Ағза донорлығы: салада – соны бетбұрыс

Денсаулық сақтау министрлігі «өлгеннен кейінгі органдардың донорлығы» бойынша жас шектеуін алып тастау бастамасын ілгерілетуге кірісті.

Бүгінде қолданыстағы заң қайтыс болған балалардың мәйітін бұзып, ағзаларын алуға тыйым салады. Бұл кезінде әлемде кең етек алған балалар саудасына тосқауыл қою үшін жасалған еді. Үкімет, тіпті ауру адамдардың да органдарын пайдалануды ұсынды. Мемлекет неге бұған барғалы тұр? Отандық трансплантологияның жағдайы сонша нашар ма?

Жасыратыны жоқ, Қазақстан қоға­мын­да «қайтыс болғанның ағзалар до­нор­лы­ғы» деген сөздің өзін естісе, жұрт жа­­ға ұстайды. «Адамды малша сойып, ішек-қарнын ақта­­руға бола ма?» деп шо­шы­нып жатады әлеу­­мет­тік желіде пі­­­кір білдіргендер. Бұған ха­лық­­тың осы са­ладағы сауатын ашу жұ­­мыстарының жет­­­­кіліксіздігі де ықпал етіп отырса керек. 

Басқаны айтпағанда, Денсаулық сақ­тау министрлігі Еуропадағыдай «Ағ­­­за­­­­­­­лар до­норы күнін» биылғы 9 қазанда республикада алғаш рет атап өтті. Еуро­па­­лық ағзалар до­норлығы жә­­­не транс­­плантаттау күні меди­­цина­­ның осы маңыз­­ды саласына деген қо­ғам­­ның се­ні­мін нығайту мақсатында әлем­­де 1996 жылдан өткізіліп келеді. 

Батыста ағзалар донорлығына қа­тыс­­­ты насихат пен жарнама аса агрес­сив­ті жүргі­зіледі. Мысалы, қоғамдық маңызды іске үлес қоспай, әлдебір на­­ным-сеніміне орай «ішкі құрылыстарын өзімен бірге көрге ала кетуді» қалайтын адамдарды қатты айып­тай­­ды. Діндарлар бақи дүниеде ағзалар емес, адамның пәк жаны маңызды екенін жұртшылық­қа түсіндіреді. Бұқара көп жи­на­­латын орын­дарда өлгеннен кейінгі до­нор­­­­лыққа үгіттейтін плакаттар ілініп, үкі­мет­­­­тік емес ұйымдар үнпарақтар таратады. 

Мысалы, АҚШ-та кезекті рекорд тір­келді: 95 жастағы америкалық Сесил Лок­харт ел тарихындағы ең кәрі «өлген­­нен ке­йін­гі донор» атанды. Жуырда Құрама Штат­­тарда тағы бір жаңа рекорд жасалды: ор­гандарды алмастыру саны 40 мыңға жет­кен. Трансплантациялар саны жеті жыл қатарынан өсіп жатыр. Өзге дамыған ел­­дерде де донорлықтың бұл түрі жүйелі жол­ға қойылған.

Қазақстанда ше? Бізде ағзаларды тран­­сплантаттау бойынша 2 475 ота жа­салды. Бұл – көркем көрсеткіш болар еді, бірақ ол соңғы 10 жылдағы жиын­тық сан. Денсау­­ми­ні донорлық ағзалар­дың жетіспеушілігі проблемасы ушық­қа­­нын ашық айтты. 2022 жылы тек 4 адам ғана қайтыс болғаннан ке­йінгі донор болған: олар 16 адамның өмі­рін сақтап қалды. 2023 жылы мұндай до­нор­­лар саны 5 адамға дейін өсті. Олар 12 па­циент­тің өмірін ұзартты.

2023 жылғы қыркүйектегі жағдай бо­йын­ша ДСМ-нің «Транспланттауды және жоғары технологиялық медицина­лық қыз­меттерді үйлестіру республика­лық орта­лы­ғының» күту парағында бүй­­рекке, бауыр­ға, өкпеге, жүрекке, «жү­рек-өкпе» кешеніне мұқ­таж 3 953 сыр­қат кезекке тұрған. Ма­ман­дар­дың айтуынша, қазақстандықтар дәрі­герлерге дүниеден өткен адамдар­­дың ағза­ларын бермей қасарысып жат­қанда, биылдың өзінде күту парағында тұрған жүзден аса адам көз жұмды. 

«Қазір донорлық органдарды күткен пациенттердің саны өсіп барады. Күту парағында тұрған трансплантацияға зәру 4 мыңдай сырқаттың 106-сы – ба­лалар. 2023 жылғы 5 айда күту па­­­­ра­ғын­да тұрған 111 адам өліп қалды», – деп ха­­барлады Денсаулық сақтау министр­лігі. 

Ведомствоның дерегінше Қазақ­­станда биылғы қаңтар-мамыр айларын­да органдар трансплантациясы бойын­ша небәрі 95 операция ғана жасалды. Со­ның ішінде тек 1 отада ғана өлгеннен кейінгі донордың ағзасы пайдаланы­­лыпты.

