Қор биржасына шығатын адамдар екі мақсатты көздейді. Біріншісі қолда бар қаражатты сақтап қалуға ниеттенсе, екінші топ оны байыпты түрде көбейтуге талпынады.
Инвестициялау өнері: қандай құралдар мен стратегиялар бар?
29,072
оқылды

Осы орайда олардың өз мақсатына жете алуы қандай инвестициялық құралдар мен стратегияны таңдағанына тікелей байланысты. 

Қор нарығында инвестицияның мынадай түрлері бар: акция, облигация, инвестициялық пай қорлары, индекстік қорлар, биржалық сауда қорлары (ETF), опциондар және т.б. Олардың қалай жұмыс істейтінін және қандай жағдайларда тиімді пайдалану керектігін түсіну үшін егжей-тегжейлі талдап көрелік.

Акциялар

Акциялар – компанияның бір бөлігіне меншік құқығын беретін ең табысты инвестициялау құралдарының бірі. Оның үлесі инвестор иелік ететін акциялардың санымен анықталады. Олар ұзақмерзімді перспективада өсім көрсетуге бейім және жыл сайын дивидендтер арқылы пайда әкелуі мүмкін. 

Акциялар қор биржасында листингтен өту арқылы саудаға шығарылады. Акцияға кез келген қаржы мөлшерімен инвестиция жасай аласыз. Сонымен қатар бұл қаржы құралының қор биржасындағы листингі белгілі бір мерзіммен шектелмейді. Сондықтан да инвестор оны сатып алған соң ұмытып кетсе де, ол заңды күшін жоймайды. Сондай-ақ ара-тұра  компаниядан түскен дивидендтерді алып отырады.

Алғаш сатып алуға арналған ТОП-7 акциялар тізімі:

 

Дереккөз: freedom24.global

 

Облигациялар

Келесі қаржылық құрал — облигациялар. Облигация – қарыз беруге бағытталған бағалы қағаз. 

Облигацияның акциядан басты айырмашылығы – сатып алу кезінде-ақ сіз табыс мөлшері мен оның мерзімі және көлемі жөнінде білетін боласыз. Осы себепті құнды қағаздар нарығында бұл қаржы құралы ең сенімді саналады.  Өйткені құжат бойынша компаниялар сізге облигация бойынша қарызды қайтарып беруге міндетті. Дегенмен естеріңізде болса, қауіп неғұрлым төмен болған сайын, кіріс те соғұрлым төмен. Сондықтан облигациядан түсетін пайда акция секілді жоғары болмайды. 

Freedom Broker кеңес береді: Облигациялар бойынша инвест идеялар:

 

 

Инвестициялық пай қорлары

Құнды қағаздар арқылы үлкен табыс табуды көздейтін нарық ойыншылары үшін терең білім мен белгілі бір машықтар қажет екені даусыз. Бірақ көп жағдайда азаматтар мұны қосымша табыс көзі ретінде қарастырғандықтан, оған арнайы уақыт бөле алмайды. Мұндай азаматтар үшін инвестициялық пай қорларына инвестиция жасаған тиімді. Себебі бұл – жеке инвесторлардың  қаражатын біріктіретін пассивті кіріс алуға арналған ұжымдық инвестициялардың бір түрі.  Қордың үлескері биржаны қадағалап, тәуекелдер мен өзгерістерді басшылыққа алып әуреге түспейді. Ол үшін мұны қордың басқарушы компаниясының командасы жасайды.

Бұл ретте Freedom Broker ұсынған Fixed Income USD инвестициялық пай қорларын атап өткен жөн. Қордың мақсатты кірісі 6-8%-ға дейін жетеді, дегенмен бұл көрсеткіш 2022 жылы 11,37%, 2021 жылы 11,49% тең болды. Мақсатты кірістілік ірі компаниялардың облигациялары мен қаржы нарығының құралдарының арқасында артады. Инвестициялық пай қоры портфеліне дамыған және дамушы елдердің тәуелсіз облигацияларынан кіреді.

