Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру, импортқа тәуелділікті барынша азайту, қоғамдық әл-ауқатты арттыру секілді мә­селелерді шешу бойынша берген тапсырмаларын орындау үшін бүгінде Түркістан облысында бірқатар жобалар қолға алынған.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұтымды қадамдарын ұсынды
1,074
оқылды

Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Сауран ауданының кәсіпкерлерімен және инвесторларымен бизнес саласын талқылау бойынша кездесуінде айтылды.

Айталық, Түркістан өңірінде жиһаз клас­­­тарын қалыптастыруға толық мүм­кін­дік бар. Осылай деген облыс басшысы на­рықтық бәсеке арқылы кәсіпкерлердің өн­діріс қабілеттілігін арттырып, одан әрі сыртқы нарыққа бет алудың маңы­зын түсіндірді. 

Кездесу барысында Сауран ауда­нын­дағы жаңа жобалар таныстырылды. Биз­нес саласындағы мәселелер мен ұсы­­­ныстар талқыланды. Кәсіпкерлер өз кә­сіптерін кеңейту мен ілгерілету бағы­тында кездесіп отырған кедергілер мен туын­дап отырған мәселелер туралы жеткізіп, қолдау сұрады.

Өз сөзінде Дархан Амагелдіұлы кә­сіп­керлікті қолдау бойынша мемлекет та­рапынан қабылданып жатқан бағ­дар­ламалар мен жеңілдіктердің аз еместігін жет­кізіп, олардың нәтижесін тілге тиек етті. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу­дың маңыздылығын айтты. 

– Түркістан өңірінде кәсіпкерлікті әрі қарай дамытып, жаңа деңгейге кө­теру­дің маңызы зор. Бұл орайда жаңа жұ­мыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жо­ғары. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде ашық­тық пен айқындылық ұстанымын ұста­нып, өз кәсібін дамытуы керек. Өңі­рі­міздегі кәсіпкерлердің креативті идея­лар мен ұсыныстарын қолдаймыз. Бә­се­геге кәсіпкерлердің өндіріс қабілеттілігін арт­тырып, одан әрі сыртқы нарыққа бет алу өте маңызды, – деді Дархан Саты­бал­ды. 

Облыс әкімі Мемлекет басшысының эко­номиканы әртараптандыру, им­порт­қа тәуелділікті барынша азайту, қоғам­дық әл-ауқатты арттыру секілді мәсе­ле­лерді шешу бойынша берген тапсыр­ма­ла­рын тыңғылықты орындау қажетін айт­ты.

– Сіздердің бастамаларыңыз туралы үне­мі хабардармын. Бізде жиһаз клас­та­рын барынша дамытуға мүмкіндік мол. Қытай сапарынан кейін өздеріңізден жақ­сы бастамалар күтеміз. Ел дамуын­да­ғы оң өзгерістер бизнеспен тікелей бай­­ланысты болғандықтан саяси рефор­ма­ларды бірлесе жүзеге асыру керекпіз. Мем­лекет кәсіпкерлікті дамыту үшін қо­лайлы орта қалыптастырып, кәсіп­кер­лер қоғамға, халыққа қызмет етсе, бұл өз кезегінде елдің әл-ауқатын арт­тыру­ға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіндігі сөзсіз. Осыған орай бизнес өкіл­дерін жаңа жобаларды бірлесе жү­зеге асыруға шақырамын, – деді облыс бас­шысы. 

Кездесуде кәсіпкерлер субсидия алу, жер телімін бөлу, электр жарығы тарифі­нің бағасын түсіру, инфрақұрылым жүр­гізу сияқты мәселелер талқыланды. Кез­десуге қатысқан мемлекеттік орган­дар мен монополист кәсіпорындардың басшылары кейбір сұрақтарға сол жерде жауап беріп, қажетті кеңес берді.

Кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақ­тар талқыланып, оларға заң талаптары бойынша түсіндірілді.

Мұндай кездесулер алдағы уақытта тұ­рақ­ты түрде өткізілетін болады.

Сауран ауданына іс-сапармен барған өңір басшысы «Ауыл аманаты» жобасы бойынша да атқарылып жатқан жұмыс­тармен танысты. 

– «Ауыл аманаты» жобасы – ауыл тұр­­­ғындары үшін үлкен мүмкіндік. Аудан, ауыл әкімдері, жауапты басқарма бас­шы­лары осы жобаның тиімділігін елге түсін­діріп, өз істерін бастауға қолдау көр­­­сетіңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.

Бұл бағыттағы ізденістерді жалғас­тыру­ды, тұрғындарға қолдау көрсетуді тап­сырды. Жобаны сапалы жүзеге асы­рып, бәсекеге қабілетті өнім шығару ке­ре­гін айтты. Жергілікті әкімдік пен жауап­ты басқармаға жобаға қолдау көр­се­туді тапсырды.

Айта кетейік, облыста «Ауыл ама­на­ты» жобасы бойынша 16 ауданнан 64 ауыл­дық округ анықталып, 75 коопера­тив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд теңге қаржы бөлінді. 

Бүгінде «Түркістан» әлеуметтік кә­сіп­керлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс кө­ле­мінде 21 млрд теңгені құрайтын 4 060 жо­баға өтініш түсті. Оның ішінде уәкі­лет­ті органмен 3 690 жоба қаралып, жал­пы соммасы 17,6 млрд теңгені құрай­тын 2 954 жоба мақұлданды. 13,3 млрд теңге көлеміндегі 2 236 жоба қаржы­лан­дырылды.

Ал Сауран ауданында 4 ауылдық округ таңдалған. Ауданда 260 жоба бойын­ша өтініш түскен. 1108,63 млн тең­ге көлемінде 174 жоба мақұлданған. 

Облыс аумағында жобаны іске асыру нә­тижесінде, 3 220 жоба қаржылан­ды­ры­лып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашы­лады және тұрғындардың күнкөріс дең­гейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспар­лану­да.

Өңір басшысы Сауран ауданы, Ескі Иқан елді мекенінде болды. Осында ор­на­ласқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде «Сауран сүт» сүт өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр. Жо­баның құны – 400 млн теңге. Мұнда жы­лына 3,6 мың тонна сүт өнімдері шы­­­ғады деп жоспарланған. 15 адам тұ­рақ­ты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер­лер өнімдерін Түркістан және Қызылор­да облыстарына өткізуді межелеп отыр.

Өңір басшысы Ескі Иқандағы М.Юл­да­шев атындағы спорт мектебінде бол­ды. Жас спортшылармен кездесіп, үстел теннисін ойнады. Бүгінде аталған спорт мектебі жанынан 200 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Инвестор бұл жобаға 350 млн теңге жұм­самақ. 

Дархан Сатыбалды Сауран ауданын­дағы «Авиценна» емханасында болды. Жекеменшік емхана бір ауысымда 500 адам­ды қабылдауға қауқарлы. Меди­ци­налық орталық 100 адамды жұмыспен қам­тиды. Заманауи орталық соңғы үлгі­дегі қондырғылармен қамтылған.

Аталған нысандарды аралаған Дар­хан Сатыбалды ауылды өркендетуге үлес қосатын инвесторларға қолдау көрсетуді жалғастыруды, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің тиімді тұста­рын қолдану ке­регін айтты. Аудан әкі­міне елді ме­кен­дерді дамыту жөнінде тапсырма берді.

Тельман БЕЙСЕН