Алаш арыстарын ардақтап, халық аузындағы деректер мен ұрпақ­тары­ның естелігін таспаға түсіруді мұрат еткен Qagan production жоба­сының ал­ғашқы өнімі қазақтың көр­некті тұл­ға­сы, қоғам қайраткері, жа­зушы, әдіс­­кер-ғалым, ұстаз, пуб­лицист Мұс­­тақым Малдыбаевқа арналды.
Атаусыз кеткен Мұстақым
974
оқылды

Есі­­мі елге оралған, кейінгі уа­қытта ға­­на аты атала бастаған Мұс­тақым кім?

Алаш  ардақтысы

Деректер Мұстақым Малдыбаевтың 1880 жылы бұрынғы Егіндібұлақ ауданы­ның Үшқара тауының баурайындағы Сарықияқ қыстауында дүниеге келгенін жеткізеді. 1927 жылы желтоқсан айында 47 жасында Семейде қайтыс болып, Са­ры­қияқ қыстауына әкеліп жерленген. 

Алаш арыстарының бірі болған Мұс­та­қым Малдыбаев кешегі өткен Әлихан Бө­кейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржа­қып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Әлімхан Ермековпен  бірге ұлт мүддесі үшін күресте бірге жүрген. Мә­ди Бәпиұлының сыйлас, пікірлес досы болған. 

«Мұстақымнан бір ұл, екі қыз қалған. Алаш­тың көсемі Әлихан Бөкейханның құр­метіне ұлының атын Әлихан деп ата­ған. Әлихан Алматыда, кіші қызы Тал­ды­қ­орғанда, тұңғыш қызы Сүйімбике Семей қаласында тұрған. Асылдың тұяғы Әлихан Малдыбаев танымал ақын, белгілі жур­налист Кәрім Сауғабаевқа жазған хатында былай дейді: «Әкем бес жаста, оның ағасы Сәулей жеті жаста жетім қалыпты. Ше­ше­лерінің қарауында жүріп, жерлестерінің қойын бағып, күн көріпті. Троицкіге жыл­қы айдаушылармен барып, сонда оқу­ға түсіпті. Кейінірек Уфада «Ғалия» мед­ресесінде оқып, ауылында өзінің ағайындарының, жерлестерінің балала­рын оқытыпты. Семейде де мек­теп­те са­бақ берген болуы керек. Уфада оқып жүр­генде Ғазиза Ғайнулла деген татар қы­зына үйленіп, елге алып келіпті. Ше­ше­міз Ғазиза 1891 жылы туып, 1928 жылы қаңтар айында әкеміздің қырқының ал­дында қайтыс болыпты. Күйеуінің сүйе­­­гін еліне апарып қайтқанда, өкпесіне суық тиген болуы керек». Осы хатта жа­зыл­­ғандай Троицк қаласындағы орыс-қа­зақ мектебінде, сонымен бірге қазақтың көптеген көрнекті тұлғалары білім алған Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған. «Ғалия» медересесін аяқтағаннан кейін 1910–1911 жылдар аралығында Жетісу өңі­ріндегі Есенқожа Маманов сияқты таны­мал азамат негізін қалаған Мамания мек­тебінде оқытушы әрі басқарушы қыз­метін атқарғаны туралы тарихи деректер кез­деседі», – деп жазады, филология ғы­лым­дарының кандидаты Саржан Уахит­ұ­лыь Ortalyq Qazaqstan газетінде «Аталмай жүрген арыс» атты мақаласында.

Одан әрі қарай Мұстақымның 1912 жыл­дан бастап Семей қаласындағы мұға­лімдер семинариясында оқытушы болып қызмет істегенін, ХХ ғасыр басындағы әлем­дегі өзгерістер мен төңкерістерден қа­зақ даласы да тыс қалмағанын тілге тиек ете келе, алмағайып кезеңде қазақ хал­қының ұлттық санасын оятып, өз дәуі­ріндегі көкейкесті мәселелерді көтерген Алаш көсемдерінің қасынан Мұстақым Мал­дыбаевтың да табылғанын атап өтеді. 

