Кәсіпкерлік қызметті реттеу ісін «таза парақтан» бастау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.
«AMANAT» партиясы бизнесті тежейтін кедергілерді азайтуға мүдделі
974
оқылды

Кәсіпкерлік қызметті реттеу ісін «таза парақтан» бастау, сондай-ақ мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін автоматтандыру мәселесі «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева кейінгі екі жылда Үкімет пен Парламент кәсіпкерлік қызмет саласына жаңа реттеу саясатын енгізу мақсатында заңнамалық база әзірлеп жатқанын атап өтті.

«Біз көбіне-көп ескірген кеңестік нормаларға жапсарланған жаңа талаптарды қабылдадық. Сонымен қатар реттеуші күшті қолданудың әсерін, орындылығын бағалау тұрғысынан әдіс-тәсілді де өзгерту қажет болды. Жаңа реттеу саясатын енгізу туралы заңға 2021 жылы қол қойылды. Бұл реформаның негізгі ережелері мен қағидаларын анықтайтын тек бірінші пакет еді. Ал екінші пакет қазір Парламентте. Заң жобасында бизнес-процестерді оңтайландырудан және кедергілерді жоюдан басқа, мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа форматтарын енгізу көзделген. Барлық саладағы артық реттеуші талаптарды алып тастау – бұл «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндет», – деді Екатерина Смышляева.

Депутат «Атамекен» ҰКП сарапшыларымен бірлесіп жаңа реттеу саясатын енгізу үшін заңнамаға түзетулердің үшінші пакеті әзірленгенін айтты. Бұл қадам кәсіби өзін-өзі реттейтін ұйымдарды дамыту мәселесіне қатысты болып отыр.

"Реттеу саясатын енгізу туралы" заң тұтынушылардың, экологияның, азаматтардың және тұтастай мемлекеттің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды күшейтуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.

«1 in 2» қағидаты қолданылады. Бұл – жаңа талап енгізілген кезде қолданыстағы екі талаптың күшін жоюды көздейді. Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімі құрылды. Бұл жұмыс биыл 1 қаңтардан бастап  Smart Data Ukimet платформасында автоматтандырылған режимде жүргізіледі. Үкіметке кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған түзетулер пулы енгізіліп, кейін ол бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі заңға енді», – деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, жаңа реттеу саясатында 5 негізгі құрал бар. Бұл бизнеске қойылатын рұқсат беруші және міндетті талаптар, мемлекеттік бақылау, ақпараттық құралдар, өзін-өзі реттейтін ұйымдар. Барлық талаптар оңтайландырылып, лицензиялау процесі жеңілдетілді. Сондай-ақ ақпараттық құралдар саны 2 есе қысқарды.

«Былтыр жыл басында Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін толық автоматтандыруды аяқтауды тапсырды. Бұл бастама тексерулер жүргізу кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінде қолда бар 96 бақылау саласының 71-і автоматтандыруды қажет етеді. Оның 35-і былтыр автоматтандырылды. Қалған 36 саланы биыл  Smart Data Ukimet  платформасы негізінде автоматтандыру жоспарлануда», – деді Тимур Жақсылықов.

«Кәсіби бағдарламашылар лигасы» ҚБ басшысы Евгений Максимов жасанды интеллектіні пайдалану және бизнесті бақылау процесінде ашықтықты қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық танытты.

«Бір министрліктің барлық дерлік кәсіпкерге жоғары тәуекел дәрежесін белгілеген тәуекелдерді басқару жүйесі кәсіпкерлік ортада айтарлықтай толқу тудырды. Дәл сол жерде жасанды интеллект пайдаланылған еді. Менің ойымша, шешім қабылдау алгоритмін қайталама тексеріп, оны барынша ашық ету керек. Алайда  бүгінде тәуекелдерді басқару жүйесінде жабық критерий бар. Соның кесірінен көлеңкелі аймақ пайда болады. Тиісінше, тексеруші органдар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа және өзге де тәуекелдерге жол ашылады», – деді Евгений Максимов.

Өз кезегінде, «Атамекен» ҰКП өзін-өзі реттеуді дамыту комитетінің төрағасы Екатерина Никитинская, егер реттеу саясатының ағымдағы моделінде мемлекет кәсіптік және кәсіпкерлік қызмет субъектілерін бақылауды жүзеге асыратын болса, онда жаңа модельде мемлекет  бір ғана өзін-өзі реттейтін ұйымды бақылайтынын мәлімдеді.

«Бүгінде өзін-өзі реттейтін ұйым атануға ниетті қауымдастықтар уәкілетті органмен стандарттар жүйесін құрып, бекітуі тиіс. Алайда елімізде бұл жұмыс іс жүзінде жүргізілмейді. Яғни, мемлекеттік органдар өзін-өзі реттейтін ұйымдар өздігінен пайда болады деп күтіп отыруына болмайды. Уәкілетті орган өзін-өзі реттейтін ұйымға айналуы мүмкін әлеуетті қауымдастықтармен жұмыс істемейді. Біз тек реттеуші әсерге және нарықтың дайындығына талдау жасап жатырмыз. Ал анығында ортамерзімді кезеңде, тіпті қолдан келсе ұзақмерзімді кезеңде дәйекті жұмыс пен іс-қимыл бағдарламасын құру қажет. Уәкілетті орган өзін-өзі реттейтін ұйымдарды дамыту үшін алдағы 3 жылда не істейтінін жоспарлап алуы тиіс», – деді ол.

Отырыс соңында комитет мүшелері мемлекеттік органдарға арналған бірқатар ұсыным қабылдады. Яғни, деректерді реттеу мәселелері бойынша тиісті заң жобасымен және Цифрлық кодекспен жұмыс істеу кезінде жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану тәуекелін ескеру, кәсіби өзін-өзі реттейтін ұйымдарды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын тиісті сараптамаға жіберу қажет. Сонымен қатар партиялықтар бақылау және қадағалау жүйелері бөлігіндегі цифрландыру сапасы мәселесі, сондай-ақ тәжірибелік құқықтық режимдерді енгізу мәселесі бойынша жеке отырыс өткізуді көздеп отыр.