Қазақстанның барлық аймағында қызылша дерті асқынып тұр. Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға алаңдаған Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенова мәселе шешілмеген жағдайда кейбір денсаулық сақтау нысандарының қызметін уақытша тоқтата тұру шарасын қарастыру керек екенін ескертті. Сонымен қатар қазір республика көлемінде қызылшаға қарсы жаппай иммундау басталды.
Қызылшаның қаупінен екпе ғана қорғайды
© коллаж: Елдар ҚАБА
1,217
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 13 103 жағдайы тіркелді, оның 14,1 па­йы­зы (1 854 жағдайы) – ересектер ара­сында. Еліміздің 4 өңірінде (Шым­­­­кент қаласында – 2 283 жағдай, Ал­маты қаласында – 2 217, Жамбыл облысында – 1 605, Алматы облы­сын­да – 1215 жағдай) дерт дендеп тұр. Нақты көрсеткішке сәйкес, олар­­­дың 70 пайызы немесе 8 866 жағ­дай вакцинацияланбаған ба­лаларға тиесілі. Оның ішінде вакци­нациядан бас тарту себебінен – 5 286, медици­­на­лық қарсы көрсетілімдер – 1 555, егу жасына жетпеу – 1 930, өзге се­беп­­тер 93 екенін айта кету керек. Яғ­ни, министрлік қызылша инфек­ция­сы халық арасындағы вакцинадан бас тартушылардың есебінен артып отыр­­ғанын алға тартады. Бірақ қазір қы­зылша ғана емес, А гепатитімен ауыр­ғандар қатары да көбейіп ба­рады. Пандемиядан кейін адамдар­дың иммунитеті әлсіреп кеткені де рас. 

– Қазіргі уақытта қызылша ауруы әлемнің көптеген елінде тіркелуде. Қызылша бойынша қалыптасқан эпи­демиологиялық жағдайға мына­дай факторлар әсер етті: коро­нави­рустық инфекция пандемиясы кезін­де жоспарлы егулерді өткізіп алу, ме­­­дициналық қарсы көрсетілімдер, ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы, вакцинацияның зияны ту­ралы жалған ақпараттың көптеп та­ралуы, нәтижесінде халықтың вак­ци­намен басқарылатын инфекция­ларға сезімтал топтарының жинақ­талуы. Осы факторларға байланысты ин­фек­цияның таралу қарқыны жоға­ры­лайды және егу жасына жетпеген ба­ла­ларда (яғни, 1 жасқа дейін) қы­­­зыл­­­шаның тіркелуі де өзекті бола­ды, – делінген Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің редакцияға берген жауабында. 

Иә, қызылша вирустық инфекция болғандықтан, иммундық жүйесі әл­сіз адамдарға және балаларға тез жұ­ға­ды. Ауа тамшылары арқылы жыл­дам тарайды. Өкінішке қарай, кейде асқынған дерттің соңы қайғылы аяқ­талатын жағдайлар да кездеседі. Оның қоздырғышы вирус екені бір ғасыр бұрын дәлелденген. Америка­лық ғалымдар – Нобель сыйлығының лауреаты, вирусолог Джон Эндерс пен дәрігер Томас Пиблз қызылша инфекциясын зерттеп, 1954 жылы вирустың өзін алғаш рет бөліп алды. 1963 жылы Джон Эндерс өндіріп ал­ған штамнан қызылшаға қарсы тұңғыш вакцина жасалады. Бірақ ол кезде оны жаппай қолдануға мүмкін­дік болмаған. Тек бес жылдан кейін, яғни 1959 жылы америкалық микро­биолог Моррис Хиллеман медицина тарихындағы ең сәтті саналған қы­зыл­шаға қарсы тағы бір вакцина жа­сады. Ал КСРО-да 1960 жылдары халық арасында жаппай иммундау жүргізудің арқасында дәрігерлер қызыл­ша вирусын жеңді. Алайда уа­қыт өте келе бұл екпенің тұрақты им­мунитет қалыптастыруға қауқар­сыз екені анықталды. Кейін ғылыми ізденістердің арқасында қызылшаға қарсы екпенің құрамында қызылша, қызамық және паротитке қарсы ара­лас вакциналар шығарылды. Өйткені медицинада қызылша, қызамық жә­не паротиттен сақтану­дың жалғыз жолы – иммундау болып саналады. 

Сонымен, дерттің алдын алу және таралуын болдырмау үшін Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған жап­пай иммундау қалай жүзеге аспақ? Әсі­ресе, ауру асқынып тұрған Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Ақмола және Атырау об­лыс­­­тарында жағдай қалай болып жатыр? 

– Қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау барысында бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі бала­­лар иммундауға жатады. Желтоқсан­нан бастап қызылшаға қарсы егу ста­ту­сына қарамастан 2 жастан 4 жас 11 ай 29 күн аралығындағы балаларды, сондай-ақ қызылшаға қарсы про­фи­лак­­тикалық екпелері жоқ медицина қызметкерлерін қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарлануда, – дейді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау коми­теті­нің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева.

