Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Алматы облысында аурухана басшылығы 2,1 миллиард теңгеден астам қаржы ұрлаған
868
оқылды

Алматы облысындағы ауруханалардың бірін басқарған компанияның басшысы мен есепшісі өздеріне бағынышты ұйымдардан медициналық бұйымдарды көрінеу жалған сатып алған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті аса ірі мөлшерде ұрлық жасалды деген күдікпен тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ресми ақпаратқа сәйкес, медициналық мекеме 2020 жылдың қазан айында сенімгерлік басқаруға берілген.

«2020-2022 жылдар аралығында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінген 2,1 миллиард теңгеден астам қаражат ұрланған», – делінген хабарламада.

Аталған тұлғаларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

«Тергеу жалғасып жатыр, ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», – деп ескертті ҚМА өкілдері.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.