Қазақстан мен Корея арасында дипломатиялық қатынастың орна­ғаны­на отыз жылдан асты. Былтыр екі елдің үкіметі «Өзара мәдени алма­су жылын» жариялаған еді.
Кореялық спектакль сахналанды
744
оқылды

Айтулы жыл аясында өткен аптада Корей мә­дениетімен танысуға мүмкіндік туды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Тенгриада» қойылымы сахналанды. 

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен өткен шараның мақсаты – екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту. Поэтикалық формада сахналанған «Тенгриада» қойылымы екі мемлекетті Ұлы Тенгридің ежелгі рухани күмбезінің астына біріктірді. Қойылымда алғашқы шайқастар, рухтар, бақсылар және өмір сүру үшін күрес тақырыбы көрініс табады. Театрсүйер көрермен «Тен­гриада» арқылы тайпалар арасындағы жекпе-жек пен бидің ерекше үлгілеріне, адалдық пен махаббат дастанына куә болды. 

Спектакльде кореялық Кан Тхэ Сик, ал сахналық жекпе-жекте Ким Джо Ель режиссерлік қызмет атқарды. Сценарисі – Ким Су Ми, балетмейсте-рі – әлемдік додаларда талантын паш етіп жүрген қазақстандық Анна Цой. Одан өзге театр сахнасында Кореяда кең танылған әнші Ли Сон Ель бой көрсетті. Сондай-ақ актерлік ұжымның құра­мын­да театр артистері Руслан Абу, Олжас Сақ, Нариман Егимбеков, Ұл­жан Оразаева, Алихан Карибаев, Гүл­зада Иманғалиева және Республикалық мемлекеттік академиялық музыкалық-комедия театрының өнерпаздары бар. 

– Мен жолбарыстар тайпасының басшысын сомдадым. Ол – өз тайпа­сына адал, халқын қорғау үшін күре­сетін хан. Қойылымның негізгі түйіні – екі ел бір-бірімен жауласпай, халқы тату-тәтті өмір сүруі тиіс. Менің кейіп­керім бір сөзінде: «Аюлар мен жолба­рыстардың бір-біріне қарсы шығуы – жақсылық емес», – дейді. Бүгінде күллі әлем назарын аударып отырған қантө­гістің түбі де жақсылыққа апармай­тынын меңзейтіндей, өзекті мәселе. Дайындық кезінде аса қиын бола қой­ған жоқ. Режиссердің еңбегінің арқа­сын­да қойылым сәтті шықты деп ойлаймын, – дейді басты рөлдің бірін сомдаушы актер Олжас Сақ.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы