Айтыс әсерлі, мағыналы болды.
Астанадағы айтыс: Алтын домбыра кімге бұйырды?
3,337
оқылды

Астана қаласында  "АMANAT" партиясының қолдауымен 2 күн бойы  "Алтын домбыра"республикалық айтысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

"Еңбек – ел ырысы" атты үлкен айтыс-додаға қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің, "AMANAT" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекетті – мемлекет, елді – ел қылған бай-бағландар емес, еңбек адамдары екендігін айта келіп, Мемлекет басшысының еңбек адамын құрметтеу керек деген сөзіне тоқталды. Еңбек адамына деген ел құрметінің арта беретінін атап өтті. 

"Сөз додасында 16 ақын бақ сынады. Бірінші күні 8 жұп айтысты. Екінші күні 4 жұп айтысып,2 айтыскер ақын финалға  шықты. Айтыс әсерлі, мағыналы болды.

Айтпақшы,бұл айтысқа жастар көп қатысты", – деп жазды Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Оның мәліметінше, кезінде  бірнеше жыл бойы төл өнеріміз – айтысқа  қолдау көрсеткенде жасындай жарқыраған ақындар да өз өнерін ортаға салды.

Сол кезде айтысқа қатысып, елдікті жырлаған, шыңдықты айтқан от ауызды, орақ тілді Аманжол Әлтаев пен Ринат Зайытов, бүгінде ел сенімін арқалап, Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, халыққа қызмет етуде. 

"Жалпы айтыс тартысты өтті.

Әзіл-қалжыңы аралас, салмақты сөздерді саралап, жарыс көркін қыздыра білген ақындардың сөз сайысында бас жүлдені мықты айтыскер ақын Мақсат Ақанов жеңіп алды", – деген депутат.

Астана төрінде өткен "Алтын домбыра-2023" республикалық ақындар айтысының қорытындысы мынадай:

Бас жүлде иесі – Мақсат Ақанов (Қарағанды обл.) – автокөлік + "Алтын домбыра"

1-орын – Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда обл.) – 2 млн тг. «Айтыстың ақтаңгері»

2-орын – Аспанбек Шұғатаев (Павлодар обл.) – 1,5 млн тг

3-орын – Жансая Мусина (БҚО) – 1 млн тг және Төлеген Жаманов (Ұлытау обл) – 1 млн тг.