1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Се­мей облысында Қазақ комитеті ұйым­дас­тырылғанда, Мұстақым сол комитеттің құрамына енеді. Қазақ комитеттері ұлт­тық мәселелерді көтеріп, халыққа жетек­ші­лік ететін ұйымға айналады. Семейде об­лыстық Қазақ съезі ұйымдастырылады. Съезді ұйымдастырған зиялы топтың жуан ортасында болады. Бүкілресейлік құ­рыл­тай жиналысына депутаттыққа кан­дидат ретінде ұсынылады. Мұнан соң М.Малдыбаевтың ұлттық мәселелерге деген танымы айқындала түседі. Қазақ хал­қының болашағы тәуелсіздікте екенін білген ол «Алаш» партиясының Семейдегі ко­митетін құруға ерекше еңбек сіңіреді. 1917 жылы наурыздың 7 жұлдызында Се­мей қаласында Райымжан Мәрсеков, Ха­лел Ғаббасов, Әлімхан Ермеков, тағы басқа ұлт зиялыларының ұйым­дас­тыруы­мен Қазақ комитетін құруға қатысты өт­кен, бірінші жиында, қаланың «Зареч­ная Слободка» деген бөлігін «Алаш қала­сы» деп атау туралы шешім қабылданды. Осы жылдың қараша айының 21-22 жұл­дызында болған жиында Алаш қаласы Дума­сының төрағасы болып Алашқа ерен еңбек сіңірген азаматтың бірі Биахмед Сәр­сенов, ал оның орынбасары болып Мұс­тақым Малдыбаев сайланады. Ал атал­­мыш қаланың басшысы болып П.Шевченко тағайындалады. Сонымен қатар Алаш әскерін жасақтауға да атса­лысады. 

Деректі фильм түсірілді

Биыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын ес­ке алу күніне орайластырып Қарқара­лы­да туып-өскен, еліне еңбегі сіңген «Алаш» қозғалысының белді мүшесі, ағар­­­тушы ғалым, публицист жазушы, пе­дагог, ұстаз Мұстақым Малдыбайға арнап ес­керткіш тұғыр ашылды. Ескерткіш-тұғыр Қарқаралы ауданы, Мәди ауылы, Үшқара тауының етегіндегі Сарықияқ қыс­тағы­ның қасында жатқан қайраткер­дің зираты қасына қойылды.

Міне, осы жерге елге белгілі зиялы қа­уым жиналды. Сол уақытта Qagan production жобасының Мұстақым Малдыбаев ту­ралы деректі фильм түсірілген болатын.

Сол уақытта Қарқаралы ауданын бас­қарған Ерлан Құсайын: «ХХ ғасырдың ба­сы, өзіңіз қарап тұрсаңыз небір оқи­ға­лар­ға толы өтті. Қазақтың маңдайына біткен, қаймағындай болған ұлт зиялылары ел үшін күресті, басын бәйгеге тікті, Ма­хам­бет айтқандай, «қара қазан, сары ба­ла­ның қамы үшін» жан аямай арпалысты. Сол жолда шаһид кешті. Біздің тарих­шы­лары­мыздың зерттеуіне қарағанда жүз мың­нан астам адам итжеккенге айдалды. Жиырма бес мыңдай қазақтың маңдайына біткен мықты тұлғасы, жақсы мен жайсаң­дары ату жазасына кесілді... Қарқаралының тарихы – бұл күллі қазақтың тарихы деп білеміз. Себебі қазақтың осынау тағдырлы тари­хында болған небір оқиғалар Қар­қара­лы өңірін айналып өткен жоқ. Қар­қара­лы – Алаш арыстарының кіндік қаны тамған жер. Сол қатарда бүгін біз келіп, басына белгі қойып отырған Мұстақым Малдыбай әкеміз де бар еді. Оның саналы ғұмыры жайында елге сіңірген еңбегі ту­ралы тарихшыларымыз, жазушы­лары­мыз алдағы кезеңде айта жатар. Менің ойымша, мұндай іс-шаралар, белгі қоюлар біз үшін өте қажет. Өскелең ұрпақ үшін қажет, жас­тар үшін керек. Өкініштісі, осы уақытқа дейін Мұстақым сияқты тарихи тұлғаның болғандығын, елге сіңірген еңбегін біздің ұрпақ, аға буын еміс-еміс естісе де, көбі біл­мей өсті. Мектепте оқытпады. Олар тура­лы айтылмады. Олар туралы еңбектер жа­зылмады. Тәуелсіздігімізбен азатты­ғы­мыз­дың арқасында ақтаңдақтар толып, өткен­ге қайта үңіліп жатқан жайымыз бар. Ұза­ғынан сүйіндірсін дегім келеді», –  деп жа­зады.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов: «Қазір менің басымнан қилы-қилы сезімдер өтіп жатыр. Жаңа жолда келе жатқан кезде шеті жоқ, шегі жоқ қа­зақтың ұлы даласын, онда туып-өскен не­бір айтулы тұлғаларымыз туралы тебіре­ніс толқыныс өтті жүректен. Қаншама уа­қыт бойы қазақ халқы осы біздің арыс­та­рымыздың жолына түсе алмай адас­қа­ны­мыз – соның барлығы жанымызды тер­бетеді. Толқытады. Небәрі 47 жасында дү­ниеден өткен арысымыз Мұстақым Мал­дыбай туралы, ұлы қайраткер тұлға ту­ралы кейінгі буынның зерттей бастауы – адам­ның жан дүниесін тербейді.

