Аустралияның Брисбен қала­сында өткен, Азияның «Оскары» саналатын Asia Pacific Screen Awards (APSA) атты Азия кеңіс­тігіндегі ең басты халықаралық кино сыйлығында отандық фильм­дер үш бірдей жүлдеге қол жет­кізді.
Азия «Оскарын» жеңіп алды
741
оқылды

Режиссер Асхат Кученчерековтің «Бауырына салу» фильмі – «Ең үздік жастар картинасы», Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі – «Ең үздік операторлық жұмыс» (қоюшы-операторы – Азамат Дулатов), ал Әлішер Исмаилов жас актер Айбар Салымен Дархан Төлегеновтің «Ағайындылар» фильмінде сомдаған рөлі «Ең үздік жаңа орындаушы» аталымында топ жарды.

«Бауырына салу» фильмі сәби кезінен әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Туындының тұсауы осы жылы Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен беделді кинофестивальде кесілді, онда ол «Жаңа режиссерлер» бағдарламасында көрсетілді.

«Ағайынды» фильмі былтырғы қыркүйекте Германиядағы Oldenburg International Film Festival фестивалінде «Кино рухы» сыйлығын жеңіп алған болатын, ал биылғы сәуір айында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы бұл картинаны «2022 жылдың үздік драмасы» деп таныды. Сонымен қатар фильм Италия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Испания және Болгариядағы халықаралық кинофестивальдерде 10 марапатқа ие болды.

«Қаш» фильмі қазақ даласындағы 30-шы жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың қиын тағдыры туралы баяндайды. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады, бірақ жолда оған кезбе адам кездесіп, оны адастырады. Айта кетсек, Айсұлтан Сейітов жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде осы жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алған болатын.