Бұл ретте Транспалантациялық қыз­мет 35 әлеуетті донорды таба алған. Бі­рақ олардың 26-сы артында қалған жұ­байлары, туысқандары ағзаларын алуына рұқсат етпей қойған. 

Жалпы, 2012 жылдан 2023 жылғы тамызға дейінгі аралықта Қазақстанда бар­­лығы 2 475 трансплантаттау жасал­ды. Ең көп ота бүйрекке қатысты. Тара­та кетсек, 1 833 бүйрек транспланта­ция­сы, 472 бауыр, 90 жүрек, 19 өкпе, 2 ұйқы безі, 59 қабықша-роговица трансплан­та­­циясы жасалды. 

Соның ішінде басым көпшілігі, 83,4% – тірі донорлардан алынды. Он жылдықтағы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардың үлесі – 16,6%. 

Қазақстанда ағзаларды транс­­­плантаттау бойынша алғашқы операция сонау 1979 жылғы 17 сәуірде тіркелді: Сыз­ғанов атын­­­да­ғы Ұлттық ғылыми хирургия орта­лы­ғында жүргізілді, бұл донорлық бүйректі трансплантаттау бол­ды. Ал 2012 жылы өл­ген­нен кейінгі донордың ағзасы тұңғыш рет пайдала­нылды. 8 тамызда «ҰҒХО» КеАҚ-да созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бар па­циентке донорлық жүрек қонды­рылды. Яғни, еліміздің бұл тұрғыдағы ғылыми әле­уе­­­­ті зор. Соған қарамастан сала тоқырап тұр.

Өзі үнсіз. Туысы неге қарсы?

Денсаулық сақтау министрлігінің Ме­ди­циналық және фармацевтикалық бақы­лау комитеті «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау саласындағы нормалар­дың артық (шамадан тыс) заң­на­малық регламенттелуін болдыр­мау мәселелері бо­йын­ша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заңының жобасын әзірледі. Бұл құжат осы күйде қабылданса, салада бет­бұрыс болады. 

Біріншіден, министрлік өлгеннен ке­йінгі ағза донорлығына азаматтардың келі­сі­мін сұрамауды ұсынып отыр. Кім үзілді-кесілді қарсы болса, көзі тірісінде бас тар­­туын рәсімдеуі тиіс. Рәсімдемесе, келісті деп саналады. Мұны заңдастыру үшін заң жобасында Денсаулық ко­дексінің 209-ба­бының 8-бөлімінен «келі­­сімі» деген жалғыз сөзді алып тас­тау қарастырылған. 

«Ағзалардың, ағза бөлігінің, тіндер­дің, тін бөлігінің қайтыс болғаннан ке­йінгі до­нор­­­­­­лығына құқығын білдірген аза­мат­тар­дың Тіркелімінде Қазақстан азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын (ағза­сы­ның бөлігін), тіндерін (тінінің бөлігін) трансплан­таттау мақсатында алудан бас тартуы ту­­­ра­­лы ерік білдіруін тіркеу медицина­лық-санитариялық алғашқы көмек көр­­сететін медициналық ұйымға тіке­лей жүгінген кезде немесе «Электрон­дық Үкіметтің» уеб-порталында жүргі­­­зіл­уі мүмкін», – делінген бұл баптың жаңа редакциясында.

Не өзгермек? Қолданыстағы Ден­сау­лық кодексінің дәл осы бабы Қазақ­станда екі тіркелімді жүргізуді көздейді. Біріншісі – өлген соң донор болудан бас тартушылардың тізімі. Екіншісі – бақилық болғанда ішкі ағзаларын өзге­лерге табыстап, қайырым­­­дылық жаса­ғы­сы келетін азаматтардың тізі­мі. ДСМ осы соңғы тізімді жоюды ұсынып отыр. 

Өйткені қазақстандықтар көзі тірі­сінде өз органдарын мемлекетке сеніп тапсырғы­сы келмейді. «Науқастанып, ауруханаға түс­сем және әлгі тізімде тұр­ғанымды көрсе, дәрігерлер емдемей қоя­ды, тезірек өлтіріп, органдарға бөл­шектеп алуға ынтығады» деп қорқады. Бұл үрей медицина саласын жай­лаған жем­қорлықтан туындады. «Қолы мен ары таза емес трансплантолог алмас­тыра­тын сау орган іздеген әлдебір бай, би­лікті тұлғалардан пара алмасына ке­піл бар ма?» деген сауал туады.

Министрліктің түсіндіруінше, «ке­лі­сім презумпциясы» ұғымы енгізіледі. 

