Қазақстандықтарды эвакуациялау бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Қазақстанның 122 азаматы мен олардың отбасы мүшелері Газа секторынан эвакуацияланады
© AFP 2023 / SAID KHATIB
879
оқылды

14 қарашада қазақстандықтар мен олардың отбасы мүшелері Газа секторынан Мысыр мен Палестина анклавының шекарасындағы «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы эвакуацияланады, – деп хабарлайды Aikyn.kz Газа секторының Шекара өткелдері бас басқармасына сілтеме жасап.

14 қарашаға қараған түні Газа секторынан Мысыр бағытында «Рафах» бақылау-өткізу бекетінен өтуге рұқсат етілген шетелдік азаматтардың тізімі жарияланды. Олардың арасында «Қазақстан» деген бағанда Қазақстан мен Палестина азаматтығын алған 122 адам бар.

Тізімдегі азаматтар тиісті рәсімдерден өтуі үшін жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7.00-де (Астана уақытымен сағат 10.00) «Рафах» бақылау-өткізу бекетінің сыртқы өткел залында болуы тиіс.

Қазақстан азаматтарымен бірге 14 қарашада Газа секторынан Солтүстік Македония, Финляндия, Иордания, Ұлыбритания, Испания, Румыния, Германия, Ресей, Швеция, АҚШ және Дания азаматтары шығады. Сонымен қатар Палестина анклавынан жеке тізім ұсынған Мысырдың 159 азаматы шыға алады.

Қазір ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Мысырдағы елшілігі азаматтарымызды эвакуациялауға көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша қажетті шаралар қабылдап жатыр.