Батыс Қазақстан облысында психоневрологиялық қызметі бұзылғандарға арналған бірнеше әлеуметтік орталық бар. Ол орталықтарда қызмет алушылар жыл бойына мемлекеттің бақылауында болады.
Әлеуметтік орталықтың әлеуеті зор
610
оқылды

Былтыр сондай арнаулы әлеуметтік орталықтардың ішінен қоғамға бейімдеуге болады деген таңдаулы топты бөлек шығарды. Яғни, 2022 жылдың 15 маусымында Орал қаласында «Өз бетімен тұруды сүйемелдеу» орталығы ашылды. Осы орталықтың пайдасы болды ма? Қызмет алушылар қоғамға бейімделе алды ма? Редакция тілшісі орталыққа барып, қызмет алушылармен тілдесіп қайтты. 

«Өз бетінше тұруды сүйемелдеу» әлеуметтік орталығы «Круглоозерный» арнаулы қызмет көрсету орталығына қарайды. Қазір орталықта 15 адам тұрып жатыр. Ашылғанына бір жылдан асқан орталықта айтарлықтай өзгерістер бар. Орталық жетекшісі Гүлнұр Есқабылова бүгінде 13 адам қоғамға бейімделіп, тұ­рақ­ты жұмысқа орналасқанын айтты.

– Алғашқы айлар аздап қиындау болды. Оны енді мойындаймыз. Себебі қызмет алушылар ешқашан қоғамға шық­паған, интернатта ғана отырған адам­дар ғой. Ең қарапайымы, таңда тұ­рып төсек жинау, киім үтіктеу, асханаға бару секілді тірліктер оларға кәдімгідей салмақ салатын еді. Тәртіп сақтау сынды қарапайым қағидаларды түсіндіріп айтып, қазір үйреттік. Біздің қызмет алу­шылар қазір бәрін үйренді. 13 адам тұрақ­ты жұмысқа орналасты. Жұмысқа өздері барып, келеді. Арасында іс-әрекетке бейім­сіздері де бар. Оларды біздің мамандар апарып, әкеледі, – дейді орта­лық жетекшісі Гүлнұр Есқабылова. 

Бұл орталықтағылар – бұрын арнаулы әлеуметтік орталықтарда қызмет алған­дар. Облыста 12 арнаулы әлеуметтік қыз­мет көрсету орталығы бар. Сол орта­лық­тарда бүгінде 1 348 адам қызмет алуда. Осы орталықтардан қоғамға бейімдеуге келетін, мінез-құлқы тәрбиеге көнетіндерін өз бетінше тұруды сүйемел­деу орталығына әкеледі. Сол жерден оларды ортаға, қоғамға бейімдейді.

Олар осы жерден қоғамдық көлікпен жүруді, адамдармен араласуды, тамақ дайындауды үйренеді. Осы орталыққа келіп жұмыс тауып, өзінің сүйікті ісімен айналысып жүргендердің бірі – Әлімжан Куташев. 

Әлімжан мұнда орталық ашылған кезде келген. Жасы 26-да. Ол қазір қаладағы кофе сататын орталықтарға қажетті кофені дайындап жібереді. Бұл қызметке Әлімжанды жұмыс беруші өзі үйретіп алыпты. 

– Мен кофенің сорттарына қарай қуырамын. Кәдімгі жасыл түсті шикі кофе келеді. Оны жұмыс беруші өздері жеткізеді. Мен арнайы құрылғымен оны қуырып, пакеттерге салып кофе сататын орталықтарға жіберемін, – дейді Әлімжан Куташев.

– Біздің орталықта әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман, психолог, еңбек нұсқау­шы­сы бар. Бастапқы кезде қызмет алу­шы­ның деңгейін бақылаймыз. Қарым-қабілеттерін анықтаймыз. Бірі – тігінге, бірі – ағашпен жұмыс істеуге, бірі ас-паздыққа жақын екендігін байқаймыз. Сосын сол қабілеттерін дамытуға көмек­тесеміз. Біздің Әлімжан Куташев – сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Бір айтқанды қағып алады. Тез үйренеді, – дейді Гүлнұр Мақсотқызы.

Орталықта Әлімжан секілді жандар көп. Олардың барлығының тағдыры ұқсайды. Кезінде қаладағы басқа әлеу­мет­тік орталықта тәрбиеленгендер. Қазір осы жерде жан жылуын тауып, еңбекке араласып жүр. Әлімжан Куташев ағаш шеберімен бірігіп бұйым да жасайды. Орталықтың еңбек нұсқаушысы қызмет алушыларды еңбекке баулиды. Қолдары ептілері ең мықты ағаш шебері болып шығады. 