«Қазақстанда органдар донорлығы жә­не трансплантация саласында күр­делі ахуал қалыптасты. Әлеуетті донор­лар­дың туыста­­ры өлген адамның ағза­ларын алуға тыйым салады, басым көп­шілігінде келісім беруден бас тар­та­ды. Осыны ескере отырып, қайтыс бол­ғаннан кейінгі донорлыққа келісім пре­зумпциясын енгізген жөн. Себебі әр­бір кә­ме­­­­летке толған азамат, ақыл-есі түзу адам электронды Үкімет порталы ар­қылы көзі тірі­сінде ағза донорлығына қарсылығын біл­діре алады. Егер адам қай­тыс болғаннан кейінгі донорлыққа наразы екенін білдірме­се, онда дүние сал­ған соң ол орган донорлы­ғына ке­ліс­­кен болып есептеледі. Бұл жағ­дай­­­да енді туыстарының келісімі талап етіл­­­­мей­ді», – деп түсініктеме берді ведомство.

Ауру ағза айығуға дәнекер ме?

Заң жобасындағы екінші жаңалық – министрлік жас шектеуін жоюды ұсын­ды. Қолданыстағы Денсаулық кодексі­нің 212-ба­бында: «18 жастағы және одан үлкен, миының бір жола семуі рас­талған, ағзала­ры, тіні реципиентке трансплантаттау үшін пай­да­ланылуы мүмкін адам қайтыс болған­нан кейінгі до­нор болуы мүмкін» деп нақты жазыл­ған. Денсауминнің ұсынысы өтсе, 18 жасқа қатысты тыйым жойылып, одан жас балалар да қайтыс болған соң донорға айнала алады.

Министрлік бұған «донорлық ор­ган­дарды трансплантациялауға мұқтаж бала­лардың көбеюі итермелеп отыр­ғанын» алға тартты. 

«Күту парағында тұрған балалар саны 100-ден асып кетті. Сондықтан қай­тыс бол­ғаннан кейінгі донорлардың жасын шек­теуді жою ұсынылады. Ары қарай халық­тың, сондай-ақ медици­­­на­лық қыз­мет­­­кер­­лердің арасында жос­пар­­­­лы түрде түсіндіру жұмыстарын жүр­гізу қажет болады», – деді министр­лік мамандары. 

Үшіншіден, ауру адамдардың ағ­за­ла­­рын алуға да жол ашпақ. Денсаулық кодексінің 209-бабының 5-бөлімінде: «Инфекция жұқтырған тірі кезіндегі до­нордан немесе қайтыс болғаннан ке­йінгі донордан ағзала­рын, тіндерін ре­ци­пиентке трансплантаттау үшін алуға тыйым салынады» деп қадап айтылған. Министрлік осы бапта тек ин­фек­ция жұқтырған донорлардың ағза-тіндерін «инфекция жұқтырмаған» адам­дар­ға алмастыруға ғана тыйым салған жөн де­ген байламға келді. 

«Трансплантацияны қажет ететін­дердің саны әлеуетті донорлардан бір­не­ше есе асып түседі. Мұның сыртында әлеуетті донорлардың инфекция жұқ­тыруы де олар­дың қатарын қатты сире­теді. Сонымен бір­ге Күту парағында ге­патитпен ауыратын реци­пиенттер бар, оларға дәл сондай дерті болған өзге қайтыс болғаннан кейінгі до­нор­­­­лардың ағзаларын салуға болар еді. Мәселен, мерез (сифилис) донорлық үшін қарсы көрсетілім болып табылмайды. Бү­гін­де әлемдік трансплантология тарихында мерездің трансплантатталған орган ар­­­қы­лы донордан реципиентке трансмис­­сиясының бірде бір оқиғасы тіркелме­ген», – деп мә­лімдеді министрлік. 

Мамандардың айтуынша, теория бо­йынша бұл инфекцияны беру қаупі 0,15%-дан аспайды. Яғни, бәрібір қауіп бар. Бұл қатер жоққа теңелуі үшін до­нор­лық орган дұрыс консервация­ла­нуы, әлеуетті до­норды жансақтау бөлі­мінде емдеуде соңғы буын­дағы ан­­­ти­­­бак­­­териалдық препараттар қолда­нылуы тиіс. Ол талап­тардың бәрін біздің медициналық ұйымдар мүлтіксіз сақтай ма?

Бұған қоса, Қазақстанда қазірдің өзінде органын алып, реципиенттерге транс­плантаттауға болатын «донор­лар­дың ин­фек­циялық дерттерінің тізбесі» бар екен, оған тіпті гепатит пен АИТВ (ВИЧ) кіреді. Ондай жұқпалы дерттер­­дің тізбесі ха­лықаралық хаттамаларда да бекітілгені, әлем­дік тәжірибе, жеке­­­ле­­ген нәтижелер арқылы расталға­ны айтылды.

Әрине, мұның бәріне Денсаулық сақ­тау министрлігі еріккеннен барып отыр­ған жоқ. Транспланттауды және жоғары техно­логиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі респуб­­­ликалық орта­лық маман­да­­ры­ның есептеуінше, қазіргі қарқынмен күту парағында тұрған сырқаттар органға қол жеткізуі үшін шамамен 400 (!) жыл күтуі керек. Бұл тапшылық елде транс­плантат­таудың «қара нарығының» да­муына соқ­тырды.

Елдос СЕНБАЙ