Көкшетауда автобус жүргізушілері мен қызметкерлері дәретхана жоқтығына наразылық білдіріп, шу көтерді.
Дәретханасы жоқ жалғыз қала: Көкшетауда қоғамдық көлік жүргізушілері шу көтерді
1,314
оқылды

Көкшетауда автобус жүргізушілері мен қызметкерлері дәретхананың жоқтығына наразылық білдіріп, шу көтерді. Олар бірнеше жылдар бойы мәселе көтерсе де қала әкімдігінен ешбір жауаптың болмағанына наразы,   деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Қоғамдық көлік жүргізушілері автобустардың соңғы аялдамаларында дәретханалар болмауы мәселесін олар бірнеше жылдар бойы көтеріп келе жатқанын жеткізді. Тіпті, олар аталған мәселені Президентке жазу қажет деп те айтып қалды. 

Проблема шын мәнінде өте үлкен. Біз бәріміз де қарапайым адам сияқты қажеттілігімізді өтейтін жағдайдың жасалғанын қалаймыз. Соңғы аялдама бекеттерінде дәретханалардың жоқтығы мәселесін қала әкімдігі де шеше алар емес. Жүргізушілер мен кондукторлар өте қиын жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр. Біз күні бойы автобуста жүріп қатты қысылған кезде қайда болса сонда жүгіруімізге тура келеді. Біз соңғы аялдама бекеттерінде дәретханалары жоқ жалғыз қаламыз. Қала автобустарында күн сайын шамамен автопарктің 150 қызметкері қызмет көрсетеді. Бізге жайлы дәретхана қажет емес. Тым құрығанда қарапайым дәретхана болса жақсы болар еді,  дейді қоғамдық көлік қызметкерлері. 

Желіде көтерілген мәселе қоғам арасында да үлкен резонанс тудырды. Тұрғындар шаһарда тек соңғы аялдамалар емес тұтас қала бойынша дәретханалардың жоқтығын сын садағына алды. 

«Көкшетауда баратын ешқандай дәретхана жоқ. Барлық жерде камера және бірден айыппұл салынады. Қатты қысылған кезде сонда қайда бармақ?», «Тұтас қала бойынша дәретхана жоқ. Сондықтан адамдарды бұталардың арасынан ұстап алады», «Құлап қалған әріптерге 18 миллион теңге бөледі, ал дәретхана үшін ақша жоқ»,  деп жазды назаланған тұрғындар. 

Түйткілді мәселе бойынша қала әкімдігіне қарасты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі кезекті рет конкурстық рәсімдердің жүргізіліп жатқанын айтып ақталмақ болды. 

Қазіргі уақытта бөлім жер учаскелерін және мүмкін болатын иелерін анықтау бойынша рәсімдер жүргізіліп жатыр. Одан әрі бөлім қажетті дәретханаларды салу бойынша бюджеттік өтінімдер әзірлейтін болады,  деді ведомстводан. 

Дегенмен  тұрғындар қала әкімдігінің бұл жауабына қанағаттанбайтынын білдіруде. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,

Ақмола облысы