Сенатор Амангелді Нұғманов еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың атына жасаған депутаттық сауалында кеден органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы мәселені көтерді.
Сенатта кеденшілердің зейнетақы мәселесі талқыланды
Фото: А.Байжұманов
1,149
оқылды

Сенатордың айтуынша, қолданыстағы заңнамада кеден органдары қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыруға елеулі әсер ететін олқылықтар бар. Әлеуметтік кодекстің нормаларына сәйкес, құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін, арнаулы атағы мен сыныптық шені бар адамдар еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алуға құқы бар, олардың қатарына кеден органдарының қызметкерлері де кіреді.

«Кодекстің 214-бабының негізінде Қазақстан  Үкіметі 2023 жылғы 29 тамызда №733 қаулыны қабылдады, онда «кеден органдарын қоспағанда» деген ескертпесі бар ереже жазылған, бұл Әлеуметтік кодекстің қолданыстағы нормаларына қайшы келеді. Үкімет қаулысы бұл жағдайда барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлерін зейнетақымен қамсыздандыру құқығынан айырды. Қалыптасқан жағдай кеден органдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдарын есепке ала отырып, зейнетке шығуға мүмкіндік бермейді», – деді сенатор.

Депутат Нұғманов осыған байланысты Үкімет басшысы Смайыловтан азаматтардың аталған санаттарының конституциялық құқықтарын қалпына келтіру жөнінде Үкімет деңгейіндегі проблеманы шешуді қарастыруды сұрады.