Саудагерлер енді бұл даудың біржақты болғанын күтеді.
«Не орнымыз, не ақшамыз жоқ». «Алтын орда» базарында саудагерлер тағы шу шығарды
895
оқылды

«Не орнымыз, не ақшамыз жоқ». Алматы облысындағы «Алтын орда» базарында кезекті шу шықты. Бір топ саудагер  жаңа павильонға миллиондап қаржысын құйғанмен, басшылық ауысып кетіп, біз далада қалдық дейді. Өйткені құрылыс тұралап қалған. Ал салған ақшасын бұрынғы басшылық қайтармай отыр деп шағымданады. Полицияға да арыз жазған, бірақ тергеу жүріп жатқанын байқамадық дейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz  КТК арнасына сілтеме жасап.

 

«Барымызды құйдық» деген саудагерлердің айтуынша, құрылыс қысқа дейін аяқталуға тиіс болған. Алайда басшылық ауысып кетіп, жаздан бері тұралаған. Ал бұрынғы директор алған ақшамызды қайтармады деп қапаланып отыр.

«Біз Маржан деген кассирге бердік. Ол Данияр Әлпиевтің кассирі болады. Сол кісіге ақшаны тапсырдық. Бұл жақта 300 адам бутикке ақша құйған. Жалпы, 450 бутик сатылған екен. Орташа бұл жақта 4 миллионнан құйған. Мен 23,5 миллион теңге құйдым. Әпкем 18 миллион құйды», - дейді кәсіпкер Әлия Көшбеспаева.

«Қарызға батып, қауғаланып қаржы құйдық» дегендердің көбі қазір жұмыссыз жүргенін айтады. «Ақшамызды қайтарсын» деп Қарасай аудандық полициясына да бірнеше ай бұрын шағымданған. Алайда әлі нәтижесін көрмедік дейді.

«Берілген чектердің бәрінің көшірмесін алып жатыр. Бірақ та прокуратурадан да, Қарасай ауданының сот орындары да ешқандай іс қозғамай жатыр. Әлпиевке қатысты. Құрылысты нөмір бірінші компания мойнына алып отыр. Осы бутиктер салынса, қыздар орнын алса деген ойдамыз», - дейді кәсіпкер Райхан Айдарбаева.

 Жаңа келген басшылық құрылысты жалғастыруға қайта кірісіп жатырғанын айтады. Бұрынғы құрылыс компаниясымен келісімшарт бұзылып, басқасымен уағдаласыпты.

«Қазір құрылыс қанша пайызға жүргізілді, қандай құрылыс материалымен істелгені туралы смета құжаттарын дайындау аяқталды. Енді құрылыс қолға алынып, бұл меншік иесінің өз қалтасынан төленіп, өзі құрылысты аяқтауға кепілдік берді», - дейді «Алтын орда» базары атқарушы компаниясының заңгері Ізбазар Өтеулин.

Ал миллиондаған ақшамызды қалтасына басты деген бұрынғы басшы Данияр Әлпиевтің адвокатының бұл мәселедегі пікірі бөлек. Айтуынша, бұл даудың құқықтық негізі жоқ. Келісімшарт біржақты бұзылды деп отыр.

 «Ол ақшаның бәрі тікелей, яғни Әлпиевтің меншігіндегі «Алтын орда ню компани» компаниясы есепшотынан банк жүйесіменен «Компания номер один» ЖШС есепшотына түгел келіп түскен. Яғни, оны Әлпиев алып қашып кеткен жоқ. Оны тығып алып қалған жоқ. Бұл сонымен расталып тұр», - деді заңгер Әлібек Алмабаев.

Даулы мәселеде саудагерлердің жазған арызы қазір Қарасай ауданы полиция бөлімінде қаралып жатыр. Алматы облысы полициясы істің тіркелгенін жеткізді. Мәселенің мән-жайын құзырлы орган анықтайды. «Миллиондаған теңгеміз кетті» деген саудагерлер енді бұл даудың біржақты болғанын күтеді.

Фото: tengrinews.kz