Ал Астананың бас санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың ай­туын­ша, елордада қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты емес деп бағалануда. Биыл ең алғашқы жағдай наурыз айында тіркелді және осы кезеңнен бастап қы­зылшаға күдікті 1 318 жағдай анық­талып, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 955 жағдай (72,5%) тіркелді. 10 қарашадағы көрсеткішке сәйкес, Астана бойынша қызылша ауруы 580 науқаста рас­тал­ды, оның ішінде ересектер ара­сын­да 16,9 пайыз немесе 98 адам, ал 15-19 жастағы 35 жасөспірім (6%) қы­зылша жұқтырған. 14 жасқа дейінгі балалар арасында 447 жағдай тірке­ліп, яғни 77 пайызды құраған. Оның ішінде ең көп жағдай төрт жас­қа дейінгі балаларға тиесілі, яғни 359 жағдай немесе 61,9 пайыз.

– Қызылша – өте жұқпалы ауру және жағдайлар ұйымдасқан ұжымда, оның ішінде мектепке дейінгі балалар ұйымдарында, мектептерде, жоғары оқу орындарында жиі тіркеледі, әсі­ре­се вакцина алмаған балалар ара­сында басым. Мәселен, ұйымдас­қан ұжымдарда: 58 МДҰ-да 96 рас­талған жағдай, оның ішінде 2 бала­бақшада 9 жағдай, 3 балабақшада 3 жағдай, қалған­да­рында бір жағдай тіркелді. Қызылша жұқтырған 96 науқастың 91-і немесе 95 пайызы – екпе алмаған балалар. 34 мектепте 48 расталған жағдай, оның ішінде 5 мектепте 2-ден 5 жағ­дайға дейін, қалғандарында бір жағ­дай тіркелді. Мектеп оқушыла­рының 85 пайызы немесе 41-інде вакцина­­ция болған жоқ. 4 жоғары оқу орны арасында 24 жағдай тіркелді, – дейді Сархат Бейсенова.

Дегенмен халық арасында вак­цина салдыруға қатысты сұрақ көп. Бірі қызылшаға қарсы иммундауды қа­ламаса, кейбірі екіұшты, күмәнді ойда жүр. Сондықтан халыққа түсін­діру жұмыстарын дұрыс жүргізудің маңызы зор. Халық қызылша ауруы­ның қаншалықты қауіпті екенінен бейхабар. Мәселен, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау коми­­­­­­тетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаеваның айтуынша, қызылша ми қабығының қабынуы (энцефа­лит – 1-4%), өкпе қабынуы (пневмо­ния – 1-6%), құлақ қабынуы (отит – 7-9%) сияқты асқынулармен қатар жү­ретіндіктен қауіпті саналады. Сон­дай-ақ аурудың өлімге әкелетінін (3-6%) ескере отырып, ата-аналар бала­­ла­рының денсаулығына мұқият бо­луы керек. Ауру асқынып кетпес үшін дерт пайда болған кезде уақы­тылы медициналық көмекке жүгінген абзал. Вакцинацияны уақытылы алу аурудың алдын алуға, ауруды жеңіл­­детуге, сонымен қатар қызыл­шаның ауыр түрімен ауыру қаупін төменде­туде пайдасы зор.

Әлемдік тәжірибеде вакцинадан бас тартқан адамдарға міндетті түрде шара қолдану қарастырылған. Мәсе­­лен, Германияда науқас екпе салдыр­мау салдарынан ауруханаға түссе, оның сақтандыру картасы жарамсыз болады. Мұнда ауруханаға жатып емделудің бағасы тым қымбат. Оны көп адамның қалтасы көтере бермей­­ді. Немістердің мұндай қадамға не себепті барғанын зерделегенімізде, бұл мемлекет Еуропада қызылшамен ауырғандардың қатары тым артқан­­дықтан 2019 жылы осындай әдіспен ауруды асқындырмауды мықтап қол­ға алған екен. Егер ата-ана бала­сы­­на екпе салдырмаса, 2 500 еуро айып­пұл тө­лейді. Италияда баласына екпе сал­ғызудан бас тартқан ата-анаға 500 евро­ға жуық айыппұл бел­­гіленген. Алты жасқа дейін екпе са­лынбаған ба­ланы балабақша қа­был­­­­дамайды. Тіп­ті, мектепке бару-бармауы да вак­ци­на алуына қатысты шешіледі екен.

Сала мамандарының айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы таратқан дерекке сәйкес, 2000 жыл­­дан бері вакциналау әлем бо­йын­ша қызылшадан қайтыс болу көр­сеткішін 80 пайызға төмендеткен. Сон­дықтан өмір сапасын жақсарту үшін екпеден бас тартуға болмайды.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