Полиция Мария Кацунның өліміне механикалық асфиксия себеп болғанын мәлімдеді. 
18 жастағы цирк әртісінің жұмбақ өлімі: полиция іс бойынша шешім қабылдады
663
оқылды

Сәтбаев қаласына гастрольдік сапары кезінде өлі табылған 18 жастағы цирк әртісі Мария Кацунның өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Ұлытау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Ведомство мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі "суицидке жеткізу" бойынша жүргізілген тергеудің анық-қанығы белгілі болған.

"Қылмыстық іс бойынша ешкім күдікті деп танылған жоқ. Дәлелдер расталмады. Мұны өлімнен кейінгі психиатриялық сараптама қорытындысы дәлелдейді. Тергеу нәтижелері бойынша 30 қыркүйекте қылмыс құрамы болмауына байланысты істі тоқтату туралы шешім қабылданды, қабылданған шешімді Сәтбаев қаласының прокуроры бекітті", – делінген Ұлытау облыстық Полиция департаментінің Tengrinews.kz-ке жауабында.

Сондай-ақ, полиция Мария Кацунның өліміне механикалық асфиксия себеп болғанын мәлімдеді. 

Айта кетейік, былтыр қарашада 18 жастағы Мария Кацун Сәтбаевтағы цирк вагонында асылып тұрған күйде табылды. Өлер алдында ол Ұлытау облысына гастрольдік сапармен барған. Мария Алматыдағы Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде оқыған.

Әртістің жұмбақ өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Оның жақын достары суицид дегенге сенбеді. Мария Кацунның ата-анасы жоқ. Ал әжесі қайтыс болғаннан кейін ол балалар үйінде тәрбиеленген.

Фото: әлеуметтік желі