Бүгін Мәжіліс отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Самат Мұсабаев Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалмай жатқанын ескеріп, оны толыққанды бақылауға алу жөнінде ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа сауал жолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Мемлекет басшысы берген 34 тапсырманың тек бесеуі орындалған
988
оқылды

– Мемлекет басшысының тапсырмалары мірдің оғындай уақытылы әрі бұлжытпай орындалуы керек деп есептеймін. Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау өңіріне арнайы бірнеше рет барып, қордаланған мәселелер бойынша нақты, һәм маңызды іс-шаралар жоспарын бекітті. Оның ішінде, өңірге маңызды 34 қажетті тапсырма берілді. Бүгінде, сол тапсырманың көбі орындалмай отыр. Осы сауалды дайындар алдында мемлекеттік органдармен Президенттің берген тапсырмаларын бір пысықтадық. Әзірше, 34 қажетті шараның, тек 5-еуі ғана іске асқан. Ал 29-ы сол бойы тоқтап тұр, – деген Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев қандай мәселелердің елеусіз қалғанын атап өтті. 

Атап айтсақ: Ақтау – Форт-Шевченко, Таушық – Шетпе жол тораптарын салу, Құйылыс-Ақтау су желісін салу арқылы елді ауызсумен қамтамасыз ету, туризм мәселесі бойынша Каспийдің жағасын дамыту, ел саулығын сақтау үшін Қошқар Ата аумағына улы заттарды көмуді тоқтату мәселесі бар.  

– Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне берілген 6 тапсырма, «Самұрық-Қазынаға» тиесілі 3 тапсырма, «Бәйтерекке» берілген бір тапсырма, Ұлттық экономика министрлігіндегі 7 тапсырма, Ауыл шаруашылығы министрлігіне берілген 2 тапсырма орындалмаған. Осылай жалғастыра беруге болады. Мемлекет басшысы өз Жолдауында елдегі проблемалардың уақытылы шешілмей жатқанын айтты. Сол Жолдауда негізгі мәселелер жол мен су екенін Президент шегелеп көрсетіп, арнайы министрліктер ашылды. Енді Үкімет тарапынан аталған мәселелердің орындалуы бойынша тез арада арнайы мемлекеттік органдардың есебі алынсын; Үкімет пен Президент әкімшілігінің Мемлекет басшысы халық алдында берге нақты тапсырмаларын орындату процестерін күшейтуі ұйымдастырылсын және мәселелер бойынша бюджетті нақтылауымыз керек, – деді ол.