Біз неліктен осыншама көп уақытқа дейін анық-қанығына дейін түгелдеп жет­кізе алмадық?! Бұл немқұрайлылық па, жай­басарлық па деген түрлі ой мені маза­лайды. «Біз Әлихан, Ахмет, Мұстафа Шо­қайларды білеміз. Бүкіл елдік тұлғадағы рес­публикалық деңгейдегі тұлғаларды біле­міз. Біз облыстық, аудандық деңгейдегі ала­шордашыларға әлі күнге дейін толық жет­кен жоқпыз», – деген тарихшы Мәмбет Қой­гелді. Тіпті, оларды осылайша аудан­дық, облыстық деңгей деп айтудың өзі артықтау болар. Жалпы, бәрі де ұлты үшін жанын пида еткен азаматтар, оларды біз ештен кеш болса да көтеруіміз керек. Қы­рық жеті жасында дүниеден озған алаш қай­раткері Мұстақым Малдыбай ескерт­кі­шінің ашылуындай тарихи оқиғаға куә болу – мен үшін де үлкен бақыт», – дейді.

Алаш арыстары туралы кітап жазып, елг­е танылуына себепкер болып жүрген Qyr balasy қоғамдық қорының негізін қалаушы, алаштанушы ғалым Елдос Тоқтарбай: «Осыдан 12 жыл бұрын ұстазым Тұрсын Жұртбай Мамания мектебінде білім алған, Мамания мектебіне қолдау көрсеткен әрбір шәкіртті толық зерттеп шық деп тапсырма берген болатын. 2014 жылы Мұстақым Малдыбайдың бүкіл шы­ғармасын мұрағаттан тауып, жаңғыртып, кітабын шығара бастадық. Ең алғашқы кітабы 200 дана болып Қарағанды мем­лекеттік университетінен шыққан бола­тын. Одан кейін 2020 жылы Қарғанды об­лысы әкімдігі Ішкі саясат басқар­ма­сы­ның басшысы болып тұрған кезінде  Ер­лан Бейсенбайұлы қаражат тауып беріп шы­ғартқан болатын», – дейді.

Сол уақытта елін сүйген ерлер біріне бірі қолғанат бола білді. Мысалы, 1921 жы­лы Мұстақымды түрмеден алып шыға­мын деп қару-жарақсыз келген, больше­вик­тік жүйенің құрбаны болған Мәди Бә­пиұлы болатын. 1921-жылдың шілде­сін­де Семейде шыққан «Қазақ тілі» газе­тіне Мұстақым Малдыбайдың «Жолдасы» деген лақап атпен Мәдидің өлімі туралы мақала жазады. Сол мақалада: «Ол өзінің досын құтқарамын деп түрмеге келіп қаза тапты», – деп жазады. 

Мұстақым сол уақытта туған өңірінде тұң­ғыш мектеп ашқан, зауыт салдырған. Бір басына жүз адамның істер ісін жүк қы­лып артқан арда азамат болды.  Ол сол ке­зеңдегі қазақ ұлтына өзекті болған мә­селенің бірі оқулық шығарумен де айн­а­лыс­ты. «Қазақша ең жаңа әліппе» мен «Қа­­­­зақша оқу кітабы» секілді пайдалы оқу­лықтарды жазып, ағарту саласы дамуы­на үлес қосты.

Екі жылдан кейін 145 жылдығы аталып өт­келі отырған, елім, жерім деп еміреніп өт­кен Алаштың ардақты ерінің атына қа­лаларда көше, ескерткіш орнатып, «Мұс­та­қым Малдыбаев деген кім?» дегенде осын­дай ардақты да асыл тұлғамыз болған деп тарих оқулығына да енгізген дұрыс бо­лар ма еді?!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