ETF биржалық қорлары

ETF (Exchange Traded Fund тіркесінің аббревиатурасы) — бұл қор биржасында сатылатын биржалық қор. Оның құрамы Үлескерлік инвестициялық қорларға ұқсайды, бірақ инвестор үшін әлдеқайда ыңғайлы. Бұл бүкіл салаға немесе индекске ақша салуға мүмкіндік беретін ыңғайлы инвестициялық құрал. Сонымен қатар мұндай қорлардың бағасы салыстырмалы түрде арзан. Қор басқарғаны үшін комиссия алады, бірақ ол ETF құнына енгізілгендіктен, инвестордың қалтасына салмақ салмайды. Көп жағдайда комиссия мөлшері өте аз (жылына 0,4-0,9%) болғандықтан, оған назар аудармауы да мүмкін. 

Мәселен, америкалық нарықта 2000-нан астам ETF сатылымда бар. Олардың денін $100 жетер-жетпес сомаға сатып алуға болады. Бұл ETF әрбір инвесторға қолжетімді инвестиция құралы бола алады деген сөз. Ал ETF-ке инвестициялауды Tradernet Global платформасы немесе мобильді қосымша арқылы бастауға болады. Мұнда АҚШ-тан бөлек, басқа да әлемдік ірі жаһандық биржалардың мыңдаған түрлі ETF-тері бар.

Freedom Broker кеңес береді: ETF бойынша инвест идеялар:

 

 

Опциондар

Опцион – акцияларды белгілі бір мерзімге дейін келісілген бағамен сатып алуға немесе сатуға арналған келісімшарт. Бұл акцияларды сатып алуға немесе сатуға міндеттемейді. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл - опция. Опциондық келісімшарттардың көпшілігі 100 акцияға арналған.

Опционды сатып алғанда, сіз акцияның өзін емес, келісімшартты сатып аласыз. Содан кейін:

акцияларды келісілген уақыт ішінде келісілген бағамен сатып аласыз немесе сата аласыз;

опциондық келісімшартты басқа инвесторға сатасыз;

келісімшарттың аяқталуына мүмкіндік бересіз. 

Фьючерс

Фьючерстер немесе фьючерстік келісімшарт — бұл екі инвестор арасындағы келісім: фьючерсті сатушы  мен сатып алушы белгілі бір күні келісімшартта белгіленген активті сатуға және сатып алуға міндеттеледі.

Сонымен қатар сатушы мен фьючерсті сатып алушы ешқандай құжатқа қол қоймайды. Мәмілеге қатысу үшін фьючерстерді брокердің қосымшасы арқылы сатып алу немесе сату жеткілікті.

Фьючерстің негізгі активі бағалы қағаздар, индекстер, валюта, тауарлар және т.б. болуы мүмкін. 

Қандай инвестициялық стратегиялар бар және оны қалай таңдауға болады?

Әрбір инвестордың өзіне тән инвестициялық стратегиясы бар, бірақ базалық тұрғыда олар бірнеше түрге бөлінеді. Солардың маңыздыларына тоқталайық.

Ұзақмерзімді. Инвестор сенімді және тәуекелі төмен құралдарға инвестициялап, бағалы қағаздарды бірнеше жыл бойы сатпай ұстап отырады. Мұндай стратегияны ұстанатындар қор нарығындағы жағдайды талдауға уақыт құртпайды. 

Ортамерзімді. Бұл стратегия бір жылдан үш жылға дейінгі мерзімге созылуы мүмкін. Қор нарығында бұл стратегияның нақты уақыт шеңбері жоқ. Инвестор табысты мәміле жасау, қолайлы сәтті жіберіп алмау үшін жаңалықтарды зерттеуге және компанияларды талдауға көбірек уақыт бөлуі керек. 

Қысқамерзімді. Инвестор бағалы қағаздарды сатып алып, оларды бірнеше апта немесе айға дейін ұстайды. Мұндай стратегия аясында қор нарығында тиімді сауда жасау үшін сіз күнделікті нарықтағы өзгерістерді, сондай-ақ активтерге әсер ететін жаңалықтарды бақылауыңыз керек. 

Сонымен, жоғарыда инвестиция құралдары мен стратегиялар жайлы айтып өттік. Осы орайда қор нарығына инвестиция жасау үшін құралдар мен стратегияны өз мақсатыңызға орай таңдаған жөн дегіміз келеді. Қолжетімді қаржы құралдары жайлы түсінігіңізді кеңейтіп, тәжірибеңізді жетілдіру артық етпейді. Бастысы, инвестиция құралы мен стратегияңызды байланыстырып, бұл салаға байыппен қараған абзал. 

Кәмила ДҮЙСЕН