Алматының “Ақбұлақ” ықшамауданында тұратын ерлі-зайыпты Шалабаевтар зейнет жасында.
"Құрылыста жұмыс істеп жүр": 70-75 жастағы қариялар қартаймаудың құпиясын айтты
849
оқылды

Әжейдің жасы-70-те, атай-75-те. Олар өздері тұратын үйдің ауласы тұрмақ көшені тазалап, құрылыс жұмыстарын  бірге істей береді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

KYN.KZ тілшісі сол маңда екі қарияның арбамен цемент тасып, бірі оны жерге төсеп жатқанын байқап қалған. Жақындап барып, жастарын сұрағанда, қайран қалды. Өздері көпшіл, мән-жайды әңгімелеп, жастарға үлгі боларлық практикаларымен бөлісті.

Әжей 6 немересін бағып, ата-анасына берген. Олардың алды студент екен. Қазір тез қартайып кетпеу үшін тауық асырап, аула тазартып, құрылыс жұмыстарын жасап,  бос отырмауға тырысады.

"Біз Түркістан облысынан Алматыға көшіп келгенімізге 20 жыл болды. Ауылда ауыр физикалық жұмысқа әбден піскенбіз. Қозы бақтық, егін ектік, бәрін істедік. Қазір үйде шал екеуміз отырамыз. Баланың бәрі жұмыста, немерелер бірі сабақ, бірі балабақшада. Үйде қарап отырмастан, осындай кішігірім шаруаларды бітіріп отырайық дейміз. Ауланы таңмен тұрып сыпырамын. Мына көшенің жапырақтарын тазалап, сыпырып тазартып қоямын. Мен немерелерден босағаннан кейін ауырып қалмайын деп 5-6 тауық асырап алдым. Таңда ұйқыны қимай жата бермейсің. "Тауық аш қалады" деп тұрамын. Содан жұмыс басталады. Есесіне семіріп кетпейсің, жатып-жатып белің ауырып, аяғың қақсап, басың, ішің ауырмайды. Қимылдап тұрып бәрін жасағаннан кейін денең шаршап жақсы ұйықтайсың. Әйтпесе бізге осы жұмысты "істеп қой" деген ешкім жоқ. Балаларға көмегіміз тисін деп жүрген жайымыз бар",-дейді 70 жастағы Хадиша Шалабаева.

Ал 75 жастан асқалы тұрған Пернебек Шалабаев болса жас күнінде егін егіп, ауыл шаруасында белсенді болғанын айтты. Ол өзі өлең жазып,  суырып-салма ақындығы да бар екен.

"Ойламаған жерден жақсы кездестің. Менің өлең шығаратын өнерім бар еді. Бір кітабым шыққан. Біздің кезімізде университет оқи алмадық. 10-сыныптық біліміміз бар. Сол бір өлеңдерімді жарыққа шығарсам деген арманым бар. "Жас көрінесіз" дейсің,   бұның барлығы еңбектің арқасы. Жастар жалықпай еңбек етсе ол денсаулыққа да, жанның саулығына да өте пайдалы. Цементті арбамен тасып, оны белгілі жерге құю жай жұмыс. Мен зейнеткермін. Ең аз мөлшердегісін аламын. Бірақ соған разымын. Менің қатарластарымның талайы бұндай да ала алмады. Сондықтан бәріне шүкір. Зйнет жасына жетудің өзі бір жетістік деп білемін",-дейді 75 жастағы Пернебек Шалабаев.

Жұмыс істеп жүрген қарияның жары "сіз" деп сөйлейді екен. Оның мән-мағынасын сұрадық.

"Біз оңтүстіктің тәрбиесіндегі адамдармыз. Күйеуге "сіз" деп сөйлейміз. Келіндерімнің арасында  басқа өңірдің қыздары да бар. Олар да күйеулеріне "сіз" деп сөйлейді. Қалада тұрсақ та салт-дәстүрді тастамаймыз. Ауланың есігінен кірген кезде келіндер орамалмен жүреді. Сәлемін салады. Келінге сай міндетін жасайды. Алғаш үйге келгенде түсіндіргенмін. Мына ауланың есігінен шыққанда орамалын шешіп, басқалар сияқты қоғамдағы  өз міндетін жасай береді. Құда-құдағиларым, келіндерім барлығы осы талабымды дұрыс қабылдады. Ол ата-анасының берген дұрыс тәрбиесі деп ойлаймын",-дейді Хадиша.