еңбек нарығы: цифрлық шындыққа жету жолында» баяндамасы­­­ның деректері бойынша, 2021 жылы елде 1 миллионнан астам адам фрилансер болып жұмыс істеген. Бұл – жалдамалы жұмысшылардың жалпы санының шама­мен 17 пайызы. Демек, ақпараттық-ком­му­­­никациялық технологияларды дамыту және экономиканы цифрландыру қа­­шықтан жұмыспен қамту нысандары­ның қарқынды өсуіне серпін береді деген қо­рытындыға келеміз.

2023 жылдың маусым айында Қазақ­стандағы тіркелген желілік интернет або­ненттерінің саны (үй шаруашылығы) 2,8 миллион бірлікті құрады. Бұл –жалпы көрсеткіштің 46,5 пайызы. Осыдан 10 жыл бұрын, оның деңгейі 33,4 пайыз бо­латын. Сарапшылар, соңғы жылдары тір­келген желілік интернет абоненттерінің саны азайғанын айтуда. Оның себебі – халық мобильді интернеттің мүмкін­дік­терін жиі тұтына бастауы. Соның әсерінен биыл ал­ғашқы жарты жылдықта интер­нет­ке қол­же­­тімді ұялы байланыс або­нент­терінің саны 17,4 миллионға жетті. Қазір елімізде бәсекелестік жағдайында 65 интернет-про­вайдер жұмыс істейді. 20 миллионға жуық тұрғыны бар нарық үшін мұның өзі едәуір жоғары көрсеткіш. Ал ірі қала­лардағы көпқабатты үйлердің тұр­ғындары интернет қызметтерін бірден бір­неше, тіп­ті екі-үш оператор ұсынаты­ны­на еті үйренген. Бірақ ішінара бір опе­ратордың мүддесі үшін басқа нарық ойын­­шы­лары­ның қолжетімділігін шек­тейтін тұр­ғын үй кешендері де кездеседі. Сонымен қатар тіркелген интернет же­лі­лерін жүр­­­гізуге кет­кен инвестициялар көпқа­батты үйлер­дің аудандарында ғана тиім­ді. Сон­дықтан елді мекендер мен ауылды жер­лер­де бел­сенділік төмен.

Дегенмен мобильді интернеттің да­муы­на ұялы байланыс операторларына са­лынған инвестиция көлемі де айтар­лық­тай әсер етуде. Мысалы, Tele2/Altel опера­торлары 2020–2023 жылдары 206 млрд теңгеге жуық инвестиция салған. Орташа есеппен операторлар желінің үздіксіз жұ­­мысын қамтамасыз ету үшін жыл сайын 70 миллиард теңгеден астам қара­жат жұм­сайды. Оған жалға алу, тасы­малдау, жөндеу және электр энергиясы және т.б. шығын­дар жатады. Аталған салалардағы баға саясаты операторларды да айналып өт­пейді. Мәселен, тек елдегі электр энергия­сының құны 2022 жылдың 1-тоқсанынан 2023 жылдың 2-тоқсанына дейін 27 па­йызға дерлік өскен. Салыс­тырар болсақ, «Мобайл Телеком-Сервис» мәліметі бойын­ша, бір базалық станция орташа есеп­пен 20 пәтерге қажетті электр энер­­гиясын тұтынады. Яғни, желінің құны инфляция, энергиясы тарифтерінің өсуі, валюта бағамының ауытқуына бай­ла­нысты жыл сайын өсіп отыр. Бір ғана инфля­цияның бес жылдағы жалпы дең­гейі 55 пайызға тең. 

Экономикалық «ғажайыпқа» жол

Колумбия университетінің профес­соры Йонас Хёрт дамушы елдердегі ЖІӨ-нің өсуі интернеттің қолжетім­ділігімен бай­ланысты деген пікірде. Мәселен, Аф­рика мен Оң­түстік Азиядағы кірісі тө­мен елдерде жыл санап ғаламтор байланысы орнығып келеді. Қазір жер шары ең шал­ғай аудандарды ин­тернетке қосатын күр­делі суасты ка­бель­дерімен тығыз тор­ланған.

Теориялық тұрғыдан интернетке қол жеткізу сұраныс пен ұсынысқа әсер ету арқылы экономикалық дамуға негіз болу ық­­тималдығы бар. Цифрлық мүмкін­дік­тер фирмалардың, жұмысшылардың жә­не өндіріс процесіндегі басқа ресурс­тар­дың өнімділігіне тікелей ықпал етеді. Мы­салы, онлайн сервистер жұмысшы­лар­ға тапсыр­маларды тезірек және жоға­ры сапа стан­дарт­тарына сәйкес орындауға көмектеседі.