Өз бетімен тұруды сүйемелдеу үйіне келгелі жұмыс тауып, ортаға үйренген­дердің қатарында Айнұр Абылғазиева мен Толқын Қабашева бар. Толқын қазір қолөнер бұйымдарын дайындауды үйреніп жатыр. Ал Айнұр болса қолөнерге бейім. Орталықтың жанындағы қолөнер шеберханасы жайнап тұр. Неше түрлі бұйымдар, картиналардан көңіл мар­қаяды. 

Өзі ұяң, сөзге жоқ Толқын Қабашева орталық өзіне ұнайтынын, бұрын қолы­нан келмеген істі осында келіп үйренгенін атап өтті. 

Орталықта жақсы жаңалық, жетістік көп. Ол туралы орталық жетекшісі Гүлнұр Мақсотқызы өзі айтып берді. 

«Орталықта қызмет алушылардың жастары әртүрлі. Ең кішісі – 19-да, ең үлкені – 44 жаста. Біз бұларды бір үйдің балаларындай болсын деп тәрбиелейміз. Ұжым өте ұйымшыл. Үйреткенді тез мең­геріп алады. Әсіресе, спорттық шаралар­дан алдымызға жан салмай жүрміз. Ақтөбе қаласында өткен республикалық турнирден жүлдемен оралдық. Түркістан қаласында өткен футболдан бірінші орын алдық. Қостанай қаласында зіл­темір көтеруден өткен турнирде үшінші орын алдық. Спорттық шараларда жетістіктеріміз өте көп. Олар – қоғамға шықпай, шеттеліп қалған адамдар. Ал қазір қоғамға үйреніп, үлкен жетістіктер көрсетіп жүр. Қазан айында Алматыға саяхатқа барып келдік. Бұл саяхатқа Батыс Қазақстан облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы қолдау көрсетті. Біздің қызмет алушылар Алматының өте әдемі жерлерін көрді», – дейді  ол.

Жоғарыда біз атап өткен Айнұр Абылғазиева үйлі болып жатыр екен. Біз сол қуаныштың үстінен түсіппіз. 

– «Отбасы банк» арқылы ипотекаға үй алып жатыр. Қазір үйдің барлық құжаты тапсырылып, дайын отыр. Айнұр іс-әрекетке қабілетті, қоғамға әбден бейім­делді. Ол өз бетімен бөлек тұра алады. Ол қазір мейрамханада тазалықшы болып жұмыс істейді. Ата-анасы, бауыр­лары бар. Олар жиі келіп тұрады, – деп атап өтті Гүлнұр Есқабылова.

Сан қилы тағдырлар тоғысқан бұл әлеуметтік үйде екінші топ мүгедектері тұрады. Олардың көбі – ата-анасы бас тартқан немесе тастап кеткен тағдыр иелері. Кейбірін ата-анасы балалар үйіне өткізіп жіберсе, кейбір ана баласы ауру екенін білген бойда перзентханада бас тартқан. Қазір олар өсіп, жетілді. Айнұр Абылғазиева секілді қоғамға бейімделген, тәрбиеге көнетіндері мемлекеттік бағдар­лама арқылы үйлі болып, енді өскен ұясынан ұшқалы отыр. 

Әлеуметтік орталық қызметкерлері қызмет алушылардың ата-анасын, туыс­тарын іздеп табуға тырысады. Бүгінде төрт қызмет алушының туысы табы­лыпты. 

Сондай бақытты жандардың бірі – Азамат Бараков. Оның туысқандары Ақтөбе қаласында тұрып жатыр екен. Анасы қайтыс болған, бірақ нағашылары бар. Азамат қазір қаладағы білдей бір мейрамханада аспаз болып жұмыс істейді. Басында жұмыс беруші «Екінші топтың мүгедегі, қалай жұмыс істейді?» деп Азаматты аспаздың көмек­шісі қызметке қабылдағысы келмеген. Бірақ жігерлі жігіт өзін дәлелдеп, қазір сол мейрамхананың аспазы болып жүр. 

Осылайша, орталық мамандары бала­ларды ата-ана, жақындарымен қауыш­тыруда. Ондағы мақсат – қызмет алушы­ның өз ортасы, бауырлары болса деген ой. Сол арқылы оларды қоғамға бейімдеп, «сенің де отбасың бар, жалғыз емессің» деген ұғымды сіңіруді көздейді. 

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА