Жымысқы әрекетін білдіртпес үшін үстіне тап-тұйнақтай костюм-шалбар киіп алған жас жігіт мейрамханаға емін-еркін кіреді.
«Бақылау камерасына жазылып қалған»: Алматы облысында той үстінде күтпеген жағдай болды
15,559
оқылды

Алматы облысы Бесағаш ауылында баз біреу жас жұбайларға тиесілі техниканы дәл үйлену тойдың үстінен ұрлаған, – деп хабарлайды Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Оның әрекеті бастан-аяқ тойхананың бақылау камерасына жазылып қалған. Жымысқы әрекетін білдіртпес үшін үстіне тап-тұйнақтай костюм-шалбар киіп алған жас жігіт мейрамханаға емін-еркін кіреді. Осылайша, төрде сырты қапталып әлі ашылмаған теледидарды көтеріп алып кетеді.

Видеодан жиынның енді аяқталып жатқаны көрінеді. Мейрамхананың іші абыр-сабыр болып, бәрі бір-бірімен қоштасып жатқасын, ешкім де мән бермеген.

Қораптың сыртындағы жазуына қарағанда, болжам бойынша бұл теледидардың құны кемі 200 мың теңгеден миллионға дейін барады. Әлеуметтік желіде дәл осы азаматтың өзге тойлардан да неше түрлі заттарды ұрлап жүргені жазылған. Талғар ауданы полициясы өткен сенбіде болған ұрлыққа қатысты әлі арыз түспегенін жеткізді.

Фото: видеодан алынды