Ғаламторға қосылуға мүмкіндік алған сатушылар мен сатып алушылар тысқары жатқан нарықтарға қол жеткізу мүмкін­­­д­і­­гіне ие болады. Сондай-ақ сатылатын өнім­­­дер мен қызметтер туралы ақпа­рат­тың қолжетімділігі оның сапасына әсер етуі мүмкін. Мысалы, электронды ком­мер­ция фирмаларға өз өнімдерін ауылдық жә­не шалғай жерлердегі тұтынушыларына жет­кізуіне жағдай жасап отыр. Осы се­беп­тен де дамушы елдерде ауыз суы бар­ма­ған елді мекеннің ғаламторға қол жетіп отырғаны таңсық емес.

Әлемдік тәжірибе интернет инфрақұ­рылымы кеңейген елдегі жұмысшылардың жоғары жалақы алу немесе жұмыс табу мүм­кіндігі жиілейтінін көреміз. Зерттеу бары­сында Вьетнам, Бразилия және Нигерияда ақпараттық-коммуни­кация­лық технологиялар дамыған тұста еңбек нарығында әйелдерге де жақсырақ жағдай жасалып, әлеуметтік мәселелері шешіл­гені анықталды. Сонымен қатар интер­­­нетке қосылу жұмыс өнімділігінің драй­вері ғана емес, сонымен қатар дағдыларды дамытуда рөл атқарады. 

Көршіден көш ілгері қалыптасты

1994 жылдың 19 қыркүйегінде Internet Assigned Numbers Authority дерекқорында елдің жоғары деңгейлі домендері тобына кіретін kz ұлттық доменіне қатысты бірін­ші жазба пайда болды. Алайда Казнеттің негізін қалаушылардың бірі Александр Ляховтың айтуынша, шын мәнінде ин­тернет Қазақстанға ертерек келген.

1991 жылы сәуірде Алматыдағы «Па­ра­­сат» халықаралық ғылыми-техникалық ор­талығының базасында Қазақстанда Relcom желісінің бірінші аймақтық түйіні ашылды. Ол негізінен UUCP хаттамасы бойынша электрондық пошта қызмет­­те­рін ұсынатын. Аз уақыт ішінде желі Қа­зақ­­станның ірі қалалары мен оның ше­кара­­сынан тыс – Ашхабад пен Бішкекке дейін таралды.

«1991 жыл КСРО-да интернеттің пай­да болған жылы болып саналады. Алға­шында бүкіл Одақ үшін бірыңғай su доме­ні болды. Кейіннен 1994 жылы сәуірде ru, ал қыркүйекте kz домені іске қосылды. Интернет Қазақстанда Павел Гусев пен се­мейлік Relcom SL компаниясының, ре­сейлік «Relcom» АҚ провайдерімен бір­лесіп жұмыс істеуінің арқасында жұмы­сын бастады. Бастапқыда Қазнеттің не­гізін қалаушылар Семей облысындағы ядролық полигон мен Мәскеу арасындағы орнатылған байланыс желілерін пайда­­лан­ды. Әрине, ол кезде бізде «www» ту­ралы әңгіме де болған жоқ», – дейді Александр Ляхов өз естеліктерінде.

1996 жылы Astel бүкіл елді байланыс­тыратын Интернет хабы мен деректер желісін құрды. Бұл бүкіл Қазақстан бо­­йынша Интернет қызметтеріне қол жет­кізу­­дің алғашқы провайдері еді. Сол жыл­­дары Қазнет бәрі бірдей түсіне бермейтін энтузиастардың күшімен дамыды. 

1998 жылы ADSL технологиясын қол­данатын Қазақстандағы алғашқы дерек­тер­ді беру желісі іске қосылды. Желінің құ­­­рылысы мен дамуына салынған инвес­ти­­­­­цияның бастапқы көлемі ғана шамамен 8 миллион АҚШ долларын құрады. Осы­лай­ша, Қазақстанның 18 қаласында цифр­лық жерүсті байланысының жалпы сыйымдылығы бар 34 нүктесін орналас­тыруға мүмкіндік берді. Салыстырар болсақ, бірінші ресейлік ADSL желілері Tochka.ru және Web Plus 2000 жылдың мамыр айында коммерциялық пайдала­нуға берілді.

Бүгінде нарық қатысушылары Қазнет­тің болашағы туралы айта келе, Қазақ­стан­­да Қытайдан, Ресейден және Еуро­па­дан ин­тернет-компанияларды тарту үшін бар­лық жағдай бар екенін жоққа шығар­май­­ды. Тек сол әлеуетті тиімді пайдалану – басты міндет. Үкімет бекіткен ұлттық жо­­ба да сол себепті халық арасында кө­бі­рек үміт ұялатады.

Кәмила ЕРКІН

© инфографика: Елдар Қаба