Испанияда адам миының тірі тіндерін сақтайтын алғашқы биобанк ашылды. Бұл ғылым мен медицина үшін айтарлықтай үлкен жетістік болып отыр.
Миды сақтасаң – сақтайды
2,021
оқылды

Енді испандық ғалымдар ми ісігі бар науқастардан биоматериал жинап сақтамақ және оны ғылыми ортаға түрлі зерттеу жасау үшін, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді тәжірибеден өткізу үшін ұсынады. Ал жинақталған мәліметтер халықаралық ғылыми қауым­дастыққа қолжетімді болмақ. 

Ғалымдар мұндай зерттеулердің онко­ло­гияға шалдыққан науқастарды емдеу ісінде, әсіресе ми жасушасын биобанкке өткізген пациентке жекелей ем-дом таға­йындау кезінде маңызды рөл атқаратынын айтып, сүйіншіледі. Ми ісігін зерттеу және бұл дертті емдеуге арналған дәрі-дәрмекті тестілеуден өткізу үшін әдетте ғылыми қолданыста бар эксперименталды үлгілер, әсіресе тышқандар пайдаланы­лады. Зерттеушілер айтарлықтай маңыз­ды нәтижеге қол жеткізгеннен кейін ғана науқастардың ми тіндерін іздеп, тәжірибе жасап, тек содан соң ғылыми жаңалығын дәлел­деп жатады. Зерттеуге қажетті кө­лем­­де биоматериал іздеу ұзақ уақыт алуы мүмкін. Бұл уақытта қандай да бір мә­лі­мет­­тер ескіріп, ғылыми жаңалықтар өзек­тілігін жоғалтуы мүмкін. Бұдан бөлек, ғалымдар құзыретті мекемелермен ұдайы байланыс жасап отыруы тиіс, оған қоса, заң­ды және этикалық талаптарды сақтауы шарт, қағазбастылық тағы бар. Бұл мәселе бірқатар ғылыми зерттеудің жарыққа шы­ғуын һәм қолданысқа енуін тежеп ке­леді. 

Осы орайда Испаниядағы Ұлттық он­ко­логиялық зерттеу орталығының (CNIO) мамандары керемет шешім тапты – миға метастаз берген ісігі бар науқас­тардың тірі тіндерін сақтайтын қор ашты. Аталмыш биобанк RENACER – ми метас­тазы бар аурулардың ұлттық жүйе­сінің бір бөлігі. RENACER құрамындағы 18 аурухананың бірінде ота жасататын ми ісігі бар науқас миының кішкентай бір бөл­шегін биобанкке бере алады. Ми жасушалары тірідей сақталатындықтан, оның нақты бір дәрі-дәрмекке әсерін зерттеуге мүмкіндік туады. Бір сөзбен айтқанда, науқастың жекелеген «аватары» жасалады және сол арқылы оған мейлінше оңтайлы әрі жағымды болатын ем түрін анықтау ықтималы артады. Тін үлгілерін жи­наудан басқа, RENACER 150-ден ас­там ми метастазын профильдеу үшін РНҚ мен экзосома секвенциясын қолда­нады. Ал жиналған барлық мәлімет ха­лық­аралық ғылыми қауымдастыққа қол­­­жетімді арнайы базаға орналас­тырыла­­­ды. 

Зерттеушілер Мануэль Валиенте мен Ева Ортега-Пайно қазір науқас­тардан алынған органотипті культуралар­ды пай­далануға рұқсат ететін зерттеу келісім­шарт­тарына (PDOC) қол қойып үлгер­ге­нін айтады, бұл белгілі бір дәрі-дәрмекке сезімтал немесе төзімді био­маркерлерді жасауға мүмкіндік бермек.

Органотипті культура жүйесі күрделі биологиялық тіндерді өсіруге, олардың физиологиясы мен қызметін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бірақ жасу­шаның өміршеңдігін сақтау үшін күрделі логистикалық тізбек қажет. Науқастың биометариалы алынғаннан кейін жасушаның құрылымын қаз-қалпында сақтап, оны өсіруге мүм­кіндік беретін арнайы жасақталған стерилді контей­нерге салып, 4-тен 8°C-қа дейінгі тем­пе­ратурада сақ­тайды. Мидың тірі тіні биобанкке 24 сағат ішінде жеткізілуі керек. Бұл жерде ми жасушасын өң­деп, органо­типті культуралар жасайды, содан кейін олар бөліктерге бө­лініп, болашақ ғылыми және медицина­лық зерттеулер үшін үлгі ретінде сақ­талады.

«RENACER ауруханалар желісімен тікелей байланыста жұмыс істейтіндіктен зерттеулер нәтижесін тез арада клиника­лық сынақтан өткізуге де мүмкіндік туа­ды», – дейді ғалымдар. «Шын мәнінде, о баста эксперименталды үлгілерден та­был­ған сұйық биопсияға сәйкесетін био­маркер енді проспективті көп инсти­тут­ционалды зерттеудің маңызды бөлігі бо­лып саналады, өйткені бұл сәулелі те­ра­пияға инвазивті емес болжау стра­тегия­сын бағалауға мүмкіндік береді».

Ғалымдар RENACER жүйесін жетіл­діруді жоспарлап отыр, мысалы, арнайы базаға мидың суреттерін жүктеу ісі қолға алынды, бұл сырқаттың жалпы сипаты, сондай-ақ оның емдеу ісіне реакциясы туралы жан-жақты ақпарат алуға мүм­кін­дік береді.

Зерттеушілердің айтуынша, қазіргі уақытта RENACER ми ісігіне мамандан­ғанымен, көп жағдайда ми метастазы бар науқастардың сырқаты ағзасына тарап, басқа да мүшелерін зақымдайды. Сондық­тан экстракраниалды (мидан тыс) метас­таз­дарды зерттеуге маманданған басқа да жүйелермен серіктестік орнатуға ниет бар және мұндай ынтымақтастық метастаз беретін аурулардың көптеген проблема­сын шешуге көмектесер еді. Өйткені қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың басым бөлігі сырқаттың ағзаға таралып кетуінен көз жұмып жатыр.

Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қатерлі ісік жыл сайын әрбір алтыншы адамның өліміне себеп болады, 2020 жылы бұл сыр­қаттан 10 миллионнан астам науқас көз жұмған. 

Асыл ТҰМАР